Әлеумет

Таразда тағы бір балабақша...

Таразда тағы бір балабақша...

Тұңғыш Президент күніне орай ашылды

Тараздық бүлдіршіндердің бір тобы 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күнін жаңа балабақшада мерекелеу мүмкіндігіне ие болды. Кеше олар үшін шаһардың «Былғары комбинаты» аумағынан «Балауса» балғындар ұясы есігін ашты. Бұрынғы оңалту орталығының ғимаратын «NYR-AI» ЖШС 140 орындық типтік балабақшаға лайықтап, күрделі жөндеуден өткізіп беріпті. Бұл мақсатқа қазынадан 29 миллион 620 мың теңге жұмсалған.

Ашылу салтанатына қала әкімі Нұржан Календеров бастаған білім беру мекемелерінің басшылары, ата-аналар өкілдері қатысып, балдырғандар қуанышына ортақтасты. – Бүгінгі таңда осынау мемлекеттік мереке қарсаңында жер-жерде айрықша маңызға ие әлеуметтік нысандар ашу игі дәстүрге айналып келеді. Қаламызда тағы бір мектепке дейінгі тәрбие мекемесі ашылып отыр. Бұл – биыл бізде пайдалануға берілген үшінші балабақша. Жалпы, қала бойынша жыл ішінде 1500 қосымша орын ашылуы жүзеге асырылды. Еліміздегі атқарылып жатқан әрбір іс, әрбір жаңалықтың барлығы да Елбасының жүргізіп отырған саясатының арқасында, жыл сайынғы халыққа Жолдауларында алға қойған тапсырмаларынан, мемлекеттік бағдарламаларынан бастау алған үлкен маңызы бар шаралар екені анық. Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында да мектепке дейінгі тәрбие нысандарының желісін кеңейту жөнінде тапсырма беріп, бұл іске қомақты қаржы бөлінгені турасында айтып өтті, – деп Нұржан Сәбитұлы жаңа ашылған мекеменің балалар тәрбиелеу ісіне өзіндік үлесін қосатындығына сенім білдірді. Еңбек ардагері Уәли Жақыпбеков «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар үшін облыс пен қала басшыларына ата-аналар атынан ризашылығын жеткізіп, мердігерлік ұйым басшысының орынбасары Бақытжан Жұрымбаев балабақша меңгерушісі Ділда Қуатоваға нысанның символикалық кілтін тапсырды. Бұдан соң жаңа нысанның лентасы қиылып, шашу шашылды.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».