- Advertisement -

Өңір театрының өрісі кең, өнері шалқар

238

- Advertisement -

Қандай өнер түрі болса да ізденіс арқылы, қиын қадамдарға бару арқылы дами түседі. Ол үшін кәсіби мамандардан сабақ алып, шыңдалып отырудың оң әсері бар. Театр актерларына да сәт сайын талпыныс, жаңашылдық пен білім қажет екенін уақыт дәлелдеп келеді. Біз Тараз қаласындағы Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай ішкі театр фестивалі өтіп жатқанынан оқырмандарды хабардар еткен едік. Сол іс-шара екі күн бойы жалғасты. Енді мұндай жиынның берер тағылымы қандай? Осы жағына тоқталғанды жөн көріп отырмыз…

Жүргеновтің жарқын жолы

Аталған іс-шара аясында «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы – Темірбек Жүргеновке 125 жыл!» атты дөңгелек үстел өтті. Оған Алматыдан арнайы келген театртанушы мамандармен бірге облыстық драма театрдың шығармашылық ұжымы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мәдени тынығу мамандығының және Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің өнер бөлімінің студенттері қатысты.

Жиын барысында сөз алған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Зухра Исламбаева тұлға туралы мәліметтермен бөлісті. «Темірбек Жүргеновтің жасап кеткен еңбегі ұшан-теңіз. Ол «Шахнаманың» қазақ тіліне аударылуына еңбек сіңірді. 1936 жылы Мәскеуде өткен мәдениет және өнер күндеріне Қазақстанның өнерпаздарын дайындады. Өнерпаздарға ғана емес, қазақтың дәстүр- салтына, қазақи ерекшеліктеріне терең мән берді. Киіз үйдің бүкіл оюлы әшекейлерін, сол қызыл-жасыл бояуын бұзбай алып барғызды. Ондағы ойы қазақ халқының қолөнер байлығын, ісмерлігін, ұлттық киімдеріміздің байлығын, қазақтың терең талғамын, білімін, өзге ұлттарға ұқсамайтын ерекшелігін көрсеткісі келді. Көрсетті де.

Кеңестік кезең бізге көп нәрсені білдірмеді. Біз Абылай хан туралы жастай оқымадық, Кенесарыны білген жоқпыз. Бес арыс жайлы да үстірт, бергі жағын ғана таныдық. Сол кездегі саясаттың салқыны солай болды. Темірбек Жүргеновтің әйелі Дәмеш дәрігер кісі еді. Ағай ұсталып кеткеннен кейін Дәмеш апай да көп азап көрді. Сегіз жыл абақтыда отырып, өзінің шәкірттерінің көмегімен ертерек ақталып шықты. Бірақ, сол кездегі саясаттың азабын көрді. Сол ауыр жылдарда Қарағандыға қоныс аударды.

Кейінірек Алматыға қайта оралып, Жүргеновтің барлық жақын, туыстарымен араласты. Өмірлік жарының ақталуы жолында тер төкті. Осындай ауыр жылдар өтті. Биыл Алматыда да Темірбек Жүргенов жылы басталды. Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» атты кітабы жарық көрді. Темірбек Жүргенов жайлы деректер болғанымен, жазылып жатқан пьеса аз. Осы жағына авторлар көбірек жұмыс істесе деймін. Жүргенов еңбектері әлі де ізденуді, зерттеуді қажет етеді. Оның жолы зерттеліп, ұрпақтан-ұрпаққа жетуі тиіс», деді Зухра Исламбаева.

Мұнан соң профессор Анар Еркебай сөз алып, Темірбек Жүргеновтің Ташкентте, Уфада оқып, білімін жетілдіргенін айтты. «Сол кездің өзінде: «Қазақ жастарына Ұлттық университет керек» деп айтып, мәселе көтеріп жүрді. Өзі 5-курста оқып жүріп, Ташкентте университеттің ашылуына ықпал жасайды. Кейіннен сол оқу орнының ректоры болды. «Қазақ балаларына қажетті оқулықтары жоқ» деп сол кезде шырылдады. «Экономика», «Құқық» оқулық кітаптарын жазды. Сондай-ақ, ол әдебиетпен де айналысты. Жүргеновтің «Меруерт» атты танымал әңгімесі, «Аудармашының қиялы» деген әзіл өлеңі де бар.

