Судың да сұрауы бар
Судың да сұрауы бар
Жолдауда жүктелген міндетті жүзеге асыру мақсатында облыс орталығындағы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында техникалық кеңес өтті. Су ресурстарын есепке алуды автоматтандыру және цифрландыру бойынша гидротехникалық құрылымдардың техникалық жағдайына бақылау жасау бойынша өткен техникалық кеңеске еліміздің өзге қалаларынан және Австралия, Германия елдерінен осы салада еңбек етіп жүрген мамандар келіп, қатысты. Су ресурстарын ысырапшылдықтан қорғап, суды қажетінше үнемді пайдаланудың тиімді жолдарын қарастырған жиында ұсынылған тың жобалар да талқыланды. – Мәселен, 1960 жылы жалпы қолда бар су ресурстары 115 текше километр болса, 2021 жылға қарай олар 93 текше километрге дейін азайды, ал келешекте 2030 жылға қарай 78,4 текше километрге дейін төмендеуі мүмкін. Болжам бойынша 2030 жылға қарай трансшекаралық ағынның қысқаруы шамамен 5 текше километр болу мүмкіндігін көрсетті. 2025 жылға қарай су жоғалтуды 4 миллиард текшеметрге қысқарту, ал өнеркәсіпке алынатын су көлемін 1,3 миллиард текшеметрге дейін үнемдеу жоспарланған. Республика бойынша 3,5 мың магистралды каналдар бар, оның ұзындығы 21,5 мың километр болады. Оның 12 мың километрі қанағаттанарлық жағдайда. 212 каналда суды есепке алуды цифрландыру жоспарлануда. Биыл 89 каналда осындай жұмыстар жоспарланып отыр. Осы іс-шаралардың арқасында 1,2 миллиард текшеметр су үнемделеді, – деді Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Еркін Тажғалиев. 1990 жылдары егіс алқаптарын суару жүйесі ауыл шаруашылығы құрылымдарының тарқауының салдарынан төмендеп кетті. Қазіргі таңда сол суғару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қайта қолға алынып, тиісті құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде 1,5 миллион гектар егістік алқап қалпына келтірілу үстінде. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып отыр.
Қамар ҚАРАСАЕВА