- Advertisement -

«Қуанып сыйға тартар едім»

117

- Advertisement -

Алпысбай ағаны бір көргеннен-ақ, нағыз қазақ екенін бірден аңғаруға болатындай. Жүріс-тұрысы, арсалаңдаған ақкөңіл мінезі, жалпы қазақилықтың исі бүкіл болмысынан аңқып тұрғандай. Расымен солай, жас кезінде көкпар тартқан алпамса денелі Алпысбай Байшөкенов бүгінде қамшының түр- түрін өріп, ат әбзелдерін әрлеумен айналысады. Бұдан бөлек, бүркіттің бияласын, томағасын, балақбауын жасайды.

Жамбыл облысының Байзақ ауданы, Түймекент ауылында туып-өскен, қазіргі таңда Меркі ауданында тұратын шебердің қолынан шыққан дүниелері көздің жауын алады. Құны 1 миллион теңге шамасында тұратын күміспен әдіптелген ер тұрман, сән-салтанаты келіскен жүген, ноқта, тартпалар, қамшының неше атасы…

Төрт өрім, алты, сегіз, он екі, он төрт, он алты, жиырма төрт өрім қамшы дейсіз бе, сабау қамшы, ат қамшы, жыланбас қамшы дейсіз бе, қайыстан, былғарыдан, таспадан керек пе, бәрі-бәрі қаз-қатар тізіліп тұр. Негізінен қамшы өрумен айналысатын шебер оның сан алуан түрін жетілдіре түскен. Қамшыны күміспен әрлеп, көз салып, тобылғыдан ғана емес, еліктің, таутекенің тұяқтарынан сап жасап түрлендіріп қойған.

Жыл басында Жамбыл өңіріне жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолөнершілер көрмесінде дәл осы Алпысбай Нұрманқұлұлының қолынан шыққан қамшыға көзі түсіп, сатып алуы да сондықтан, кездейсоқтық, тектен-тек емес. Шебермен әңгімеміз де осы төңіректен басталды.

«Президент облысымызға келерде қолөнершілер көрмесі өтеді деген соң, қолымыздан шыққан дүниелерді ұсындық. Өзім осы Жамбыл облыстық қолөнер шеберлері одағының мүшесімін. Мемлекет басшысы келгенде барлығымызды бірдей көрме залына кіргізе бермейтіні анық. Сондықтан, ол кезде басқа да шеберлердің дүниелерін таныстырып, басшымыз тұрған болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы он алты өрімдік қамшыны таңдап, сатып алыпты. Сол жерде өзім болғанда, оны қуана сыйға тартар едім.

Баяғыда ғой, қамшы өруді алғаш бастап жүргенде, Түркістан қаласының 1500 жылдығына орай, үлкен қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Сонда мен де қолымнан келгенін жасап апарып, ұсындым. Бірақ онда қамшыны әрлеп, әдіптеуді, көз салуды білмеймін, әйтеуір өремін. Ұйымдастырушылар шыны керек, менің дүниемді менсіне қоймады, бір қуыстау жердегі орынға ысыра салды. Содан көрмені аралап жүрген Германиядан келген қонақтар менің сол қарапайым қамшымның біріне қатты қызығып, сол қуыстан-ақ сатып алып кеткен. Сол секілді, қолымыздан шыққан дүние Президентіміздің қызығушылығын тудырып, назарын аударғанына әрине, тек қуанамын», дейді қамшыгер ағынан жарылып.

Алпысбай Байшөкеновке атакәсіп атасы Байшөкеннен дарыған. Әкесі Нұрманқұл да өңірге белгілі етікші болған. Жас кезінде қосалқы бөлшектер шығаратын зауытта жұмыс істеп, мал баққан шебер бұл кәсіппен 1997 жылдан бастап түбегейлі айналыса бастапты. Өзі мал шаруашылығымен айналыса жүріп, жылқының тозған ноқта, жүгенін жөндеуді үйренеді, кейіннен айналасындағы малшылардың тапсырысы бойынша оларды өзі жасай бастайды. Содан біртіндеп қызығушылығы арта түсіп, Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын танымал шебер Құрбанәлі Арыстанбековтен теріні илеп, таспа жасауды, қамшы өруді меңгерсе, зергерлікті, шеге жасауды Мұрат Жексембиев есімді зергерден үйренеді.

