- Advertisement -

Ауылға көңіл бөлінгені қуантты

86

- Advertisement -

Жақында ғана ел болып бірігіп, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауымызды жасаған едік. Сол сайлау нәтижесінде депутаттық мандат алған азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктелді.

Міне, кеше ғана жаңадан сайланған VIII Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа бағыт-бағдарын айқын көрсетті.

Бір жыл бұрын өзінің халыққа жариялаған Жолдауында еліміздің саяси жаңғыру бағдарламасын ұсынғанын, бастамалар жұрттың шынайы қолдауына ие болғанын айтып, сөзін бастады. Рас, конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болып, Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі де күшейді. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды.

Реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Осының бәрін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы елімізде азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын да атап өтті. Біз оны кешегі сайлауға түскен партиялар мен кандидаттардың қызу пікірталастарынан байқадық. Президент сайлау науқанында көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылғанын, оның бәрі де міндетті түрде зерделенетінін айтты.

Президенттің тапсырмасымен биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтетін болды. Содан кейін елдегі барлық аудан әкімдері сайланбақ. Осы арқылы биліктің барлық институттары жаңарып, тың жұмыс жүйесі жүргізілмекші. Бұл демократияланудың, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігінің кеңейгенін көрсетеді.

Халықтың әл-ауқатын көтеріп, мемлекеттің жан-жақты дамуына қажетті салалардағы жұмыс қарқынын ілгерілету жолдарына тоқталған ел Президенті ауыл жайына жеке тоқталды. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасауды міндеттеді. Ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендетуге айрықша назар аударылатыны бізді шын қуантты. Ауылда туып-өсіп, ауданның саяси өміріне араласып, қызмет еткен ардагер ретінде Мемлекет басшысының ауыл-аймақтарға көңіл аудартқаны көңілімді өсірді.

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асырылатын болды. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынбақшы. Яғни, ауыл тұрғындарына 5-7 жылға дейін жылдық өсімі 2,5 пайыздық шағын несие берілетіні айтылды. Халыққа қызмет көрсетіп, өнім өткізу үшін құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативтеріне құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінетінін де Президент өз сөзінде атап өтті.

Бір сөзбен айтқанда, Президент сөзі көңілге сенім ұялатты. Еліміз болашаққа жаңа бағытпен қадам басқалы отыр.

 

 Қожайхан БИЖАНОВ,

Т.Рысқұлов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support