- Advertisement -

Жастар саясаты қандай болмақ?

325

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде болып жатқан саяси реформаның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік жастар саясатын жаңғырту. Менің барлық еңбек жолым жастармен байланысты, 45 жылға жуық білім саласында қызмет еттім. Білім және ғылым министрінің орынбасары болғанда республикамыздағы мемлекеттік жастар саясатына жауапты болдым.

Әлемдік тәжірибе

Әлемдік тәжірибені алсақ, бүгін жастар саясатын ұйымдастыруда негізгі 3 модель дамып келеді: либералдық, континенталдық, азиаттық.

Либералдық модельде жастар саясаты жеке сала ретінде қаралмайды. Жастар саясаты негізінен азаматтық қоғам арқылы іске асады. Бұл саясат жекеменшік компаниялар және жеке адамдармен (демеушілермен) қаржыландырылады.

Континенталдық модель бойынша жастар саясаты жеке сала ретінде қарастырылады. Ол арнайы мемлекеттік органмен ұйымдастырылады. Қаржыландыру мемлекет тарапынан жасалынады. Саяси партиялар жастар саясатына араласпайды.

Азиаттық модельде жастармен жүргізілетін жұмыс мемлекеттік саясаттың жетекші бағыты ретінде алынады. Бұл жұмыспен жеке мемлекеттік орган айналысады.

Қазақстандық модель континенталдық және азиаттық жүйелердің негізгі элементтерін пайдаланған.

Республикамыз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1999 жылы жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданып, ол 2012 жылға дейін қолданыста болды. Бұл құжат өз міндеттерін орындады және қазіргі күн талаптарына сай келмей қалды. Негізінен, 1999 жылғы тұжырымдама ұйымдастырылған (оқушы және студент) жастарға арналған болатын. Ал олар жалпы жастардың тек қана жартысын (50 пайыз) құрайды. Сонымен қатар, екінші жартысы (қалған 50 пайыз) бұрынғы тұжырымдамада ескерілген жоқ: бұл жұмысшы жастар, ауыл жастары, өзін-өзі ұйымдастырған жастар, маргиналдық жастар және тағы басқа.

Сол себептен 2012 жылы «2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы «Қазақстан 2020: келешекке жол» деп аталатын жаңа тұжырымдама қабылданды. тұжырымдаманың негізгі өзгешелігі – ол жастардың барлық категорияларын қамтыды.

Осы Тұжырымдаманың негізінде 2015 жылы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа Заң дайындалып, қабылданды.

Тәуелсіздік жастарға не береді?

Кез келген елді дамытушы негізгі күш – жастар екені белгілі. Қазақ халқы мұны «Жас келсе – іске» деп бағзы замандардан айтып келеді. Адам жас кезінде алғыр, ізденімпаз, жаңашыл, қайсар, жігерлі болады. Сондықтан, жастарға дер кезінде жақсы білім, тәрбие беріп, дұрыс бағыттау қажет. Сонда ғана жастардың жастық жігері еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосады.

Бүгінгі жастарымыз тәуелсіздік жылдары өмірге келіп, білім мен тәлім-тәрбие алуда. Еліміздің тәуелсіздігі қазақстандық жастарға не берді? Тәуелсіздік құндылықтарын жастарымыз қалай пайдалануда?

Тәуелсіздіктің арқасында жастарымыз көптеген құндылықтарға ие болды. Мысалы, біз басқа саяси жүйеде тәрбиелендік. Көп мәселелер орталыққа (Мәскеуге) қарап шешілетін. Кеңес Одағы кезіндегі қазақ жастарының бойында басқа ұлттарға жалтақтау психологиясы, «не болса да, халықпен бірге көреміз» деген менталитет қалыптасты. Құдайға шүкір, тәуелсіздік жылдары жастарға деген қамқорлық саясатының негізінде бүгінгі жастарымыз ондай көзқарастан арылды. Қазір жастарымыз алғыр, келешекке үлкен үмітпен қарайды. Осы құндылықтардың барлығын жастарымызға тәуелсіздік беріп отыр.

Жастар саясатының өзекті мәселелері

Мұндай мәселелер аз емес.

Біріншіден, қазақстандық қоғамдағы жастар саясатына деген көзқарасты өзгерту керек. Жастар саясатын бір күндік акцияларға, шулы пиар-компанияларға айналдыруға болмайды. Қазіргі кезде күнделікті, жүйелі және кешенді негізде нақты жұмыстарды іске асыру қажет. Сонда ғана жастар саясатында кездейсоқ, фрагментарлық іс-шаралар қысқарады. Сонымен қатар, сан жағынан неғұрлым көп және жастардың барлық категориялары қамтылатын болады.

Биыл «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде жастардың орта жасы 35-ке дейін ұлғайтылды. Яғни, елімізде жастардың үлесі 6 миллионнан асты.

Әрине, бүгінде жастар саясаты саласындағы жұмыстар қайта жаңғыртылуда. Қазіргі таңда «жастар үшін» қағидатынан гөрі «жастармен бірге» қағидаты маңызды рөлге ие.

