- Advertisement -

Жеңімпаздар тәрбиелейтін білім ошағы

98

- Advertisement -

Облыстық Абай атындағы мамандандырылған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясын жеңімпаздар ордасы деуге болатындай. Себебі, мұнда білім нәрімен сусындап, тәрбиеленетін оқушылар бақ сынаған байқаулардан құр қол келген емес. Биылғы оқу жылының өзінде мектеп оқушыларының республика, облыс көлеміндегі білім бәйгелерінен қол жеткізген жетістіктері жүзге жуықтаған. Тағы бір баса айтарлығы – мұнда ана тілдің жанашырлары өсіп келеді.

Мектеп 1974 жылы пайдалануға беріліп, 1953 жылы Абай атындағы орыс-қазақ мектебі деп аталып, балаларға білім берген. Кейін 1999 жылы Абай атындағы қазақ мектебі болып өзгеріп, 2021 жылы интернат, 2022 жылы гимназия статусын алды. Мектеп-гимназия қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын болғандықтан, қоғамдық-гуманитарлық бағытта жұмыс жүргізеді. Негізгі басымдық қоғамдық бағыттағы пәндерге берілген. Оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндері тереңдете оқытылады. Мектеп-гимназия директоры Гүлзат Данаеваның айтуынша, 2021-2022 оқу жылын бұл білім ошағы 72 пайыз білім сапасымен аяқтапты. Екі оқушы – Әсем Қырғызбай мен Инабат Абдыхалық «Алтын белгі» төсбелгісін иеленсе, бес оқушы «Үздік аттестат» игері атанған. Ұлттық бірыңғай тестілеуден орташа 76 балл нәтижесін көрсетті.

– «Білімдінің қолында – алтын шырақ» дейді халық. Инемен құдық қазғандай қиындығы болса да оқудың адам баласын жеткізер шыңы биік екенін өмір өзі дәлелдеп келеді. Жасөспірім тұлғалардың білімге деген қызығушылығы ізденістерінен байқалады. Сондай тынымсыз еңбекпен толайым табысқа жеткен оқушыларымыз – біздің мақтанышымыз. Әрине, мектептің 49 жылғы тарихында жеткен жетістіктері баршылық. Өткен және биылғы оқу жылындағы жетістіктерімізді айтар болсам, 9-сынып оқушысы Аян Шораев Семей қаласында өткен дәстүрлі республикалық «Абай оқуларының» II дәрежелі дипломын Асхат Аймағамбетовтің қолынан алды. Жеңімпаз оқушыны дайындаған жетекшісі үздік ұстаз Ақтолқын Құлекеева. 8-11- сыныптар арасындағы облыстық «Абай оқулары» байқауында «Ұлылар әлемі» номинациясы бойынша 10-сынып оқушысы Әсем Оразбек ІІІ орынды жеңіп алды. Жетекшісі – Динара Адилова. Желілік «Абай мектептері» оқушылары арасында ұйымдастырылған «Екінші өмір сыйла» атты республикалық қолөнер байқауының жүлдегері 8-сынып оқушысы Гузаль Абдумуталибованы дайындаған жетекшісі Гүлжанат Зарерова. Республикалық желілік Абай мектептері арасындағы I республикалық «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы…» шешендік өнер байқауынан Гүлжан Шегебаеваның жетекшілігімен Балауса Болатбек І орынды олжалады.

– Біздің балалар білім, өнермен қатар, спорттан да кенде емес. Облыстық Ұлттық мектеп лигасында жаттықтырушы Алжан Жусанбаевтың дайындаған ұл балалары І орынмен жүлделер қорын толықтырды. Айта берсек, мұндай жеңімпаз оқушыларымыздың қатары қалың. Жетекшілік еткен ұстаздарды атап отырған себебім, мектебіміздің мұғалімдері де өз мамандығының майталмандары. Жалпы, 79 мұғаліміміз бар. Олардың біреуі жоғары, 3-еуі бірінші, 2-еуі екінші санатты ұстаздар. Сонымен қатар, 17 педагог модератор, 18 педагог сарапшы, 25 педагог зерттеуші және 2 педагог мастеріміз бар. Олар жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар, әр баланың бойындағы қабылетіне қарай түрлі байқауларға дайындап, шыңдап та жүр, – дейді Гүлзат Әлімжанқызы.

Айта кетейік, бұл білім мекемесіне оқушылар қабылданғанда, өлең жазуға қабілеттіліктері, қазақ тілі мен әдебиет пәніне бейімділіктері назарға алынады. Оқушыларды іріктеу кезінде талантына баса назар аударылады екен. Елдің болашағына жарқын жол салып жүрген мектеп ұжымының жұмысының жемісті болуын тілеп, оқушыларының ізденістегі еңбегі табысты болсын дейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support