- Advertisement -

Ақылы білімнің ақыры не болады?

301

- Advertisement -

«Aq jol» газеті білім саласындағы берекесіздікті бірнеше рет мәселе етіп көтерді. Солардың ішінде түйіні тарқатылмай, іргесі сөгілмей келе жатқан ақылы білім алудың да жайы бар. Керісінше, күн өткен сайын күрделеніп отырған осынау мәселе қоғамдағы қалыпты жағдайға айналып кетті. Баламыз бесіктен белі шықпай жатып ақылы балабақшаға барады. Орта білімді де ақылы алуға болады. Жоғары оқу орындарының дені онсыз да ақылы.Оның сыртында мұғалімнің мәртебесін, оқушының білімін бағалайтын білім додаларының ақылы өтуі тағы бар. Ең ақыры, мәртебелі ұстаздың біліктілігін бағамдайтын кеудесіндегі медальдарына дейін сатулы. Бұл бір жағынан демократиялық мемлекеттің көрінісі сияқты әсер етуі мүмкін. Алайда, бұл – дәл қазіргі қоғамымыздағы әлеуметтік теңсіздіктің орнап, сапасыз білімнің артуының, қажетсіз маманның көбеюінің көрінісі. «Әйтеуір диплом алсам болды» деген қасаң пікірдің келместің кемесіне мініп кетер уағы жетті. Жұмысқа жарамайтын дипломмен қоғам элитасының санын құр көбейткеннен пайда жоқ. Міне, бүгін осы мәселенің төркініне төсек салып көрдік…

 Бесіктен белі шықпаған баланың тәрбиесі де ақылы

Білім мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруден басталады. Ал біз әлі күнге дейін «Балабақша неге жетіспейді?» деген сұрақтың жауабын тапқан жоқпыз. Оның басты себебі – мектепке дейінгі тәрбиенің құқықтық негізінің әлсіздігінде жатыр. Еліміздің Ата Заңында мектепке дейінгі тәрбие және білім беру жөнінде айтылмаған болса, Конституцияның 27-бабында да ана мен баланың құқықтары мемлекет тарапынан кепіл етілетіні туралы ашып көрсетілмеген. Осыдан кейін қоғамда кімнің кімнен бұл мәселені шешуді сұрауға құқығы бар?

Тарихты там-тұмдасақ, 1936 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған КСРО Конституциясының 121-бабында халықтың барлығына білім алудың барлық деңгейінде тегін білім алуына мемлекетпен кепілдік берілетіні туралы жазылған. Сол Конституцияның 122-бабында ана мен баланың ерекше қорғалатыны, тиісті көлемде перзентханалармен, балабақшалармен қамтамасыз етілетіні туралы да айтылыпты. Одан бергідегі 1977 жылғы 7 қазанда қабылданған КСРО Конституциясының 53-бабында да осындай қамқорлық байқалады.

Ал енді бүгінгі Конституцияның 27-бабында «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» деген нормалар бар. Бұл конституциялық емес, жай моральдық нормаға ғана ұқсап тұр емес пе? Ана мен баланың мемлекетпен ерекше қорғалатындығы, баланың тәрбие және оқу орнымен қамтамасыз етілетіні туралы мүлдем көрсетілмеген заңнамалық құжатымызбен бүгінгі жағдайды қалай реттейміз?!

Жүйесіз жекешелендіру кезінде балаларға арналған білім және мәдениет орталықтарының ғимараттары жекеменшікке айналып кетті. Мемлекеттік балабақшалардың 87 пайызы 90 жылдардың соңына дейін жойылды. Міне, осының салқыны біздің мектепке дейінге білім жүйесіне әлі тиіп отыр. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен жоқ. Еліміздегі балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында ақылы түрде тәрбие беру қызметі енгізілді. Бүгінде аймағымыз бойынша 222 мектепке дейінгі жекеменшік білім ошағы бар. Мемлекеттік білім мекемелерінде 59 мың бала, жекеменшік ұйымдарда 25 мың бала тәрбиеленуде.

Балабақшалардағы балаларға қатысты келеңсіз оқиғалар өз алдына бір мәселе. Мемлекет үшін бір аймақтың балаларының үштен бір бөлігінің жеке ұйымдарда тәрбиеленуі дұрыс емес жағдай дер едік. Қадағалау мен бақылауға, маман сапасына мән берілмейтіндіктен көбіне балабақшадағы шулар осындай ұйымдардан шығады. Мемлекеттің есебінен жарты құны төленетін балабақшалардың өзі Тараздың кез келген аумағында жоқ.

Мектеп олқы болмаса, орталықта несі бар?

Екінші мәселе, орта білімге кеп тіреледі. Мектеп олқы болмаса, баланың ақылы мектептерде, ақылы орталықтарда несі бар? Ақысы қалтаңды қағатын қосымша білім беру орталықтарының жайын қаузағанда алдымен мемлекеттік білім ошақтарындағы мәселені шешу жайы тұрады. Мұғалімнің біліктілігі, білімі сынға түсетін сәт. Бірінші сыныпқа 30 баланы жинап алатын оқытушы көп жағдайда сол балалардың бәрінің қабілетін ашып, «беске» оқып кетуіне ықпал ете алмай қап жатады. Өйткені, ол өзі жоғары оқу орнын енді ғана бітірген жас маман болуы немесе тәжірибесі аз ұстаз болуы мүмкін. Кейбіреуінің шын мәнісінде оған білігі жетпеуі де мүмкін.

