- Advertisement -

Барысхандық балалар қуанған күн

101

- Advertisement -

Ең жақсы мектеп – үйіңе жақын орналасқан мектеп. Осы уақытқа дейін қала мектептеріне, іргелес аумақтарға қатынап оқып келген барысхандық оқушылар үшін кеше ерекше күн болды. Барысхан тұрғын алқабында 600 орындық жаңа білім ошағы пайдалануға берілді. №62 орта мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, мектеп ұжымын, тұрғындарды, оқушыларды қуанышымен құттықтады.

– Білім беру инфрақұрылымын дамыту – біздің алға қойған басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінде облыс мектептерінің материалдық- техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер соғылып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет- ретімен шешімін тауып келеді. Бұл өз кезегінде білім сапасының айтарлықтай өсуіне септігін тигізері сөзсіз.

Жамбыл өңірінен шығып, бүгінгі күні түрлі салада жемісті еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарымыз аз емес. Сіздер де сол аға-әпкелеріңіздің ізін жалғастырып, болашақта мықты маман болыңыздар, –– деді облыс әкімі.

Бұдан соң жаңа нысанның лентасы қиылып, кілті тапсырылды. Қонақтар мектеп ішін аралап көріп, кабинеттермен танысты. Сәулеті келіскен білім ошағы заманауи үлгіде салынып, жабдықталған. 23 оқу бөлмесі, компьютер, модификациялық, лингафон кабинеттері бар. Сондай-ақ, кең көлемдегі спорт залы, шеберханасы, бір мезетте 200-ден астам баланы қабылдайтын үлкен асханасы да бар. Әзірге 351 бала білім алады.

«Мен өзім тұратын жерден жаңа мектептің ашылғанына ерекше қуандым. Байзақ ауылына қатынап оқитын едім. Үйдің үлкенімін. Өзімнен кейін төрт бауырым бар. Қала ішіне қарай бұл жерден екі-ақ автобус жүреді. Оның тек біреуі ауылымыздың ішкі жағына кіреді. Жаңбырлы күндері ол да айналып өтеді. Ал біз көлік іздеп қиналып қалатын едік. Енді үйдегі бауырларым үшін еш алаңдамайтын болдым. Ата-анам да қатты қуанып отыр. Бірден осында ауысып алдым. Енді бәріміз өз мектебімізде оқитын боламыз», дейді мектептің 9-сынып оқушысы Асылан Абдраимов.

Айта кететін жайт, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 20 мектеп салынады. Оның сегізінің құрылысы биыл басталса, қалғаны келер жылға жоспарланған. Тараз қаласында ағымдағы жылы төрт «Жайлы мектептің» құрылысы қолға алынады.

 

Гүлжан РАХМАН

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support