Денсаулық

Жаңа сайланған депутаттар бас қосты

Жаңа сайланған депутаттар бас қосты

Тараз қалалық мәслихатыныңVIII шақырылым депутаттарының бірінші сессиясы өтті. Сессияға қала әкімі Бақытжан Орынбеков, мемлекеттік және атқарушы органдардың басшылары қатысты.

Сессияны қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Арын Асқарбеков ашты. – 19 наурызда өткен сайлауға Тараз қалалық мәслихатының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 82 кандидат түсіп, олардың 27-сі депутат болып сайланды. Жаңа сайланған депутаттардың 20-сы ер азамат, 7-еуі әйел. 4 депутат 35 жасқа дейінгі болса, 23 депутат 35-63 жас аралығында. Депутаттық корпустың орташа жасы 44 жасты құрады. Олардың арасында 6 инженер, 5 экономист, 7 оқытушы, 2 заңгер, 3 медицина саласының қызметкері және 4 басқа мамандық иелері бар. Сайлау науқаны өз деңгейінде өтіп, қала бойынша 167 сайлау комиссиясында 1379 адам жұмыс атқарды. Сайлаудың ашықтығы мен заңдылығын 8 шетелдік байқаушы, 1526 депутаттыққа кандидаттың сенімді өкілдері мен саяси партиялардың, өзге де қоғамдық ұйымдардың байқаушылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қадағалады. Сайлаудан кейін қалалық сайлау комиссиясына 6 арыз-шағым түсті, олар заң талаптарына сәйкес қаралды. Бұл саяси науқанда қала жұртшылығы үлкен белсенділік көрсетіп, өздерінің саяси біліктілігі мен азаматтық позицияларын білдірді. Қалалық мәслихат депутаттарына бөлінген 27 мандат толығымен қамтылды. Сайлауды ұйымшылдықпен өткізуге атсалысқан мемлекеттік, қоғамдық ұйымдарға, құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарына және сайлау процесіне сайлаудың аштықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатымен байқаушы ретінде қатысқан қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен кандидаттардың сенімді өкілдеріне, азаматтық позицияларын білдірген сайлаушыларға, қала әкімі аппаратына сайлау комиссиялары атынан алғысымызды айтамыз, – деді қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Асқарбеков. Сегізінші шақырылған қалалық мәслихаттың төрағасы болып бірауыздан Кенжебек Олжабай сайланды. Сессия соңында қала әкімі Бақытжан Орынбеков тұрғындардың таңдауымен сайланған депутаттарды құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы