- Advertisement -

Ардагерлердің ұсыныс-тілегі ескеріледі

189

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл филиалы «Ардагерлер үйінде» өңір ардагерлерімен кездесті. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, ауыл шаруашылығы саласына үлес қосып отырған ардагерлер туралы айта келіп, сөз кезегін Қанатбек Мәдібекке берді. Қанатбек Қайшыбекұлы бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы айтты.

– Облысымыздың ауыл шаруашылығы саласын дамытуда сіздердің кеңестеріңізге мұқтажбыз. Егіс алқабынан, бау-бақшадан мол өнім алуда, азық-түлік бағасын тұрақтандыруда сіздердің тәжірибелеріңіз керек. Қазір облыста егін себу науқаны басталып кетті. Биыл 780 мың гектар алқапқа егін егіледі. Бүгінгі таңда аймақта суармалы егіс алқабы 181 гектар алқапты құрайды. Оның 70 пайызына ағын су жеткізу қарастырылуда. Қазір су қоймаларында жиналған су қоры 60 пайызды құрайды. Алдағы ай жауын-шашынды болады деп күтілуде. Соның есебінен су қорын жинақтап алу жоспарлануда. Биыл шаруашылықтарды қолдау мақсатында 15 мың тонна дизель отыны таратылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мың тонна дизель отынына артық.

Сонымен қатар, биыл қант қызылшасын 10400 гектар алқапқа жеткізу көзделген. Осы және басқа егіс алқаптарына ағын суды жеткізіп беру үшін облыста каналдарды қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті, – деді облыс әкімінің орынбасары. Сондай-ақ, ол мал және бау-бақша салаларына да тоқталып өтті. Сөзінің соңында облыс әкімінің орынбасары ардагерлерге кездесуді сұрақ-жауап түрінде өткізу туралы ұсыныс берді.

Ардагерлер тарапынан ортаға сан салалы ұсыныстар айтылып, кездесу қызу пікір алмасуға ұласты. Ардагерлер кеңесінің мүшесі Нілзия Рахышева қариялардың үйде қарап отырмай бау-бақша салып, мал өсіріп, қымыз, сүт өндіріп, ауыл шаруашылығына қосып отырған үлесіне тоқталды. Бір өкініштісі, өндірілген өнімді өткізетін орынның жоқтығын сөз етті. «Өнім бар, оны өткізетін жер жоқ. Менің диқандарға жаным ашиды.

Мәселен, қант қызылшасын өсірушілер қазір көп. Бұрын көбі жерге сеуіп, күзде түк өндірмесе де субсидия алып келді. Енді біз диқанның істеген жұмысының нәтижесін көруіміз керек. Тағы бір мысал, жылда тал-дарақ отырғызылады. Бірақ, күзде біз оның нәтижесін көре алмаймыз. Өйткені, бүгінге дейін отырғызылған тал-дарақтарды есептейтін болсақ, айналамыз жасыл желекке оранып кетер еді. Сондықтан, біз нәтижесін көретіндей жұмыс істеуіміз керек», деді ол.

Одан кейін Берік Қалиев есімді ардагер қазіргі таңда өнімнің химикаттармен өсіріліп жатқанын, оның адам ағзасына тигізетін зиянын сөз етті. «Біздің міндет – өнімді көп өндіру емес, ұрпақ мәселесіне жауап беру» деген ұсыныс тастаған ол органикалық тыңайтқыш (биогумус) өндіру мен оны егін шаруашылығында пайдалану, өнім өндіру турасында өз тәжірибесімен бөлісті. «Органикалық тыңайтқышты ауыл шаруашылығы агроқұрылымдарына енгізуге билік тарапынан қолдау көрсетілсе», деді ол сөз соңында.

Ал, ардагер Аманжол Аманбаев тұқым мәселесін көтерсе, Шәріп Дәулетбаев «Бүгінгі таңда жастарды жұмыспен қамтуға басымдық беру керек. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ауылда 25 сотық жерден өнім алып, табыс тауып отырған отбасылар бар. Осы «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» жобасын неге Тараз қаласында да жүзеге асырмасқа?» деген ұсыныс айтты.

Кездесу соңында Қанатбек Мәдібек ардагерлер тарапынан түскен ұсыныстар мен сұрақтарға жан- жақты жауап беріп, жиынды қорытындылады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support