- Advertisement -

Сібір жарасы – қауіпті індет

267

- Advertisement -

Облыс көлемінде әр жылдары тіркелген 189 сібір жарасы ауруының ошақтары бар. Сондықтан да облыс сібір жарасы ауруынан қолайсыз аймақ болып есептеледі.

Сібір жарасы (қойда – топалаң, жылқыда – жамандат, ірі қарада – қараталақ, түйеде – ақшелек, қарабез) ауыл шаруашылығы және жабайы жануарлардың бациллус антрацис микробы қоздыратын, жіті түрде өтетін, адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы ауру. Оған ірі қара, қой, ешкі, жылқы, бұғы, түйе, сондай-ақ, жабайы шөпқоректілер шалдығады. Шошқа сирек, ит пен мысық бацилламен өте көп мөлшерде залалданғанда ғана ауырады. Сақа жануарларға карағанда төл індетке біршама жиі шалдығады.

Сібір жарасы – маусымды індет. Ол, әсіресе қуаңшылықты жылдары маусым-қыркүйек айларында жиі тарайды. Сібір жарасы ауруына қарсы ем болмағандықтан, ең тиімдісі алдын алу шаралары. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша жоспарға сай ауыл шаруашылығы жануарларына сібір жарасы ауруына қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға да егілуі тиіс.

Сібір жарасы ауруына шалдыққан мал бағытсыз қозғалады, денесі құрысып, тісін қышырлатып, аузынан, мұрнынан, артқы ішегінен қанды көбік ағады және қаны ұйымайды. Індеттің жіті жағдайында малдың қызуы көтеріледі, мал қимылсыз күйзеліп, көзі қанталап, ауыз және тыныс кілегей қабығы көгеріп қан аралас тышқақтайды, көп ұзамай өледі.

Топалаңнан өлген малды сойған кезде оттегінің әсерінен қоздырғышы спораға айналатындықтан, мұндай малды жарып көруге қатаң тыйым салынады. Спора әртүрлі химиялық заттар мен физикалық құбылыстарға аса төзімді, тіпті ол тікелей түскен күн сәулесінен 4 күнге дейін өлмей шыдап басқа, қайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа, 1 пайыз формалин мен 10 пайыз күйдіргіш натрий ерітіндісінде 2 сағатқа төзеді. Ол тұздалған теріде де тіршілік ете береді.

Ауру қоздырғышы сыртқы ортада сапрофит ретінде өмір сүріп, шаң-тозаң, ағынды су, қан сорғыш кенелер арқылы бір жерден екінші жерге ауысып, жаңадан індет ошағын құрайды. Сонымен қатар, қоздырғыштың таралуына етқоректілер мен жыртқыш құстар да себепкер болып, салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы орындар – мал өлекселерін өртейтін орындарға апару қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Облыс аумағында анықталған сібір жарасы ошақтары ветеринария мамандарының бақылауына алынған. Жыл сайын сібір жарасы көмінділерінен топырақ сынамалары алынып, ветеринариялық зертханада тексеріліп отырады. Сібір жарасы ошағы көмінділері «Сібір жарасы», «Қауіпті аймақ» деген ескертпе жазба тақтайшалары орнатылып, ережеге сәйкес қоршалып, бетондалған. Қоршалған жерлердің мемлекеттік жер актілері алынып, координаттары белгіленген. Облыс бойынша эпизоотологиялық жағдай тұрақты.

 

 Талғатбек АЛТЫНБЕК,

облыс әкімдігі ветеринария басқармасы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support