- Advertisement -

Көктемгі дала жұмыстары қызу жүруде

55

- Advertisement -

Биыл облыста 770,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Жоспарлы жыртылуы тиіс 104 мың гектардың қазіргі таңда 44,5 мың гектары жыртылды, 107,9 мың гектар алқапта өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты айтылып, кездесіп отырған мәселелердің шешу жолдары талқыланды. Басқосуда әуелі көктемгі егіс-дала жұмыстарының барысы қаралды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, бүгінге дейін 65,9 мың гектар алқапта жаздық масақты дақылдар, 6,3 мың гектарға көпжылдық шөп, 4,5 мың гектарға көкөніс, 955 гектар алқапта майлы дақылдар және 225 гектар алқапта картоп дақылдары себілген.

– Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 95,6 мың тонна тұқым көлемінің 76,8 мың тоннасы қолда бар. Сондай-ақ, биыл қант қызылшасы дақылының егіс жоспарын 10 400 гектарға арттыру көзделген.

Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына 6 893 дана ауыл шаруашылығы техникаларын қатыстыру жоспарланған. Тиісті техникалар толығымен дайын.

Бұдан бөлек, ақпан-сәуір айларына жалпы 15,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бөлінген дизель отынын шаруашылықтарға тарату үшін, облыс бойынша 14 оператор анықталған. Бүгінгі таңда 11,2 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны облысымызға жеткізіліп, 6,1 мың тоннасы ауыл шаруашылығы құрылымдарына таратылды. Бөлінген көлемді тасымалдау және тарату жұмыстары тұрақты бақылауда, – деді басқарма басшысы.

Аймақ басшысы аудан басшыларынан жеке-жеке жауаптар алып, субсидия беру, тыңайтқышпен қамту ісіндегі сылбыр жұмыстарды сынға алды.

– Көктемгі дала жұмыстары сапалы әрі уақтылы жүргізілуі тиіс. Барлық қажетті қаражат қаралған. Тек тиісті орындармен, шаруалармен бірлесіп жұмыс жасаңыздар. Мемлекеттік қолдау әр ауылға, шаруаларға жету маңызды, – дей келе облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ, жиында вегетациялық кезеңге дайындық, ағын су жүйелерін жөндеу мәселелері сараланды.

Басқосуда «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Ерлан Өтегенов, Жамбыл су қоймаларының басшысы Нарбай Ергебеков, Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашева баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

Бүгінгі күнге облыстағы республикалық меншіктегі су қоймаларға жиналған судың орташа көлемі 80 пайызды құрайды. Барлық су қоймалары транзит режимінен су жинау режиміне қойылуда.

«Қазсушар» Жамбыл филиалымен ағымдағы жылдың вегетация кезеңінде 107,5 мың гектарды суғару жоспарлануда. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтырғы жылы бұл көрсеткіш 92,8 мың гектарды құраған.

Сондай-ақ, «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекеменің теңгерімінде 113 су қойма мен бөгеттер тіркелген десек, жалпы жобалық сыйымдылығы 136,617 миллион текшеметрді құрайды. Бүгінге дейін 72 177 миллион текшеметр су жинақталған. Вегетациалық кезеңге дейін шамамен 116-118 миллион текшеметр су жиналады деп күтілуде.

– Осы жылы 10 су қоймасын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда мердігерлер анықталып, жүргізілетін жұмыстар бойынша іс-шара жоспары әзірленуде. Жұмыстар рет-ретімен басталуда. Сонымен қатар, 5 су қойма бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Ал, Қордай ауданында «Қызылсай» су қоймасын салу үшін ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Нарбай Ергебеков.

Ал, ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру жол картасы аясында өңірде орналасқан 257 су шаруашылығы нысанына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын.

Коммуналдық меншіктегі 232 нысанның 8-іне жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. 43 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы сараптаманың қорытындысымен әзірленген десек, қалған 181 су нысанына аудан әкімдіктері қаражат қарастырып, жобалық-сметалық құжаттарын мемлекеттік сараптаманың қорытындысымен әзірлеуі қажет. Бүгінде оның 100-іне қаражат қойылған.

Облыс әкімі вегетациялық кезеңге барынша дайын болу керектігін ескертіп, суармалы жерлерге тиісті дақылдарды отырғызуда шаруалармен бірлесіп жұмыс істеу керектігін еске салды.

Сондай-ақ, каналдардың құжаттама жұмыстарын жылдамдату, жөндеу жұмыстарын бақылауда ұстау керектігін баса айтты.

Басқосуда «Ауыл аманаты» жобасының орындалу барысы да қаралды.

Аймақ басшысы жобаға енген ауылдық округтердегі әлеуметтік мәселелерді де кешенді түрде шешу маңыздылығын тағы да атап өтті. Ол ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылық малдарын қолдан ұрықтандыру, қоғамдық өрістерге асыл тұқымды бұқаларды қосу бойынша да тапсырмалардың орындалуын нақтылады.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support