- Advertisement -

Ел сеніміне селкеу түспесін

157

- Advertisement -

Бейсенбіде облыстық мәслихаттың VIII шақырылым депутаттарының қатысуымен бірінші ұйымдастыру сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясының мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алғашқы сессияны облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ашып, 19 наурызда өткен сайлаудың қорытындысы және жаңа депутаттық корпустың сапалық құрамы туралы баяндады.

– Облыстық мәслихат депутаттары аралас жүйе бойынша сайланып, сайлауға партиялық тізімдер бойынша 6 саяси партия қатысты. Нәтижесінде саяси партиялар басшы органдарының ұсыныстары қаралып, облыстық мәслихат депутаты болып барлығы 18 адам тіркелді. Бір мандаттық сайлау округтері бойынша сайлауға 64 кандидат түсіп, 18-і депутат болды. Сайланған 36 депутаттың 27-сі ер азамат, 9-ы әйел болса, депутаттық корпустың орташа жасы 50-ді құрады. Облыста маңызды саяси науқан кезінде 4825 мүшесі бар 705 сайлау комиссиясы жұмыс атқарды. Сайлау процесін байқауға 18 шетелдік байқаушы, 5162 депутаттыққа кандидаттардың сенімді өкілдері, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық ұйымдардың байқаушылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Сайлауды өткізу барысында облыстық сайлау комиссиясына 36 арыз-шағым түсті, 8 арыз иесі сотқа жүгінсе, қалғандары заң талабына сәйкес қаралып, иелеріне жауабы берілді. Саяси науқанда жамбылдықтар үлкен белсенділік танытты. Облыста тізімге енгізілген 717 116 сайлаушының 467 631-і дауыс беріп, олардың сайлауға қатысуы 62,21 пайызды құрады. Бұл республика бойынша аймақтар арасында үшінші көрсеткіш болды. Жалпы, облыста барлық деңгейдегі мәслихатқа 210 депутат сайланды, – деді Серғали Өмірзақұлы.

Сессия барысында депутаттар алдымен облыстық мәслихаттың төрағасын сайлады. Ашық дауыс беру қорытындысымен облыстық мәслихаттың төрағасы болып сайланған Абдалы Нұралиев әріптестерінің жоғары сенімі үшін алғысын білдіріп, мәслихаттың жаңа құрамының жұмысы халықтың әлеуметтік әл-ауқатының индексін арттыруға және сайлаушылар алдында барынша ашықтыққа бағдарлануы тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ, сессияда облыстық мәслихаттың 4 тұрақты комиссиясы құрылып, құрамы бекітілді. Экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы болып Фарида Жүнісова сайланды. Әлеуметтік салалар, жастар ісі, құқықтық тәртіп және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелерімен комиссия төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, агроөнеркәсіпті дамыту, экология мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерімен Бегалы Ералиев айналысатын болды. Ал «Ақ жол» партиясының облыстық жетекшісі Мұханбетәлі Шалқарбеков кәсіпкерлікті қолдау, өнеркәсіп, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болды.

Сессияда сөз сөйлеген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов депутаттар корпусын жаңа сайлануымен құттықтап, мәслихаттардың елдің әлеуметтік-саяси өміріндегі, әділетті қоғам құрудағы рөліне тоқталды.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл сайлау мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Парламент сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет. Сіздерді халық сайлады. Жұрт өздеріңізге сенім артып отыр. Ел сенімі – ел аманаты», деп атап өтті. Сондықтан, сіздер облыс экономикасын дамытуға, жамбылдықтардың әл-ауқатын жақсартуға қатысты мәселелерді жергілікті билік органдарымен бірлесе шешуге барынша күш салады деп ойлаймын және халық игілігі үшін атқаратын жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі алдағы үш жылда атқарылатын жұмыстарға да тоқталып өтті. 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, облыста бюджет қаражаты есебінен құны 652 миллиард теңгені құрайтын, 9 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 1442 жоба іске асады. Үш жылда жалпы құны 2,2 триллион теңгені құрайтын 1,5 мың инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту бойынша қабылданған 12 ұлттық жоба мен басқа да жоспарларға сәйкес үш жылда облыста 82 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ.

– Биыл 66,8 миллиард теңгеге 147 бюджеттік инвестициялық жоба қаржыландырылады. Оның ішінде білім саласында 21 жобаны іске асыруға 22 миллиард теңге жұмсалып, жыл соңына дейін 12 нысан пайдалануға берілсе, спорт саласы нысандарын дамытуға 1,7 миллиард теңге қарастырылып, 6 ауданда 9 спорт кешені пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау саласында екі емхана құрылысын бастауға 416 миллион теңге, екі емхананы жаңғырту және бір аудандық аурухананың жапсарлас құрылысын, бір дәрігерлік амбулатория құрылысын аяқтауға 667 миллион теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, 10 алғашқы медициналық көмек көрсету нысанының құрылысына қосымша 1,5 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Мәдениет және әлеуметтік салалар да назардан тыс қалмайды. Жыл соңына дейін 15 елді мекенді ауыз сумен қосымша қамтамасыз етуге 11,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Ал 2025 жылы барлық 367 елді мекен ауыз су жүйесімен 100 пайыз қамтамасыз етілуі тиіс. Атқаратын жұмыс көп, алдымызға ауқымды мақсаттар мен міндеттер қойып отырмыз. Сондықтан сіздер облыс экономикасын дамытуға, жамбылдықтардың әл-ауқатын жақсартуға байланысты мәселелерді жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып шешуге күш салады, осы орайда әрбір депутат өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, сайлаушылар сенімінің үдесінен шығады деп сенемін, – деді Нұржан Молдиярұлы.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support