- Advertisement -

«Динамоның» негізін қалаған дарабоз

76

- Advertisement -

Қазіргі таңда елімізде спорт өнерін өрістетуге ерекше мән берілуде. Мемлекет басшысы әрбір Жолдауында да бұл саланы назардан тыс қалдырған емес. Президент бұқаралық спортты дамыту бағытында өңір-өңірлерде спорт кешендерін салып, халықтың кең көлемде спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік туғызуына міндеттер жүктегені белгілі.

Бұл тұрғыда Жамбыл жерінде де ілкімді істер қолға алынуда. Аймақта жылдан жылға спорт өнері қанатын кеңге жайып, жастардың осы салаға қызығушылығы арта түсуде. Оған дәлел, сайдың тасындай саңлақтарымыз облыстық деңгейдегі сайыстарды айтпағанның өзінде, республикалық, халықаралық және әлемдік дүбірлі додаларда атой салып жүр.

Жасындай жарқылдаған жас өрендеріміздің алдағы уақытта тәжірибесі толыға түсіп, ел мерейін асыратынына ешбір күмән жоқ. Ал дәл осы жастардың жолын ашып, ізбасарларына үлгі-өнеге көрсеткен ардагерлеріміз де аз емес. Уақытында спортты жанына жалау етіп, талай тартысты додаларда өңір намысын абыройлы қорғаған солардың есімі әлі күнге дейін жұрттың жадында.

Осы тұста жүз жылдық тарихы бар ата басылым «Ардагер спортшы» айдарын тұрақты жүргізуді қолға алып, бүгінгі ұрпаққа кешегі өткен спорт ардагерлері жөнінде аз-кем ақпарат беруді мақсат етіп отыр.

Аймақ спортының даңқын асырған ардагерлердің бірі, тіпті бірегейі – Евсей Уршанский. Евсей Давыдович елдің абыройы мен ар-намысы таразыға түскен сын сәттерде талай рет жігіттік жігер танытқан азамат. Ол саналы ғұмырының 50 жылын спортқа арнаған жан. Кейіпкеріміз 34 жыл бойы Тараз қалалық дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы қызметін абыройлы атқарған. Оның бұл еңбегі Кеңес өкіметі тарапынан да жоғары бағаланып, 20-дан астам наградаларға ие болады. Оның ішінде шоқтығы биігі – Қызыл Ту ордені.

1923 жылдың 23 ақпанында Украинаның Полтава облысына қарасты Лубна қаласында дүние есігін ашқан Евсей жеті жасында ата-анасынан айырылады. Бұдан әрі балалар үйінде тәрбиеленген жеткіншек алғашында хоккейде бағын сынаса, уақыт өте түбегейлі футболмен шұғылдануды жөн көреді. Қырағы көз мамандар сол кезде-ақ оның қабілетін мойындап, «Рот Фронт» командасының сапына қосады. Осылайша, Е.Уршанский қала біріншілігінде өткен дебютті ойында «Харьков» құрамасына жауапсыз гол соғады.

Жалпы, жас Евсей Полтава аэроклубында нұсқаушы-ұшқыш кейінірек, Кеңес Одағының батыры атанған Полина Макогоннан тәлім алады. Осы тұста оның ұшқыш болсам деген арманына жол ашылады. Ол қалауына қол жеткізу мақсатында Чугуев әскери мектебіне оқуға түседі. Мұнда да спорттан қол үзбеген Евсей әуелгіде мектеп құрамасында ойнаса, кейін әскери округтің командасында өнер көрсетеді. Бірақ, Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен Е.Уршанский білім алатын мектептің курсанттары майданға аттанады. Өрімдей жас жігіттер өлім мен өмірдің арасында арпалысқа түседі. Сұм соғыстың алғашқы айлары кеңес қолбасшылығы жоспарлағандай болмағаны анық. Өйткені, Қызыл әскер ауыр шығынға ұшырап, жеке құрамның көп бөлігі қаза табады.

1941 жылы тамызда Евсейдің әуе полкі орналасқан Полтава маңындағы аэродромға бомба түседі. Бомбаның жақын жарылуының салдарынан сержант Е.Уршанский контузия алып, әупірімдеп тірі қалады. Ол өз естелігінде «Көптеген достарым қайтыс болды, полктен ештеңе қалмады. Менің фашистерге өз есебім бар еді. Ес жия салысымен-ақ кек алуды жо спарладым. Алайда, полковник мұнымды қостаған жоқ. Ол «Сен дайын нұсқаушысың, тәжірибең бар, жастарға сабақ бересің!», деп кесіп айтты. Амалсыз көнуге тура келді», деп жазады. Соғыс аяқталған тұста Евсейдің карьерасына да нүкте қойылады. Майдан даласында алған жарақатына байланысты оның жеке медициналық картасында «Ұшуға жарамсыз» деген жазу пайда болған еді. Осы кезден бастап оның өмірінің Жамбыл жеріндегі кезеңі басталады.

