- Advertisement -

Ауыл тұрғындарының айтары көп

122

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданындағы Темірбек және Жалғызтөбе ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Алғашқы кездесу Темірбек ауылдық округіне қарасты Тегістік ауылында өтті.

– Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуі жалғасуда. Өткен жылы халықпен 1226 кездесу өткізілсе, соның 5-еуіне өзім қатыстым. Халық тарапынан 4 мыңнан аса сұрақ қойылып, ұсыныстар айтылған болатын. Оның басым бөлігіне жиын барысында жауап берілсе, қалған сұрақтар бақылауға алынған. Ал, биыл барлық деңгейдегі әкімдермен 400 кездесу өткізілді. Біздің мақсат – ауыл тұрғындарының пікірі мен ұсыныстарын тыңдау. Ал, бұл менің биылғы 15-інші кездесуім. Біздің мақсатымыз – өздеріңіз сияқты ауыл тұрғындарының көтерген сұрақтарын қарап, талдап, оның шешімін табу үшін жұмыс істеу, – деді Нұржан Нұржігітов.

Сөйтіп, кездесуді сұрақ-жауап түрінде өткізу туралы ұсынысын айтты. Бұл ұсыныс округ тұрғындары тарапынан қолдау тауып, әуелі ауыл ақсақалы Мұхамеджан Садырқұлов ағын су мәселесін көтерді.

«Темірбек каналынан келетін ағын су ауылға жетпейді. Каналдың оң жағалауы сусыз отыр. Ағын судың жоқтығынан үй іргесіндегі жер телімдеріне бақша салуды да қойдық.

Бізге осы мәселені шешіп берсеңіз», – деді ол. Бұл сұраққа аудандағы «Қазсушар» мекемесінің басшылығы жауап беруге тырысқанымен, мардымды ештеңе айта алмады.

– Облысымызда 2019 жылдан бері каналдарды қалпына келтіру жұмыстарын бастап кеттік. Қазіргі таңда 5 ауданда каналдар бетондалып, қалпына келтірілуде. Соның есебінен облыста 55 мың гектар алқапты ағын сумен қайта қамтып отырмыз. Облыста 180 мың гектар суармалы алқап болса, биыл оның көлемі 110 мың гектарға жеткізілген. Жалпы, суармалы алқаптарға су жеткізу жұмыстарын 2025 жылға дейін толық аяқтауға күш саламыз. Қазіргі таңда аймақта жөндеуді қажет ететін 257 канал анықталған. Ол каналдарды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Алда ағын су мәселесін шешу үшін облыста үш су қоймасын салу көзделген. Соның бірі – «Ақмола» су қоймасы. Оның да жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Канал бір-екі жылда салынса Тегістікте ағын су мәселесі шешіледі деген сенімдемін, – деді Нұржан Нұржігітов.

Шахан ауылының тұрғыны Қырықбай Айнақұлов таза ауыз су мен жол мәселесін көтерген болатын. Аймақ басшысы биылдың өзінде 20 елді мекенге ауыз су құбырының тартылып жатқанын айтып, бұл жұмысты 2025 жылы аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Ауылдық округ әкімдері жобалық- сметалық құжаттамасын ертерек дайындап өткізсе, таза ауыз су кіргізілетінін айтты. Осы орайда облыс басшысы жол мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтып өтті. «Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов биыл ауданда таза ауыз су жүйесінің аяқталатынын айтты. Ендеше, бірінші ауыз суды кіргізіп алып, содан кейін жолды жөндейік» деген Нұржан Нұржігітов бұл мәселенің нүктесін қойды.

Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан мектеп салу, мал жайылымының тапшылығы, жолға шағал төсеу сынды маңызды мәселелермен қатар, басқа ұсақ-түйек сұрақтар да қойылды.

– Ауыл ішіндегі ұсақ-түйек мәселелерді ауыл әкіміне тіреп қоюға болмайды. Оған өздеріңіз де көмектесіп, ауылдың көріктендірілуіне, арық-атыздың тазалануына, басқа да іс-шараларына үлес қосуларыңыз керек. Оның бәрін әкім жасап береді деп қарап отыруға болмайды, өйткені мұндай ұсақ шаруаларға қаржы қаралмаған. Мұнда сіздердің ұйымшылдықтарыңыз бен ынтымақ-бірліктеріңіз маңызды, – деген аймақ басшысы округ тұрғындарын ауыл әкіміне қолдау көрсетіп, бірге жұмыс істеуге шақырды.

Келесі кездесу Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылында өтті. Ауыл тұрғындары облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің кездесуді сұрақ- жауап түрінде өткізу туралы ұсынысын бірден қолдады.

Ауыл ақсақалы Жеңіс Ысқақов «Ауылда баламыз бен малымыз бағулы, жарығымыз бен газымыз жағулы. Біз сіздің уақытыңызды ұсақ-түйек мәселемен алмайық деп шешіп, екі үлкен мәселені көтергелі отырмыз.

Біріншісі, 1937 жылы пайдалануға берілген емхана тозды. Сол емхана қайта салынса.

Екіншісі, спорт кешенін салып берсеңіз деген өтінішіміз бар», деп көптің ұсынысын жеткізді.

Тиісті сала басшылары биыл ауылда жаңа емхананың салынатынын айтса, спорт кешенін салу алдағы уақытта жоспарланбағанын жеткізді. Ал, келесі сұрақты қойған ауыл қариясы Айтбай Мамыралиев ауыл ішінен өтетін күрежолға жол кедергілерін салып беруді, тері-жүннің кәдеге жарамай шашылып жатқандығын көтерді.

Кездесу барысында бұдан басқа да округке қатысты мәселелер көтеріліп, оларға тиісті жауаптар берілді. Кездесулерден соң қос ауылдық округте де облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.

Марат ҚҰЛИБАЕАВ
Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support