- Advertisement -

Жаңа күннің, жақсылықтың жаршысы – әз Наурыз!

64

- Advertisement -

Наурыз – тіршіліктің жаңарып, күн мен түннің теңеліп, өзгеше кейіпке енетін айы. Күллі түркі ұлысына ортақ Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мерекесі де қазақ халқы үшін ерекше мейрам. Ұлттың ұлы салт-дәстүріне негізделген айтулы мерекенің көпшілікке берер тәлімі мен тағылымы да мол. Бұл күні қыстан аман шыққан халық бір- бірімен көрісіп, хал сұрасып, келер күндерден жақсы үміт күтеді, бір-біріне игі тілегін арнайды. Бұл да халқымыздың ғасырлар бойы жасап келе жатқан ежелгі дәстүрі, келер ұрпаққа көрсеткен жақсы өнегесі. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізгенде де «Наурыз мейрамын жаңаша атап өте бастадық», деген болатын. Бүгінде елімізде Наурыз мерекесі жаңаша атап өтілуде. Оның ішінде Жамбыл облысында да Ұлыстың ұлы күні жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Көктем шығып, Наурыз айы туа салысымен өңірде көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл облыста 17 миллионға жуық тал- дарақ отырғызылады деп жоспарланған. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды молайту және өсіру туралы» кешенді жоспары бойынша жүзеге асады. Жалпы, белгіленген бесжылдықта облыс аумағында 140,8 миллион түп ағаш көшеті отырғызылады. Аталған жоспар аясында 2021-2022 жылдары 35,1 миллион түп ағаш отырғызылды. Аймақта ағаш отырғызу жұмыстары Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесінде де жалғасын тапты.

Ұлыстың ұлы күні облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйіне барып, аталған мекеменің ауласына ағаш көшетін отырғызу рәсіміне қатысты. Аймақты көгалдандыру мақсатында ұйымдастырылған игі іске өңірдегі облыстық деңгейдегі құқық қорғау органдарының басшылары, облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен еріктілер де атсалысты.

Қатысушылар бұл іс-шараның жастарға беретін тәрбиелік маңыздылығын атап өтіп, ұлы мерекенің негізгі мәні осындай игі істермен арта түсетінін жеткізді. Облыс басшысы Нұржан Нұржігітов осынау игілікті істің басында болып, бүлдіршіндермен бірге ағаш отырғызды.

Отырғызылған ағаш көшеттеріне аталған бөбектер үйінің бүлдіршіндері су құйып, халқымыздың болмысында қалыптасқан ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті. Бұдан кейін Нұржан Молдиярұлы балалармен әңгімелесіп, оларды Наурыз мерекесімен құттықтады. Аталған іс-шара барысында елімізге белгілі жазушы-драматург, облыстың Құрметті азаматы Елен Әлімжан келген қонақтарға бата беріп, игі тілегін арнады. Қонақтар мен бөбектер үйінің бүлдіршіндері естелік суретке түсіп, мерекеге орай арнайы жайылған ақ дастарқаннан дәм татты.

Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтаған, қасиеті мен өсиеті қатар өрілген Ұлыстың ұлы күні мерекесі облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде жоғары деңгейде аталып өтті. Өңір тұрғындары мен қонақтары бұл күні кешен алаңына көптеп жиналып, мереке мерейін асқақтатты. Бірқатар мекемелер кешен алаңына арнайы киіз үй тігіп, келушілерге наурыз көже мен ұлттық дәм түрлерін ұсынды. Жиналған тұрғындар арнайы тігілген киіз үйлерге кіріп, түрлі тағам түрлерінен дәм татты.

Көпшілік үшін «Март» сауда орталығынан «Көне Тараз» этномәдени кешеніне дейін қазақ ертегілерінің кейіпкерлерінен фотоаймақ, балалар қолөнерлерінің көрмесі және робототехникадан көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, көпшілік садақ ату, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, қазақ күресі, қол күрес, қой көтеру және тоғызқұмалақ ойындарын да тамашалады. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов әз Наурыз мерекесіне орай арнайы ұйымдастырылған «Балалар аймағы», «Ұлттық спорт түрлері аймағы» және «Киіз үйлер аймағы» сияқты бірқатар аймақтарды аралап, көпшілікпен жүздесті. Асық ату ойынына қатысты.

«Көне Тараз» кешенінің сахнасында өңір өнерпаздарының қатысуымен «Қош келдің, әз Наурыз» атты театрландырылған көрініс сахналанып, келушілерге жақсы әсер сыйлады. Аталған қойылымда халқымыздың салт-дәстүрі насихатталып, Наурыз мейрамының шығу тарихы және өзге де рухани құнды дүниелер айтылды. Көпшілікпен бірге Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңір тұрғындарын және қонақтарын әз Наурыз мерекесімен құттықтады.

– Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мерекесі – күн мен түннің теңелер шағы. Халқымыз үшін айтулы мереке, айрықша күн! Бұл күн – бүкіл тіршілік жаңарып, табиғат түрленіп, жаңаша кейіпке енетін күн. Сондықтан да бабаларымыз бұл күнді ерекше қадір тұтып, «әз Наурыз» деп атаған. Тамыры тереңде жатқан әз Наурыз дана халқымыз үшін қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі.

Наурыздың тағы бір белгісі – ұқыптылық пен тазалық. Қазақ – тазалыққа етене жақын халық. Осы Ұлыстың ұлы күні бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызып, қоршаған ортаны тазалау – ертеден келе жатқан дәстүріміз. Осылайша, бұл мерекені түрлі сипатта атап өту арқылы біз ата-баба салтын берік ұстанып келеміз. Жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған әз Наурызбен тағы да құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, шаңырақтарыңызға шаттық алып келсін дегім келеді, – деді Нұржан Молдиярұлы. Бұдан соң өңір басшысы жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайларды құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

Халқымызда «Батаменен ел көгерер» деген аталы сөз бар. Бұл күні көпті көрген қариялар жастарға жол көрсетіп, игі тілегін арнады. Батагөй ақсақал Аманжол Дүрәлі көпшілікке бата беріп, елдің ынтымағы мен бірлігінің артып, халықтың өсіп-өркендеуін тіледі. Мерекелік алаңға шыққан тұрғындар да бір-бірімен қауышып, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп игі тілектерін арнады.

Ұлыстың ұлы күні «Достық үйінің» маңайындағы сауда-саттық аймағында тігілген бір үлгідегі шатырлар астында көпшілікке наурыз көже мен бауырсақ таратылды. Өнерпаздар ән шырқап, би билеп, мерекелік іс-шараның көрігін қыздырды.

Сонымен қатар, Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шара Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті саябағында да өтті. Мұнда да киіз үйлер тігіліп, қолөнершілер көрмесі, театрландырылған қойылым, спорттық ойындар мен мерекелік концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Көпшілік «Армысың, әз Наурыз!» атты мәдени іс-шараны тамашалады.

Сондай-ақ, мерекеге орай безендірілген «Наурыз жаршысы» күйме-керуені облыс орталығының «Қант зауыты», «Қайнар», «Барысхан», «Қамұқат», «Шөлдала», «Құмшағал», «Арай», «Көлтоған» тұрғын алаптарын және шағынаудандарды аралап, тұрғындарға мерекелік концерттік бағдарламаларын тарту етіп, құрт, ірімшік, бауырсақ сияқты базарлықтарын үлестірді. Мұндай мерекелік шаралар облыстың барлық аудан және ауылдық округтерінде де ұйымдастырылды.

 

Хамит ЕСАМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support