1936 жылы Мәскеудегі өнер күндерінде қазақтың болмысын көрсетуге барын салды. Сол үшін «Қыз Жібекті» апарды. Евгений Брусиловскиді шақыртты. Қазақ ұлтының зеректігін, танымының кеңдігін көрсеткісі келді. Осы жолда тер төкті» деді профессор. Жиын барысында театртанушылар Айзат Қадыралиева және Карима Ахан да тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салды. Қонақтар қойылған сұрақтарға да жауап беріп, студенттермен кері байланыс жасап отырды. Жалпы, жиында қайраткер тұлға Темірбек Жүргенов жайлы кеңінен әңгімеленді.

Сын түзелмей, мін түзелмейді

Аталған ішкі театр фестивалі барысында мамандар облыстық драма театрдың қазіргі мүмкіндігі және болашағы жөнінде сараптама жасады. Жергілікті актерлар Алматыдан келген кәсіби мамандардың және көрермендердің алдында екі күнде 6 қойылым көрсетті. Атап айтқанда, Қолқанат Мұраттың «Мұғалім» драмасы, Қырғыз драматургы Бексұлтан Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» трагикомедиясы, Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы, Сұлтанбек Құдайбергеннің «Періште қонған үй» драмасы, Қуандық Шаңғытбаев пен Қаныбек Байсейітов бірігіп жазған «Беу, қыздар-ай!» комедиясы, Арғынбай Бекбосынның «Домалақ ене» символикалық драмасы көрсетілді. Әр қойылымның соңынан Алматыдан келген қазылар алқасының мүшелері ой-пікірлерін білдіріп отырды.

Мәселен, «Мұғалім» драмасында актерлар мен актрисалардың даусы төмен болғаны, мұғалім мен оқушылар арасындағы байланыстың ашылмағаны айтылды. Театртанушылар «Беу, қыздар-ай!» комедиясын біршама қолдай отырып, сын- ескертпелерін де жеткізді. Карима Ахан «Бұл қойылымда қыздардың есімінің бәрі – сұлу. Сондықтан, бәрі сұлу болу керек» десе, Айзат Қадыралиева «Айқай басым болды. Айсұлудың әпкелерінің қаладан ауылға келген өнерлі, ғалым жігіттерге құрметі мен таңданысы бөлекше болуы керек еді. Сол жағы көрінбей қалды», деді.

Зухра Османбекқызының «Спектакль жалпы алғанда ұнады. Көрермендерді баурай алдыңыздар. Қорапты машинаның сахнаға шығуы одан сайын әсерлі болды. Бірақ, сахнаны өте көп айналып кеткені жөн болмады. Еңбекке беріліп кеткен еркекшора қыздардың қайтадан нәзік қалыптарына келу барысын шынайы бердіңіздер, мұнан да жетілдіре түсуге болады», дегені көңілге қонса, Анар Саимжанқызы: «Әр қойылымға жаңашылдық қажет. Бұл қойылым сонау алпысыншы жылдардың аяғында шыққан. Сол кездегі тәсіл өзгере қоймаған.

Мәселен, жігіттердің Айсұлуды газеттегі мақаладан оқып ғашық болуын басқаша көргім келген. Мүмкін, заманауи түрде «Facebook»-тан көріп ғашық болып қалса да жарасымды шығар еді. Бұл спектакльдің өмір сүруге құқы бар. Алдағы уақытта біздің ескертпелерді ескерерсіздер» деді. Бұл жерде айта кетер ауыр бір жағдай бар. Фестиваль өтіп жатқан күндерде актер Абзал Дәулетбақов әкесінен айырылды. Басына түскен ауыр қайғыға қарамастан ол «Беу, қыздар- ай!» қойылымында Хасен рөлін ойнады. Бұл – актер Дәулетбақовтың театрға деген құрметі, жұмысына адалдығы деп бағаладық.

Мұнан соң Алматыдан келген қонақтар жас актерларға және актер мамандығында білім алып жатқан студенттерге арнап шеберлік сабақтарын өткізді. Бұл ретте Анар Еркебай экран арқылы әлемдік деңгейдегі үздік қойылымдардан үзінділер көрсетіп, әлем театрларының озық тәжірибесін ортаға салды.

