Спорт және туризм

«Тараз-арена». Тас-түйін боксшылар

«Тараз-арена». Тас-түйін боксшылар

Жамбылдық төрт боксшы финалға жолдама алды

3Бокстан ересектер арасында өтіп жатқан ел біріншілігінің жартылай финалдық кездесулері тартысқа толы болды. Алты салмақта тоғыз былғары қолғап шеберіміз жартылай финал жолдамасын жеңіп алып, ақтық сынға шығуға тырысты. Оның төртеуі өз мақсатына жетсе, қалған бес боксшымыз қола медальді қоржынға салды. Сонымен...

Финалдық жолдамаға алдымен 49 келідегі боксшылар таласты. Алғашқы жұпта Ақмола облысының намысын қорғаған, «Астана арландарының» сапында кездесулер өткізіп, әбден ысылған Мардан Берікбаев пен шымқалалық Ержан Жомарт өзара кім мықтыны анықтады. Жанкүйерлер Марданның мысы басып кетеді деп отырғанда шымкенттік оғлан өзінің қатардағы спортшы емес екенін дәлелдеп, Берікбаевтан басымдығын байқатты. Үш раунд бойы қарсыласын бұрыштан бұрышқа қуып, қажет соққыларын дарыта білген Ержан өзінің мықтылығын байқатты. Бұдан кейін тараздық жанкүйерлер өз жерлесіне жеңіс тіледі.Өйткені рингке ең жас боксшы Шерхан Сүгірбек пен Ақмола облысының үміті, «Астана арландары» тағы бір өкілі Теміртас Жүсіпов беттеді. Жерлесіміз Шерхан бар болғаны он тоғыз жаста екенін айта кетейік. Жас талант қарсыласынан кем түскен жоқ. Тым болмағанда тең түсті деп айтуға негіз бар. Алайда төрешілер Теміртасты жеңімпаз деп тапты. Екі төреші Жүсіповті, бір төреші Шерханды жеңіске лайық санағанын көз көрді... Осылайша Шерхан алғашқы қоланы қоржынға салды.

