- Advertisement -

Мемлекеттік тілдің мерейі

62

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Қоғамдық келісім» үйінде «Тіл – татулық тірегі» атты республикалық дөңгелек үстел отырысы өтті. Әуелі жиынға келушілер «Тіл бірлігі» көрмесін тамашалап, «QazOnline» мобильдік қосымшасының таныстырылымына қатысты. Сонымен қатар, келушілерге «Сөйле» клубы жобасы, «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы» бейнедәріс топтамасы, «Рухани қазына» онлайн жобалары, «Тіл мектебі» жобалары, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының «Бірлік тілі» және «Ғажайып киіз үй» жобалары таныстырылды.

Дөңгелек үстел отырысын еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешов ашып, жүргізіп отырды. Ербол Ерденбекұлы өз сөзінде «Бұл шараның Жамбыл облысында өтуінің себебі, өздеріңіз білесіздер Тараз қаласы екі мың жылдық тарихы бар көне қала және этнос өкілдері көп шоғырланған өңір, сонымен қатар, бұл өңірде этнос өкілдерімен жұмыс жүйелі жүргізіліп отырғандығын да білеміз», дей келе, іс-шараны өткізуге қолдау білдіргені үшін Жамбыл облысының әкімдігіне алғыс білдірді. Аталған дөңгелек үстелге арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев бүгінгі республикалық «Тіл – татулық тірегі» атты дөңгелек үстелдің Тараз төрінде өткізілуінің өзіндік мәні бар екенін, Жамбыл жері ұлттық тілге деген құрметтің дархан дәстүрі мен тілдік ортасын сақтаған өңір екенін айтты. «Әулиеата жері – қазақтың қара сөзін алысқа жеткізген Алаш ұлы Тұрар Рысқұлов пен ана тілінің тағдыры үшін табандылықпен тартысқан ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының, көмейіне бозторғай ұя салған дүлдүл ақын Кенен мен қазақтың ой-санасының алтын дәптеріне әр сөзін шегелеп жазған Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, халқының үкілі үмітін жалынды жырларына қосқан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова сияқты дара туған тұлғалардың туған топырағы, ардақтаған Атамекені. Ана тілін қастерлеп, тілеуін тілеген осындай қасиетті мекенде тіл тұраламай – қайта түрленеді, тіл бұзылмай – қайта жаңғырады, тіл тұсалмай – қайта тұғырлана берері сөзсіз. Облыста мемлекеттік тіл саясатын дамыту шараларының барлығы тілдік қақтығысты болдырмай, оны қоғамның барлық саласында қолданылуын кеңейтуге бағытталуда. Бүгінгі күні өңірде мемлекеттік тілдің мәртебесі жылдан жылға артуда. Жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгергенін айту керекпіз», – деді Еркін Құлымбайұлы. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары бүгінде өңірде балабақша тәрбиеленушілерінің 85 пайызы мемлекеттік тілде тәрбиеленуде екенін, мектептердің 70,5 пайызы қазақ тілінде білім беретінін, оқушылардың 77 пайызы мемлекеттік тілде білім алатынын жеткізді.

Мәселен, қоғамдық орында, көлікте, көшеде тілдік кемсітушілікке жол берілген жағдайда азаматтар полиция қызметіне жүгінеді. Бұл ретте Ішкі істер министрлігі Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Ринат Әбішев тілдік кемсітушілік заң аясында тиісті органдармен бірге қаралатынын айтты. Сонымен қатар, Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Дәулет Шайтұрсын, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Гүлжан Казимова тіл мәселесі туралы ойларын ортаға салды. Өз сөзінде облыстық «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің аға байланыс шебері, азаматтық қорғау аға сержанты Карина Карташова, Тараз қаласы №34 орта мектебінің директоры Динара Нұралиева, облыстық полиция департаментінің аға инспекторы Диляфруз Кинжеханова, «БанкЦентрКредит» АҚ менеджері, ҚР спорт шебері Виктория Хан және Т.Рысқұлов ауданы, Луговой ауылдық емханасының дәрігері Ольга Лушникова сынды өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйрену ешқандай қиындық тудырмағанын, керісінше қазақ тіліне деген құрметінің артқанын атап өтті.

Дөңгелек үстел отырысының соңында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тлешов бірқатар азаматтарды аталған министрліктің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапаттаса, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаттарын облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға табыс етті.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Тлешов және облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев бастаған азаматтар Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында болып, «Ситуациялық қазақ тілі» сабағына қатысты. Мұнда облыстық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі Салтанат Кусеева өзге ұлт өкілдеріне қазан-ошақ, ыдыс-аяқ түрлерін атау арқылы түсіндірді.

Мұнан соң қонақтар «Ана тілі» шешендік өнер мектебінің жұмысымен танысты. Аталған өнер мектебінің жетекшісі Сейсекүл Исматова шешендік бойынша тәрбие алып жүрген шәкірттері жөнінде айтып өтсе, бірқатар оқушылар ертегіден үзінді оқып, тәмсілдер айтып берді.

Бұдан соң қонақтардың қатысуымен «Ана әлдиі» іс-шарасы өтті. Жиналғандар алдында поляк ұлтының өкілі Аракси Плетнева мен ақын Үміт Битенова өз ұлттарының тілінде бесік жырының мәні мен маңызына тоқталды. Мұнан соң әр ұлт өкілдері өздерінің тілінде, дәстүрлеріне сай бесікке салу рәсімдерін жасады. Әуелі қазақ ұлтының өкілдері көрініс көрсетті. Бұл ретте М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті Файза Күненова барлық жоралғысын жасап, Айсана Батыр есімді нәрестені бесікке салса, бесік жырын Айсананың анасы Ақерке Екіш сәбиін тербетіп тұрып айтқаны шынайы шықты. Сондай-ақ, дүнген, өзбек, поляк, тәжік, неміс, түрік, орыс ұлтынан шыққан аналар да өздерінің дәстүрлерімен бесікке салу жоралғысын жасады. «Бұл іс-шара өте сәтті өтті. Шынайы болды. Біздерге «Анаға тағзым» орталығының жұмысы ұнады», дейді Тіл комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Ходжабергенова. Ал, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова аталған іс-шара мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, өзге ұлттарға тілдің және дәстүрдің құндылығын ұғындыру мақсатында өткенін айтты.

Сондай-ақ, қонақтар «Қызмет көрсетудегі мемлекеттік тілдің рөлі» форсайт-сессиясына қатысты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support