- Advertisement -

Қараусыз ғимараттар қашанғы қаңырап тұрады?

174

- Advertisement -

Қазір қай елді мекенге барсаңыз да онда қаңырап бос тұрған ғимараттарды кезіктіреміз. Бұл ғимараттар кеңестік дәуірде жұмыс істеген сауынды сиыр фермасы мен бордақы алаңдары, техника паркі, қоймалар мен қырмандар болатын. Бұрынғы кеңестік жүйе кезінде дүрілдеп тұрған кеңшарлардан қалған қора-жайлар бүгінде әбден тозған, шатыры шұрық тесік, есік-тесіктері үңірейген. Нысандар көңілге қаяу түсіреді. Бұл бұзылып, жермен жексен болғаннан қалғаны. Дегенмен, оның барлығы дерлік елді мекеннің кіреберісінде орналасқан.

Бұл көрініске жастардың көзі үйренгенімен, ол ғимараттарды іргетасынан тұрғызып, кеңшардың дамуына үлес қосқан қариялардың көрген сайын қазіргі жағдайына қарап жүректері ауыратыны белгілі.

– Бұрын мұнда «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхоз жұмыс істеген. Кеңшардың ауыл сыртындағы қора-жайында 3 мың мүйізді ірі қара, 1200 бас сауынды сиыр тұратын. Қой фермасындағы ұсақ малдың өзі ондаған отарды құрайтын. Қырман мен қоймалар, техника паркі, бәрі қазір қаңырап бос тұр. Барлығы дерлік жекенің қолына өтіп кеткен. Сыртын таспен қоршаған еді, бүгінде тасы да қалмады. Көрінген арбалап, тасып алып кетті. Осы ғимараттарды көрген сайын көңілім құлазып сала береді. Оны ешкім қайта қалпына келтіруге тырысып жатқан жоқ. Байшыкештер алып не өздері кәдеге асырмайды, не жұмыс істейтін азаматтарға бермейді, – дейді Мәдімар ауылының тұрғыны, сексеннің бесіне шыққан ақсақал Кеңесбек Нұридинов.

Қарияның айтуымен, ауыл маңайындағы осындай онға тарта ғимараттың жай-күйімен таныстық. Барлығы дерлік қатты тозған. Техника паркінде бірнеше трактор мен ауыл шаруашылығы тіркемелері ашық аспан астында тұр. Мұндағы парктің қабырғалары құлап, айналасы ашық-шашық жатыр. Сыртқы бетон қоршаулары да құлауға шақ, қисайып тұр. Күйген кірпішпен өрілген қабырғаларының бір бөлігі құлап, жерде шашылып жатса, ендігі бөлігі қалқайып қана тұр. «Күйген кірпіш іздегендер оны қоларбамен келіп, бір-біртіндеп әкетіп жатыр. Ертең бір баланы жазатайым басып қалса, не болады?», дейді қария.

Қарияның бұлай алаңдауының себебі де бар. Өйткені, мұндай орындарда қайғылы жағдайдың аз болмағаны да белгілі. Қараусыз қалған ғимараттардан жансыз кісі денесінің де табылып жататыны рас. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Сарыағаш»  базары іргесіндегі қаңырап қараусыз қалған тігін фабрикасы ғимаратының ішінен 1974 жылы туған азаматтың жансыз денесі табылған еді. Өзге аудандардан да осындай жағдайларды аз кездестіріп жүргеніміз жоқ. Айта берсе, мұндай қараусыз ғимараттарда ойнап жүріп аяғын шығарып немесе қолын сындырып алған жасөспірімдер де көп болады.

Қараусыз қалған ғимараттарды бір Мәдімар ауылының ғана емес, өзге елді мекендердің қасынан да көруге болады. Түймекентте де, Қосы батыр мен Жақашта да бар мұндай ғимараттар. Өзім туып-өскен Жуалы ауданындағы Көкбастау ауылдық округінде де мұндай қараусыз қалған ғимараттар баршылық. Бақалы ауылының сол жақ кіреберісінде жұмыс істеген бордақылау мен сүт фермасының орны талай жылдан бері қаңырап тұр. Былтыр бергі жағындағы сауынды сиыр фермасының жарамды бетон құралдарын «Гамбург» ЖШС бұзып әкеткен. Орнында үйіндісі қалса, өзгесі қаңырап бос тұр. Аталған округке қарасты Қосбөлтек ауылының орталығында орналасқан бұрынғы өндірістік кооперативінің техника паркі ауылдың ғана емес, көшенің де сәнін кетіріп тұрғаны белгілі.

Нұрлыкент ауылдық округіндегі теміржол өткелі үстіндегі ескі қойма орнын қираған үйінді басып жатыр. Ал, Қошқарата бағытындағы жол бойында да осындай фермаларды жиі ұшыратамыз. Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында да қаңырап тұрған ғимараттар аз емес. Оның басым бөлігі Жібек жолы бойында орналасқан. Атшаптырым аумақты алып жатқан бірнеше ғимарат орны талай жылдан бері бос. Бағдаршамның түбіндегі ескі диірмен ғимараты да көше көркін бұзып тұр. Айта берсе жетерлік, осындай нысандарды Меркі, Т.Рысқұлов пен Мойынқұм аудандарына барған кездерімде де көп кездестірдім.

Бұл жағдай аудан әкімдеріне де белгілі. Осы орайда, Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ноғаевты сөзге тартқан едік. Әкім округке қарасты Мәдімар ауылындағы бұл жағдайдан хабардар екен. Бірақ, ақсақал көтерген қора-жайлар мен басқа ғимараттарға қатысты ештеңе істей алмай отырғанын жеткізді. Өйткені, жекенің қолына өткен бұл нысандардың әрбірінің қожасы бар. Бірі пайдаланып отырса, енді бірі ол ғимараттарды бұзып, өз мақсаттарына пайдалануға ниетті екен.

Жалпы бұл округте атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Тал-дарақтар жайқалып, жолдар асфальтталып, көшелер жарықтандырылған. Өзге аудандағы ауылдық округ әкімдерімен де тілдескен едік, олар да көше мен ауыл сәнін кетіріп тұрған осындай ғимараттардың мәселесін реттегісі-ақ келеді. Бірақ, істің қиюы келмей жатыр екен.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support