Екіншіден, жастарды қолдау мақсатымен «әлеуметтік лифтілерді» құру қажет. Оның мысалы ретінде қабілетті жастарды мемлекеттік қызметке тарту және жастардың волонтерлық орталықтарын құруға байланысты жобалар іске асты. Ендігі кезде әр аймақта «әлеуметтік лифтілерді» қалай құрамыз және оның нақты механизмі қандай болады деген мәселені шешу қажет. Бұл мәселе бүгінге дейін толық шешімін тапқан жоқ.

Үшіншіден, соңғы жылдары жастарға арналған келесі жобалар дамып келеді: «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар кадрлық резерві», «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Жастар – Отанға». Бүгін жастардың барлық категорияларын қамтып, оларды біріктіретін жаңа жобалар қажет.

Төртіншіден, әлеуметтік жаңару бағдарламалары іске асуда: «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қолжетімді тұрғын үй». Жаңа мемлекеттік жастар саясатын осы әлеуметтік бағдарламаларымен дұрыс ұштастыру қажет.

Бесіншіден, бүгін жастардың әр категориясына (мысалы, қалалық және ауылдық жастарына, жастардың этникалық топтарына, формалдық емес көшбасшыларына) нақты адрестік тәсілдер пайдалану қажет.

Алтыншыдан, жастардың бойында кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыру қажет. Қазақстандық қоғамда өзіне лайықты орынды табу үшін, жастарды мектеп, колледж, университет қабырғасынан бастап шағын және орта бизнеспен айналысуға дайындаған дұрыс болады.

Мен бірнеше жыл Жамбыл облыстық кәсіпкерлікті дамыту басқармасының жанында құрылған комиссияны басқардым. Комиссия «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге грант беру туралы мәселені қараған болатын. 3 миллион теңге көлеміндегі грант өз кәсібін бастап жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау (старттық капитал) ретінде берілетін. Өкінішке қарай, конкурсқа қатысқан көп азаматтар кәсіпкерге қажетті негізгі сұрақтарға (бизнес жоспар, жобаның жаңашылдығы, қосымша жұмыс орындарын ашу) жауап беруге қиналды. Яғни, олардың кәсіпкерлік мәдениеті төмен екендігі анықталды. Сондықтан, жастарды кәсіпкерлікке дайындау қажет.

Мен Польшада Краков ұлттық техникалық университетінде болғанда, кіреберістің қабырғасында үлкен әріптермен мынандай сөздер жазылған: «Біз бизнестің экономистерін емес, бизнестің инженерлерін дайындаймыз». Өкінішке қарай, бізде кәсіпкер болу үшін экономикалық білім қажет деген пікір қалыптасқан. Ал әлемге ең әйгілі бизнесмендер – техникалық білім алған азаматтар. Жалпы, бүгінгі жастарды мамандығына қарамай шағын және орта бизнеске бейімдеу керек.

Мен жастармен кездескенде бір мәселені жиі айтамын. Қазақ халқының «адам өмірі қамшының сабындай қысқа» деген теңеуі бар. Ал, жастық жылдары одан да қысқа. Осы жылдарды біздің жастарымыз өздері үшін тиімді пайдалануға тиіс. «Бүгін болмаса, ертең болады» деген жастардың арасында «жайбасарлық» көзқарас болмау керек. Жастарға жайбасарлық жараспайды. Барлық нәрсені (оқу, ғылыммен айналысу, спортпен шұғылдану, қоғамдық жұмысқа белсене қатысу, тағы сондай) бірдей жақсы жасауға болмайды. Бірақ бір нәрсені басқалардан жақсы жасаймын деген жастарда ұмтылыс болуы қажет.

Қазақ жастарының арасында дарынды және талантты, қабілетті және қасиетті, кеудесін керіп тұрған шығармашылық потенциалы бар ұлдар мен қыздарымыз көп. Сол потенциалды сыртқа шығарып, халыққа паш ету үшін жастарға қажетті жағдайлар жасау қажет.

Егемен еліміздің арайлы ақ таңының барқытты пердесін тек белсенді, білімді де білікті жастар ғана аша алады. Сондықтан да болашағы зор айбынды Қазақстанның сенім артар азаматтары – асқақ рухты алғыр да айбынды жастар десек біз қателеспейміз. Расында, ұлттың кемел келешегіне, бүгінгі жас ұрпаққа артылар ең үлкен міндет – сананың түзу жолмен қалыптасуы мен білімділік, жан-жақтылық қасиеттері жасампаз елдің жастарына тән. Қазақстанның дамуына айтарлықтай үлес қосатын, тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, қазақ елінің атын күллі әлемге паш ететін де осы – жастар!

Жастық – ол ізденістің бастауы, осы кезеңде ғана адам өзінің күшіне сеніп, тауды да қопарып тастайтындай болып көрінеді. Сондықтан, қанатын қаққан жастардың талапты талпыныстарына жол ашылып, білім, ғылым саласында көшбасшылық танытуларына мол мүмкіндіктер жасалуда. Бүгінгі күннің жалындаған кемел жастары қатарынан озып шығып, биіктерден көрініп жүруіне тілектеспін.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support