Тастандылар
Тастандылар
Бірде уыздай жас келіншек түсті. Іші аса үлкен болғандықтан: – Егіз бе? – дедік бәріміз қосарланып. – Иә! Біреуі қыз, біреуі ұл екен, – деді де, палатасына кіріп кетті. Ешкіммен сөйлесуге зауқы соқпайтыны жанарынан байқалды. Ертесі толғатып туу залына кеткенін естіп, хабарын күттік. Кештетіп, расында егіз ұл мен қыз босанғанын біліп, мәз болдық. Ал, таңертең уыз қыздан жас анаға айналған әйелді ата-анасы келіп алып кетіпті... Жетілмеген қос «жетімнен» бас тартатыны туралы бір тілім хат – қос құлынның тағдырында енді ешқашан туған шеше болмайтынын айғақтап жатты... Кейін қызымды босанып, шала туған сәбилерді оңалту орталығына ауыстық. Түн ауа іңгәлаған сәби үні тыншымаған соң, орнымнан сүйретіле тұрып, дәлізге шықтым. Дауыс дәліздің бас жағынан шығатын сияқты. Түнде бірен-саран бөбектің «ызыңы» болмаса, жалпы тып- тыныш мекеме. Ал, мына сәбидің үні соншалықты зарлы еді. Ұзыннан-ұзақ дәлізде дауыстың шыққан жағына кетіп барам. Дуалдың біткен тұсында сәби арбасы тұр. Күндіз бұл жер бос еді. Жүрегімді біртүрлі үрей билеп кетті. Қорқынышым баланың зарлы даусы жақындаған сайын бәсеңдеп барып, сәбиді анық көрген кезде тұла бойыма мейірім болып егіліп, шымырлап қоя берді. Белінен төмен қарай жөргекпен орап, қос қолын бос тастапты. Қасына біреудің келгенін көрген соң кішкентай саусақтарын жыбырлатып, уілдей бастады. Жалма-жан көтеруге ұмтылып, құшағыма алғаным сол, ішімнің тігісін біреу «даррр» еткізіп сөгіп жібергендей шаншып қоя бергені. Омырауыма басы да тиіп үлгерместен қайта жатқыздым. Көзімнен ыстық тамшылар құйылып кетті. Баланы көтере алмағаныма қорланып жыладым. Қатыгездіктен ада, өмірден бейхабар бейшара бала да жанары жәутеңдеп, кемсеңдеп кетті. Сары бөбектің көздерінен аққан жас ащы өмірінің жолдарындай тарам-тарам. Соңымнан жеткен келіншек сәбиді қолына алғанда періштенің езу тартқанын көрдім. Кейін баланың анасы, 18 жасар бойжеткен беделді біреуден көтеріп қойып, туып болған соң тілхат та тастауға шамасы келмей, терезеден тайып тұрғаны жайлы айтылып жүрді. Медбикелер бір палатада бастары түйіскен тастанды балалардың саны сол күндері күрт көбейіп, төрт айға жуықтап қалған ұлды ересек санап, коридорға түнеуге қалдырғанын да білдік. Ал, сәби қарны ашып емес, жан жылуын іздеп жылайтынын естігенде – елжіремеген ана қалмады. Ол өзінің бізге беймәлім періште тілінде анасының жағдайын сұраған шығар, кім білсін?!.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