Бұдан соң өткен жиынға облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай қатысып, алматылық сарапшылардан «Осы өңірлік театрдан не кемшілік көрдіңіздер? Ашып айтыңыздар. Театр алға басуы үшін не жасауымыз қажет? Мен барынша қолдау көрсетуге дайынмын», деді. Осы ретте Карима Талғатқызы «Бұл театрдың актерлік құрамын өзгелерден кем деп айта алмаймын. Өнерлеріне үлкен құрметпен қараймын. Жас актерларға біраз шеберлік сағатына қатысып, шыңдалғандары жөн.

Басқарма басшысы қолдап тұрғаны қуантады» десе, Айзат Қадыралиеваның «Театр актерлары жалпы шеберлік, сахна тілі жағынан ақсап жатыр. Актерлар білімдерін де жетілдіріп отырулары қажет. Қазақ театрларының, әлем театрларының тарихын білулері тиіс. Әр актер көкжиегі кеңіген сайын бағалана береді. Біздікі жанашырлық. Жұрттар қазір «Шаншар», «Базар жоқ» секілді жеке театрларды бағалай бастады. Нағыз кәсіби театр – сіздер» дегені өнерпаздарға ой салғаны анық. Зухра Исламбаева «Жұмыс репертуарларыңызда классикалық шығармалар жоқтың қасы. Уильям Шекспирдің, Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын неге қоймайсыздар? Оған сіздердің мүмкіндіктеріңіз толық жетеді. Дауыс, үн жағынан жұмыс істеңіздер. Режиссердің жоғы қиын екен. Жақсы режиссер қажет. Актерларды шетелде, Мәскеуде оқыту қажет. Оның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Бір қуанарлығы, театр директоры алға жылжуды, жаңашылдықты қалайтын азамат екен» деді. Анар Еркебаеваның «Шеберлікті шыңдай түсу керек.

Сахна тілі, сахна шеберлігі бойынша мықты мамандарды шақырып тұрыңыздар. Ең кемі алты ай сайын шақырыңыздар. Премьераларыңызға да кәсіби мамандарды шақырып, пікірін біліп тұрсаңыздар дами түсесіздер. Республикалық, халықаралық фестивальдарға қатысып тұрыңыздар. Ол сіздерді өсіреді. Әр фестивальға театрларыңыз қатыспаса да режиссерді, бес-алты актерді, суретшіні, әдебиет бөлімінің меңгерушісін жіберіп тұрыңыздар. Сонда өсу болады» деді. Бұл ретте Ерлан Жүнісбай қонақтар тарапынан айтылған ұсыныстарға ризашылығын білдіріп, театрды қаржы жағынан қолдайтынын айтты.

Біз іс-шара жайлы бірқатар кісілердің пікірін білдік. «Алматылық театртанушылардың пікірі – сынау емес, жанашырлық. Біз өз қазанымызда өзіміз қайнап жатырмыз. Сырттағы фестивальдарға біраз жылдан бері қатыса алмай қалдық. Пластика (иілу), дауыс, сахна шеберлігі жағынан шыңдала түсуіміз қажеттігі рас. Осы фестивальдің актерларға берері көп болды. Бұл алдағы жақсы өзгерістерге ықпал етеді деп ойлаймын», деді Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан. Аталған театр директоры Мәлік Ақүрпеков «Театр сыншыларының сын айтуы – біздің театрда спектакль жоқ деген сөз емес. Актерлардың деңгейі мұнан да жоғары болсын деген тілек. Сыншыларды да осы мақсатпен шақырып отырмыз» деп пікір білдірді.

Сонымен, аталған фестивальді қазылар алқасының төрағасы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Анар Еркебай қорытындылап, екі күн бойы өткен іс-шараны жоғары бағалады. Қазылар алқасының шешімімен «Үздік ер адам бейнесі» аталымы Жүніс Әлімбековке, «Үздік әйел адам бейнесі» Анар Алтыбаеваға берілді. «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» аталымына Абзал Дәулетбақов лайық деп танылса, «Эпизодтағы үздік ер адам» аталымына Әбиірбек Тінәлі, «Эпизодтағы үздік әйел адам» аталымына Жадыра Құлтаева ие болды. «Актер өнеріне қосқан үлесі үшін» аталымы Төлеген Жорабек пен Нұрсифат Салықоваға берілді. Сондай- ақ, театр директоры Мәлік Ақүрпеков Алматыдан арнайы келген қонақтарға рақмет айтып, ұжымның атынан сый- құрмет көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support