2 1Мұнан соң рингке шыққан 52 келідегі шығысқазақстандық Мирас Жақыпов пен Маңғыстау облысының намысын қорғаған Азамат Исақұлов арасындағы жекпе-жек те қызықты өрбіді. Бұл сында Азамат қарсыласынан басым түсті. Сөйтіп финалдың жолдамасын қалтасына басты. Бұл кездесуден кейін рингке шыққан жерлесіміз, әскерилер арасындағы әлем чемпионы Олжас Сәттібаев астаналық қарсыласы Азат Махметовті техникалық нокаутпен жеңді. Олжастың екінші раунд басындағы қапталдай жасаған соққысы Махметовтің қабағын жарып жіберді. Төрешілер кездесуді шамалы жалғастырғанымен, әрі қарай Азат Махметовке тура тиген бірнеше соққы оның қабағынан аққан қанды әрмен қарай саулатты. Техникалық нокаут! Жерлесіміз финалда. Бір байқағанымыз, 56 келіде нағыз бәсекелестік пайда болыпты. Президент кубогында тегеурінді Куба қабыланы Арсинойдис Деспейнді айқын жеңген алматылық Жанболат Тілегенұлы Ақмола облысының үміті Нұрсұлтан Көшеғұловтың алдында дәрменсіздік танытты. Көшеғұлов қарсыласының мықты екеніне қарамастан өзінің шеберлігін толық іске қосып, Тілегенұлын тығырыққа тіреді. Жанболатты мамандар Алматыдағы турнирде мақтаған болатын. Алайда Көшеғұлов одан мықты болып шықты. Бұндай бәсекелестік боксшыларды ширықтырары даусыз. Осы салмақтың екінші жұбында жамбылдық қос былғары қолғап шебері Жанболат Қыдырбаев пен Алмас Жақыпов өзара кімнің мысы басым деген сауалға жауап іздеді. Жақыповтың десі басым болып, ақтық сында жұдырықтасуға мүмкіндік алды. Қыдырбаев қола жүлдегер. 60 келідегі боксшылар сынында астаналық Дархан Жұмсақбаев қарағандылық Ержан Мұзафировке жол берсе, жерлесіміз Жәнібек Күшенбаев қоланы қанағат тұтты. Ол шымкенттік Закир Сафиуллиннің екпініне төтеп бере алмады. Алпыс төрт келінің көшбасшысы ретінде халықаралық турнирлерде ел намысын қорғап жүрген шымкенттік Алмасбек Әлібеков қарағандылық Мақсат Жексенбіден айласын асырды. Екінші жұпта жерлесіміз Ғани Жайлауов пен «Астана арландары» клубының капитаны Самат Бәшенов рингке көтерілді. Мерей Ақшалов бокстан кеткен соң дәл осы салмақтың анық көшбасшысы анықтала қоймаған-ды. Алмасбек Әлібеков екі турнирге қатысқанымен, беймәлім боксшыларға жеңіліп қайтқан. Демек, бұл салмақта Ғани өзін танытуы керек еді. Бірақ, бәрі біз ойлағандай болмады. Ғани барын салды. Алғашқы екі раундта оның бағыттаған тікелей соққылары нысанаға дәл тиіп жатты. Үшінші раундта тіпті Бәшенов рингтегі төрешіден ескерту де алды. Ұпайынан айырылды. Бірақ, екі төреші Саматты жеңімпаз деп тапты. Амал нешік... Ғаниға да бұйырғаны – қола медаль... Келесі санат саналатын 69 келіде екі бірдей боксшымыз жартылай финалда өнер көрсетті. Екеуі де қарсыластарынан бір бас жоғары шығып, финалдық жолдамаға иелік етті. Сағадат Рахманқұлов Маңғыстау облысының намысын қорғаған Мадияр Әшкеевті қуып жүріп жұдырықтың астына алды. Апперкоттары да әдемі өтті. Тікелей соққылары да дарыды. Әшкеев жерлесімізге қарсы еш қайран қыла алған жоқ. Екінші жұптағы жерлесіміз Асланбек Шымбергенов қызуқандылыққа салынбай, сауатты жұдырықтасты. Соққылары дөп тиді. Күшін қажетінше жұмсағаны сүйсіндірді. Қолының, бойының ұзындығын әдемі пайдалана білді. Шымкенттік Бекзат Халметовке еш мүмкіндік қалдырмады. Бұл салмақта қос боксшымыз финалға шыққандықтан, екеуінің бірі алтын, бірі күміс медаль еншілейтіні талас тудырмайтыны анық. Ендеше, алғашқы алтын құтты болсын! Мұнан кейінгі үш салмақта боксшыларымыз жартылай финалға шыққан жоқ. 75 келіде астаналық Мейірім Нұрсұлтанов алматылық Сапарбай Айдаровты жеңсе, қызылордалық Рустам Сваев шымкенттік Нұрзат Собировтан ұтылды. 81 келіде жұдырықтасқан ақмолалық Нұрдәулет Жарманов оңтүстікқазақстандық Нұрбол Алтаевтан басым түсті. Бұл салмақтың екінші жұбында алматылық қос боксшы Арман Рысбек пен Әли Ахметов кездесіп, алғашқысы финалға шықты. Бірінші ауыр салмақ саналатын 91 келідегі былғары қолғап шеберлері арасынан алдымен оңтүстікқазақстандық қос боксшы Асқар Абдуллаев пен Мұхамеджан Еркін финалдық жолдаманы сарапқа салды. Абдуллаевтың соққылары нысанаға дөп тиіп, бағы жанды. Екінші жұпта ақмолалық Алмат Серімов алматылық Арбек Абдуғаниевпен жұдырықтасты. Алмат өзінің мықтылығын дәлелдеді. Аса ауыр салмақта рингке көтерілген жерлесіміз Евгений Егембердиев өкінішімізге қарай шымқалалық Нұржан Бекзатовты жеңе алмады. Нұржан шын мәнінде Женядан мықты екен. Жамбылдық боксшыға қарағанда ширақ қимылдаған ол ақтық сынға шықса, Егембердиев қола медальді иеленді. Бұл салмақтың екінші жұбында алматылық Руслан Мырсатаев пен Қамшыбек Қоңқабаевтың жолы түйісті. «Астана арландарының» сапында жүргенде «Украина атамандарының» үміті Ростислав Архипенконы жеңіп, Бағдат Әлімбековтің қосымша кездесу өткізуіне жол ашқан Руслан болатын. Русланның арқасында арландар екі жыл бұрын бүкіләлемдік бокс сериясында топ жарғаны да мәлім. Сол Руслан өзінің тегеурінділігінің арқасында финалға берілетін жолдаманы Қамшыбектен тартып алды. Сыр өңірінен келген Қоңқабаев алғашқы екі раундта қарсыласынан басым болғанымен, үшінші кезеңде демігіп қалды. Русланның соққыларынан қашып, әбден діңкелеген ол бокстасуды қойып, жерге отыра кетуді шығарды. Нәтижесінде екі мәрте ұпайынан айырылды. Ал, Руслан болса оны қуып жүріп, еркін жеңді. Ақтық сын бүгін сағат он екіде басталады. Олжас Сәттібаев, Алмас Жақыпов, Сағадат Рахманқұлов пен Асланбек Шымбергенов сынды жерлестерімізге қолдау көрсетейік! «Тараз-Аренадан» табылайық, ағайын!

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».