Осыдан соң балалардың ішінде нөліншіде жақсы оқыған, үйден бәрін біліп кеп тұрған мықтылары суырылып алға шығып, әліпті әріп деп білмейтіндер сабақты жақсы оқымайтындардың қатарында қалып кетеді. Мұндайда «Балаңыздың сабағы баяу, ілесе алмай жатыр, мүмкін балаңызды қосымшаға беріп көрерсіз» деп мұғалімдердің өздері қиылып жатады. «Менің бес балам бар. Шынымды айтсам, кейде оларға жеткілікті дәрежеде көңіл бөле алмай қаламын. Баламды нөлінші сыныпқа апару мүмкіндігі болмай, бірден бірінші сыныпқа бердім. Бәрін біліп келген балалармен оқуы қиынға соқты. Сондықтан жеке мұғалім жалдап, ай сайын 25 мың төлеп оқытып отырмын», дейді көпбалалы ана Мәдина Әбсат. Оған да жағдайы келген ата-ана бере алады.

Демек, сыныпта үздік бала алға жылжи береді де, оқу үлгерімі нашар бала төмендеп қала береді. Бұл да – білім жүйесінің бағытын айқындап отырған жағдай. Балаға орын жеткілікті болса, бір сыныпта 20 баладан артық отырмаса, бастауыш сыныптың мұғалімдерінің біліктілігі талапқа сай болмаса… Осындай қажеттілік кімге керек?! Орталықтың көбейгені де, ақылы қосымшалардың көбейгені де мектептердің олқылығынан болып отыр демеске амалың жоқ.

Мұғалім – өзінің сыныбындағы балалардың қайсысы озық, қайсысы көшке ілесе алмай келе жатқанын білетін бірден-бір адам. Ілкіде сабағы баяу оқушыларды екінші ауысымда қосымша сабаққа шақыратын мұғалімнің алаңдауы да ақыға айналып кеткеніне қалай қынжылмайсың?!

Мұның сыртында сапалы білім беретін ақылы білім ошақтарының жайы тағы бар. Халықаралық білім сапасына сай білім беретін мектептерде тек элиталық топтың балалары оқиды. Шыны керек, бұл оқуды аяқтағандарды орта білім беретін қарапайым мектептердегі балалардың білімімен салыстыра алмайсың. Бұл түлектер шетелдің мықты оқу орындарын бағындырып, оны тәмамдаған соң елдегі элиталық топтың қатарын көбейтіп жатады. Әлеуметтік бөлінудің бір ұшы осы жерде де көрініс табады.

 Жоғары білімбілікті маман болудың өлшемі емес

Елімізде білім саласындағы заңнаманы зерттейтін бірде-бір ғылыми орталық жоқ. Қолданыстағы заңнаманың олқылықтарының әсерінен жоғары білім алып шыққан мыңдаған маман жұмысқа орналаса амай, жұмыссыздар қатарын арттырып қана жүр. Елде еңбекке жарамды азаматтардың 4,9 проценті екі қолға бір күрек таппай жүр. Сорақысы сол, жұмыссыздардың қатарында жастар көбейіп барады. Өткен жылы жастар арасындағы жұмыссыздық 3,7 пайыз болса, биыл 3,9 пайызға жеткен. Облыста жұмыссыздар саны 0,2 пайызға көбейген.

Қалай десек те, ақылы түрде жоғары білім алудың пайдасы аз. «Біздегі білім жүйесі дұрыс емес. Әсіресе, ақылы білім беруге қарсымын. Мысалы, жыл сайын қаншама түлек осындай жоғары оқу орнындарынан білім алып шығады. Бірақ олардың өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп отырғандары статистикада аз. Демек, бұл уақыт олар үшін босқа кетті деген сөз. Ал ондай жоғары оқу орындары «әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің барлығында жекеменшік және ақылы білім кең тараған» дейді. Ақылы білім беруден мемлекет қазынасына үлкен қаражат түседі дейді.

Әлемдік деңгейде өзінің жоғары білім жүйесімен әйгілі болған елдер білімді сатудан үлкен қаржы табатыны рас. Бірақ олар оны тек шетелдік азаматтарға ғана сатады. Шетелдік жоғары оқу орындары сыртқа сататын ақылы білімнің сапасына онша көңіл бөлмейді. Мұнда білім нарығындағы экспорт көлемі басты орында тұрады. Міне, мәселе. Сондықтан оған иланудың қажеті жоқ», дейді Экономикалық колледж оқытушысы Ерлан Бошай.

Әлемнің ең дамыған елі Швейцарияда халықтың 15 пайызы ғана жоғары білім алады екен. Жоғары білім деген білікті маман болудың өлшемі емес. Қалған халық кәсіпкерлік және басқа да қызмет түрімен айналысып, тіршілігін жасап жүр. Ал біздегі жағдай керісінше.

Осындай дипломы бар тырнақшаның ішіндегі «мамандар» өз кәсібін білмегендіктен, «әке, көкелеп» жұмысқа тұрады. Ал одан мемлекетке ешқандай пайда жоқ. Бұдан не түюге болады? Ақылы білім беру, әсіресе, жекеменшік жоғары оқу орындарындағы жаппай диплом беру елімізге тек зиянын тигізеді.

 ТҮЙІН:

Жоғарыда айтқанымыздай, ақылы білім тек білім қызметін экспортқа шығаратын елдерге ғана тиімді. Ол елдер өз еліне маман дайындап жатпағанын білгендіктен, ақылы білімді сапасыз болса да шетелге сатуды көздейді. Ендеше біздің де ақылы білім беру жүйесін ақтауға тырысып, алдағы күннен үміт күтіп отыра беруіміз орынсыз. Ол үшін «шаян шөлге, шортан көлге, аққу көкке» сүйремегені абзал. Білім мен біліктілік деңгейін бір жапырақ қағазбен өлшейтін жүйе тоқтамайынша, біздегі білімнің жайы еш өзгермейтіні ақиқат.

 

 Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support