«Біз, негізінде, Жамбыл облысында осы кәсіппен әулетімізбен айналысамыз. Менің інілерім де Тараз қаласында ер тоқым, ноқта, жүген, үзеңгі секілді ат әбзелдерінің барлық түрін жасайды. Мен қазір арнайы тапсырыстар болып қалмаса, негізінен тек қамшы өремін. Аптасына он қамшыны базардағы ат әбзелдерін саудалайтын орынға әкеліп өткіземін. Одан бөлек, тағы да бір-екі тарихи орындардағы кәдесыйлар сататын саудагерлер тапсырыс беріп тұрады. Құны 10 мың теңгеден басталып, күміспен, тиындармен әрленгеніне қарай 45-50 мың теңгеге дейін барады.

Енді бұл қамшылардың ерекшеліктерін айтар болсам, мәселен, таспадан өрілген қамшы жауын-шашыннан қорықпайды. Су тисе жұмсарады да, кепкен соң қайта қатая түседі. Былғарыдан жасалған қамшы ерекше күтімді қажет етеді. Оны майлап, су тигізбей ұстаған жөн. Бұл қамшыға негізінен емшілер, тәуіптер тапсырыс беріп жатады. Таспадан жиырма төрт өрімге дейін қамшы өруге болады. Ал қайыстан жиырма төрт өрімге жеткізе алмайсыз, жуан болып кетеді. Негізі өрімнің төресі – төрт өрім. Ол шаруашылыққа мықты болады. Қайыстың да сары, қара қайыс дейтін түрлері болады. Оның біреуі етікшілерге жарамды болғанымен, ол қайыс қамшы жасауға келмейді. Сабау қамшы бар, ол бес, жеті, тоғыз өрім болады. Шашақсыз қамшы атты полицейлерге арнап жасалады. Оның сабы ағаштан болмайды. Егер сабы тобылғыдан жасалса, ол ат қамшы. Өзім ойлап тапқан, авторлық қамшым да бар.

Бұрынырақта ер тұрман жасап, әрлеумен көбірек айналыстым. Мәселен, күміспен әдіптелген құны 3 миллион теңге тұратын ер тұрманды бір прокурорға жасап бергенім бар. Кезінде есімдері дүркіреп тұрған Махмадовтар да менің тұрақты тапсырыс берушілерімнің қатарынан болды. Теміржол саласының да біраз шенді қызметкерлері әсіресе, лауазымдары жоғарыларда сән-салтанаты жарасқан ер тұрмандарға тапсырыс беретін. Ол кезде мен де зергермен бірге барымды салып, аянып қалмайтынмын. Спорттық үлгідегі тартпа да жасап шықтым. Сөзіме сенсеңіз, батыс, шығыс өңірлерді білмедім, бірақ оны Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының ешбірінде, ешқандай шебер жасамаған. Енді мына шегелерге қараңыз. Мұнда мен өз есімімді ойып қалдырғанмын, «60 бай» деген қолтаңбаны менің барлық жұмысымнан көруге болады», дей келе, Пайғамбар жасына келген шебер өзін толғандырып жүрген мәселеге де тоқталды.

«Қазір маған шыны керек, атақ- даңқ, марапат емес, ісімді жалғастыра білетін шәкірт керек. Бар білгенімді үйретіп кетер мықты шебер дайындасам деймін. Бірақ, бұл салаға бастапқыда қызығушылықпен келгендер болғанымен, еңбектің ауырлығына шыдамай, орта жолдан тастап кетіп жататындар көп. Көмекшің болмаса, жалғыз адамға қиын, көп уақыт кетеді. Қазір Мұрат деген жиенім бар, үйреніп жүрген. Жасау тәсілі, қолы менікіне келеді. Содан көп үміт күтемін. Кезінде маған да 104 жыл өмір сүрген Жамбай есімді мықты шебер риза болып, батасын берген еді. Сол секілді мен де ата дәстүрімізді жалғап, дамыта түсетін, батамды беріп кететін жастардың қатары көп болса деймін» деп күрсінді қамшыгер.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support