Бүгінде бірі білсе бірі білмес, дәл осы Евсей Уршанский әулиеаталық «Динамо» футбол командасын құрудың бастамашысы болған. 1946 жылы алғаш рет футболдан Қазақстан чемпионаты өтіп, онда Евсей Давыдович «Локомотив» құрамында ел чемпионы атағын жеңіп алды. Арада бір жыл өткен соң чемпиондық атаққа лайық екенін дәлелдеп, Қазақ КСР-нің екі дүркін чемпионы атанады. Е.Уршанский іргетасын қалаған «Динамо» құрамасының ойыншылары негізінен қоныс аударушылар мен әскери қызметшілерден құралған болатын. Жаңа команда бірден қала чемпионатында жетекші орынға шығады. Ал Евсей 11-ші нөмірде сол жақ қапталда ойнайды. Ол әрбір ойында өзінің теңдессіз ойыншы екенін көрсетіп, қарсыластарын қапыда қалдыруды әдетке айналдырған. Соның салдарынан қарсылас құраманың ойыншылары рұқсат етілмеген әдістерді қолдануға мәжбүр болады. Нәтижесінде Е.Уршанский жиі жарақат алатын еді.

Өткен ғасырдың 40 жылдарында мұнда саз қоршаумен қоршалған футбол алаңы мен парашют мұнарасынан басқа ештеңе болған жоқ.

Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтын үздік бітірген Евсей көп жылдар бойы «Динамо» ерікті спорт бірлестігінің төрағасы қызметін атқарған. Кейінірек ол қалалық спорт комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Осынау жауапты жұмысына қарамастан, Е.Уршанский шаһардағы орта мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Ол Акрам Ишанқұлов пен Фирудин Сұлтановтай дарынды футболшыларға дәріс беріп, бағын ашты. Қос ойыншы футбол жанкүйерлерінің есінде шебер ойын өрнегін көрсетулерімен қалғаны анық.

Айта кетейік, 1950 жылы Евсей Давыдовичтің сарқылмас ынта-жігерінің арқасында қаламызда «Локомотив» спорт кешені ел игілігіне берілді. Осы еңбегі үшін кейіпкеріміз «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» атағына қол жеткізді. Ол жылдары мұнда мектеп оқушылары мен техникум және жоғары оқу орындарының студенттері арасында үнемі спартакиадалар өтетін. Бұл уақытта «Локомотивте» қатардағы еңбек адамдары қараша және мамыр айларында аяқдоптан өзара кім мықтыны анықтайтын дәстүрлі жарыс болатын.

Шеберлерден құралған жамбылдық «Металлист» футбол командасы Кеңес Одағының чемпионатында өнер көрсету құқығына ие болғаны жұрт жадында. Бұл сөзсіз Е.Уршанскийдің ұшан-теңіз еңбегінің арқасында мүмкін болған еді. Николай Старостин, Борис Пайчадзе секілді спорттағы танымал тұлғалармен тығыз қарым-қатынас орнатқан оның бар арман-тілегі – Тараз төрінде футбол спортын жаңғырту болғаны мәлім. Ол осы мақсатта 77 жасқа дейін облыс орталығындағы олимпиадалық резерв мектебінде әдіскер болып жұмыс істеді.

Бұл жылдары ардагер спортшы өзінің көп жылдық бай тәжірибесін жас ұрпақпен бөлісті. Е.Уршанский дәм-тұзы таусылғанша тараздықтардың теңбіл допты ұршықша иіріп, асықша шиырып, жасыл алаңда жеңімпаз атануын жан-тәнімен қалады. Сонысымен де туған өлке тұрғындарының есінде қалды. Жанкүйерлердің жүрегінен орын алды.

Осылайша, ардақты спортшы түйеге жүк артқандай еңбегінің арқасында артына өшпестей, өлместей мұра қалдырды. Ендеше, Евсей Уршанскийдің есімі Тараз футбол тарихында алтын әріппен жазылып қалатыны сөзсіз.

Мақаламызды орыс халқының ұлы ақыны Сергей Есениннің: «Өмірін арпалысқа бағыштаған, Ұлы мұрат қорғаудан қалыспаған. Аялы ардагерге бас иемін!», – деген өлең шумақтарымен қорытындылауды жөн көрдік. Себебі, бұл өлең жолдары өңір футболының дамуына орасан зор үлесін қосқан, құрметті ардагер Евсей Уршанскийдің рухына арналғандай.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support