Әлеумет

Әке рухымен сырласу

Әке рухымен сырласу

Адам баласы үшін өмірдегі ең қымбат жандар ата-ана ғой. Жалпы, жақындардың қадір-қасиетін тіршілігінде бағалай бермейміз. Әкем туралы ойларымды біршама уақыт бұрын жеке кітапшама түртіп жүрген едім, көкейімде жүрген үзік-үзік сыр, жүйеленбеген естеліктер сол кітапшамда жан жүрегіммен жазылған болатын.

Бала күнімізде Ақкөлде тұрдық. Ол кезде Ақкөл –Талас ауданының орталығы. Үйіміз ауылдың шет жағында болатын. Біздің үйге ауданның беткеұстар ардақтылары үнемі жиналып тұратын. Қазір ойлап отырсам, жас ақынның үйінде Тұрғын Қойшығараұлы, Есбөкен Көлбаев, Оразбек Баймұратов, Орынбасар Қосалиев, Әбдір Бапанов, Бегалы Ахатаев, Жолды Көшербаев, Алтынбек Оразбеков, Күләш Ақбердиева сынды өз заманының асылдары бас қосып тұрған. Әкем сол кездің өзінде талайға сыйлы болған екен. Ән-жырға толы отырыс, сырласып, сұхбаттасқан жиын түннің бір уағына дейін созылады. Жұбайларымен қосылып ән айтқандары әлі көз алдымда. «Үлкендерді мазалай бермеңдер» деп бізді түпкі бөлмеге жібереді. Біз, бауырлар, сол бөлмені паналап, кітабымызды оқып отыратынбыз. Тек арасында шақырып алып, анекдот айтқызып, өлең оқытатын. Мұндай отырыстар тек біздің үйде ғана емес, жоғарыда аталған кісілердің барлығының үйлерінде жалғасын табады. Әдетте, әкеміз отырысты өзі басқарып, әдемі әзілмен жұртты қыран-топан күлкіге батыратын. Өткір сөз, ұшқыр ой ағыла жөнеледі. Алтынбек ағаның әндері, Тұрғын Қойшығараұлының адуынды кейпі, Есбөкен, Жолды көкелердің сыпайы күлкілері, Т.Түлеков пен Б.Ахатаевтың салмақты бейнелері көз алдымда. «Адамға өткен өмір бәрі – сабақ». Кісіліктің мектебі деген осы емес пе?! Қазір ойлап отырсам, сол кездің кескін-келбеті менің ойыма өте бір жақсы әсермен ұялаған. Бұл да бір тәрбиенің көрінісі екен. Біздің үйде кітап көп. Кітап жинау әкеміздің сүйікті істерінің бірі болатын. Өмір бойы кітап жинап өтті, жарықтық! Бізді бала күнімізден кітап оқуға баулып өсірді. Жасымызға қарай шығарма таңдап, деңгейімізге қарай бақылап отыратын. Бүгін Бердібекті оқы, ертең Бексұлтан. Келесіде Мұхтар, содан соң Қабдеш деген секілді... Шығарманы оқып біткен соң, бала біздермен үлкендерше сұхбаттасушы еді. Шығармадан не түсінгенімізді сұрап, ақылын айтып отыратын. Біздің бала күніміздегі ерекше ойынның бірі – кітап жасыру ойыны болатын. Әкеміз бөлек бөлмеде отырып, кітап жасырады. Өзі жинап, орналастырған кітаптарының қайсысы қай жерде тұрғанын жақсы біледі. Біз жалма-жан іздей бастаймыз. «Тапқышқа» лайықты сыйлығы және дайын тұрады. Орыс ойшылдарының шығармалары мен әлемдік классикалық шығармаларды да оқуға кеңесін беріп, артынан шығарма туралы түсінігімізді тексереді. Қазір мен де балаларыма кітап жасырып, бұл тұрғыда әке жолын қуып келемін. Бұл да тәрбие көрінісі. Әкеміз әнді, ән айтуды жақсы көруші еді. Оңашада домбырасын қолына алып, қоңыр даусымен әндетіп отыратын. Әнді терең түсініп, оның ішіне еніп, ерекше ыждаһаттылықпен сүйсініп орындаушы еді. Халық әндері мен халық композиторларының әндерін, Абай әндері мен кейінгі атақты композиторлардың әндерін өзінше, нақышына келтіріп айтып отыратын. «Мен Шәкен Айманов сияқты орындаймын» деуші еді. Жұрт «Нәкең қазақтың 1000-ға жуық әнін біледі» деп жүр. Сірә, сол рас болуы керек. Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев сынды ұлыларды өте құрметтейтін. Әкеміз қарапайым болатын. Кеуде қағып, артық мақтанып, өзгеден озамын деп тыраштану ол кісіге жат еді. Көмек сұрап, жағдай айтып келгенге қол ұшын үнемі созатын. Турашыл болды. Көпшіл еді, көшелі еді. Жүрегі ел деп соғып, халқын бәрінен биік қойды. Ұлық пен халыққа, үлкен мен кішіге, жас пен кәріге бірдей көзқараспен өтті. Елін ерекше сүйді. «Елдегі Ерке ақын» – деп жұрты төбесіне көтеріп өтті. Біз үшін бұл мәртебелі мақтаныш, зор сенім болатын. Жасы елуді еңсерген соң туған өлеңдерін, маған оқып беріп, пікірімді сұраушы еді. «Ұйқы азайып келеді», «Күндерім», «Рахмет, туған ел», «Жақсылық» сияқты жырларын қайталап оқығанда, әкемнің ойлы бейнесі күні кешегідей көз алдымда елестеп тұрады кейде. Ардақты әкеміз спорттан да құралақан болмаған. Волейбол, үстел теннисі спортын біркісідей ойнайтын. Бала кезімізден доп әперіп, ойынға баулыды. Сол тәрбие нәтижесінде ұлдары, біздер, спортқа жақын болдық. Бұл да тәрбие көрінісі дейміз. Әкеміз жақсылықты жырлап өткен лирик ақын. Тұла бойы, жалпы жаратылысы жақсылық жасау үшін жаралғандай. «Өмірде айнымайтын бір заң бар. Ол – жақсылық жасау», «Жақсылықтан басқаның бәрі жалған», «Өмір сүру дегеніміз – адамды сүю» деп жақсылықты насихаттады. Бізді тек жақсылық жасауға тәрбиелеп, біреудің ала жібін аттамауға үйретті. Асқар тау әкеміздің дүниеден озғанына биыл он жыл толды. Сағынасың, іздейсің, кейде түсіңе енеді. Алайда, жазмыштың жазғанына көнесің. Пенденің қолынан не келеді? Бастысы, елі ескеріп, жұрты жырларын жаттап, айтып жүреді. Ақынның өзі кетсе де, жырлары халқының жадында мәңгі қала бермек. Ағам Нарбол әке жолын қуып журналист болса, Ербол музей меңгерушісі. Бүгінде үш ұлдан он немере тарап, бір қауым ел болып отырған жайымыз бар. Шүкірлік дейміз!  

Ернар НАРШАҰЛЫ.

Қаратау қаласы