- Advertisement -

Тілемсектік трагедиясы

117

- Advertisement -

Қоғамда ғұмыр кешіп жатқан адамдардың түсінігі әртүрлі. Біреулер өмір сүріп отырған ортасын ұнатады, біреулер ұнатпайды. Біреулер адал еңбекпен табыс тауып жүрсе, біреулер көлденең табысты қалайды. Ал, біз бүгін айналаны кеңінен жайлап кеткен тілемсектер туралы сөз қозғамақпыз. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ең бақытты қоғам – қайыршысы жоқ қоғам» деген сөзі бар.

Онсыз да тағдырдың теперішін көріп жүргендер туралы жазудың қажеті қанша дейтіндер де табылар. Дегенмен, осы қайыршылықтың бір ұшы жалқаулық пен масылдыққа келіп тірелетінін ұмытпағанымыз жөн. Шариғаттың өзі біреуге алақан жайғанды құптамайды. Бірде Мұхаммед (с.а.с.) Пайғамбарымызға бір мүсәпір адам келіп: «Алланың елшісі, үйімде азық етер ештеңе қалмады. Не істеймін?» депті. Сонда Алланың елшісі: «Заттан не бар?» дейді. Мүсәпір кісі сынған жарты таға бар екенін айтады. Пайғамбарымыз сонда: «Сол тағаны сат та, ара сатып ал. Арамен орманнан ағаш кесіп әкеліп, сат», деп әлгі кісіге кеңес беріпті. Ол Алла елшісінің айтқанын істеп, жағдайын түзей бастаған екен.

Ал, біз күн сайын айналамыздан алақан жайған адамдарды көріп жүрміз. Тіпті, шын мұқтаж кім, жасандысы қайсы, айыра алмайтын жағдайға жеттік. Себебі, ел арасында қайыршылықты пайда көзіне айналдырғандар да, олардың үстінен пайда көретіндер де бар деп естиміз. Облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітіне бара қалсақ, алыстан бастап, ең жақын есігіне дейін отырып алып қайыр тілеп отырған кісілерді көреміз. Әрине, қазақ мұсылман халық болған соң, садақа берушілер де болады. Жанындағы адамдарға ақша ұсынсақ, кей апалар: «Оларға емес, маған бермейсің бе?» деп айқайға басады. Сонда қайыр сұраған кісі жанындағы кісінің де қуанғанын неге қаламайды деген ой келеді. Бұл да сұраншақтықтың аса мұқтаждықтан тумағанын байқатады. Ал, бір әріптесім: «Тараз қалалық мешітінен бір таныс қайыршыны көрдім. Оның туысы да, жұмысы да бар. Бір-екі рет ұшырасып қалып едік, кейіннен көрінбей кетті», дейді.

Мұнан соң автобусқа міне сала Құран сүрелерін қате-қате оқып, көпшілікке алақан жаятын балалар да көбейіп кетті. Тіпті, аяқ алып жүре алмай қалдық десек болады. «Өзім автобус жүргіземін. Жолаушыларды тасымалдау оңай емес. Арасында қайыр сұрап кіретін кір-қожалақ балалар болады. Жолаушылар оларды неге мінгізесің деп ренжіп жатады. Негізі осы жағына тыйым болуы керек», дейді №46 автобус жүргізушісі Қарасай Сейдомаров. Қазір «Мынау ауырған балаға қолдау көрсетіп жіберіңіздерші» деп жәшік ұстап жүретіндер де көбейіп кетті.

Бұл жерде де оның қаншалықты рас екенін білу қиын. Ал, шариғатта қандай қиын жағдайда да адамның еңбек етуге талпынғаны дұрыс дейді. Біз қозғап отырған тақырып туралы Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаевтан сұрап білген едік. «Менің ойымша да қазіргі қайыршылықтың көпшілігі жоқшылықтан емес. Жалпы, таза мүгедек және жарымжан адамдарға үкіметтің жәрдемақшасы міндетті түрде тағайындалады.

Ал, қазіргі таңда ауырған баласының еміне миллиондаған көлемде қаржы қажет болып, қор ашып жатқандар бар. Оларға көмек берген дұрыс. Бірақ, аяқ-қолы бүтін, ес-ақылы дұрыс кісілердің алақан жайғанын түсіну қиын. Шариғатымыз оны құптамайды. Әлгі балалар автобуста қайыр сұрағанша, біреудің көлігін сүртіп, біреудің ауласын сыпырып берсін. Солай да қаржы табуға болады», дейді ол.

Сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әлеуметтік психология кафедрасының аға оқытушысы Сандуғаш Үсенованың да пікірін білдік. «Қайыр сұрау – адамдардың психологиясын оңай жолмен табыс табуға бұратын жол. Жалпы, аса мұқтаж кісілер басқа. Алақан жаюшылық масылдыққа да апарады. Ар-ұяты бар адам ондайға бармайды», деді.

Байқасақ, айтылған сөздердің жаны бар секілді. Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді. Қазір істеймін деген адамға жұмыс табылады. Барлық жерлерден жұмысқа шақырған хабарландыруларды оқимыз. Әрине, бірден үйіп-төгіп көп қаражат табатын жұмыс жоқ шығар. Бірақ, аздап болса да қаржы тауып, күн көруге болады. Ол біреуге алақан жайғаннан әлдеқайда жақсы.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support