Экономика

«ЖАРҚҰМ» КЕН ОРНЫНЫҢ АЛАУЫ

«ЖАРҚҰМ» КЕН ОРНЫНЫҢ АЛАУЫ

24 23Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасының 2007 жылы сәуір айында облысқа жасаған жұмыс сапары кезінде «Амангелді газ» кен орны маңынан кен орындарын одан әрі ұлғайту туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы «Жарқұм» кен орнын іске қосып, халық игілігіне берді. 

Кен орны мерекедегідей безендірілген. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол –болашаққа бастар жол» атты Жолдауы, одан туындайтын міндеттер көрікті етіп жазылып ілініпті. Елбасына арналған бильбордтар да көз тартады. Кеншілер алдында таластық өнерпаздар ән-жырдың тиегін ағытты. Қарашаның құм ішіндегі қара суығын елемеген кеншілерді мереке қарсаңында тағы бір кен орнының ашылуы ерекше шаттыққа бөлеп, өнерпаздардың өнеріне дүркін-дүркін қол соғып, құм даланы жаңғыртып жатты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов сахнаға шыққан соң, салтанатты шара басталды. – Құрметті халайық, cіздерді Тұңғыш Президент күнімен және «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының «Жарқұм» кен орнын пайдалануға беруімен құттықтаймын! Біздің облыста 373 елді мекен бар, оның 40 пайызы газдандырылған. Биыл 21 елді мекенге газ тартылуда. «Амангелді газ» кен орны біздің облысқа жылына 330 миллион текше метр газ беріп келеді. Он жылда 3 жарым миллиард текше метр газ тұтындық. Ал, мына «Жарқұм» кен орнына 4 бұрғылау қондырғысы орнатылып, жылына 65 миллион текше метр газ алатын болдық. Талас, Байзақ аудандары мен Тараз қаласындағы халық 400 миллион текше метрге жуық газ пайдаланады. Барлықтарымыздың, барша халықтың өсіп-өркендеуі Мемлекет басшысының парасатты саясатының арқасында мүмкін болып отыр. Осы кен орында 30 адам жұмыс істейді. Еліміз өркендеп, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жылдан-жылға өсу үстінде. Осы тұрған жұмысшыларға, «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының басшылығына шын жүректен алғысымды білдіремін,-деді Кәрім Нәсбекұлы. Одан кейін «Амангелді газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Қалдыбай Төлекешов құттықтау сөз алып, «Құрметті Кәрім Нәсбекұлы және әріптестер айтса айтқандай бүгін аса қуанышты күн. Еткен еңбегіміздің жемісін көріп, «Амангелді» кен орнына қоса, ел қажетіне 2000 метр жер асты қашықтығынан көгілдір отын алып, ел игілігіне ұсынатын болдық. Бұл жұмыс «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының газ қорын табу, газ конденсатын өндіру стратегиясы арқылы жүзеге асты. Қазір көгілдір отынның алауы тұтанатын салтанатты сәттің куәсі боламыз. Сіздердің еңбектеріңізге табыс тілеймін! Отанымыз көркейе берсін! Елбасы алға қойған талаптарды абыроймен атқара берейік! Әрбір отбасыға табыс, бақыт, қуаныш тілеймін!» деді. Талас ауданының Құрметті азаматы Байзақ Көлбаев сөз алып, таластықтардың алғысын жеткізді. Одан әрі арнайы қондырғыға қойылған түймені басып, облыс әкімі мен «Амангелді газ» ЖШС бас директоры көгілдір отын алауын тұтатты. Лап ете қалған алауға дүркін-дүркін соғылған шапалақ үні жалғасып, құмды өңірді жаңғыртып жіберді. Кен орнының ашылу салтанаты аяқталған соң, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен «Амангелді газ» ЖШС-ның бас директоры Қалдыбай Төлекешов республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берді. – Бүгінгі «Жарқұм» кен орнының ашылуы Талас, Байзақ және Тараз қаласын газбен қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді. «Амангелді» газ кен орнынан жылына 330 миллион текше метр газ алып тұрсақ, оған қосымша 65 миллион текше метр газ қосылады. Жалпы облыс 1 миллиард 700 миллион текше метр газ тұтынады. Тұңғыш Президент күні қарсаңында «ҚазТрансГаз» осындай үлкен тарту жасады. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында жасалып жатыр. Қазіргі әлеуметтік жағдайымыз өздеріңіз білетіндей өсуде. Экономикамыз дамуда. Қаратау және Жаңатас қалалары моноқалаларды дамыту бағдарламасына енгелі, екі қалада да абаттандыру, көркейту, жарықтандыру жұмыстары қарқын алды. Біздің алдымызда тағы бір үлкен міндет тұр. Қаратау қаласынан Жаңатасқа газ жеткізу. Қазір оның құжаты дайындалды. Жоба құны- 8,9 миллиард теңге. Ол жерде үлкен инвестиция құйып отырған «ЕуроХим-Тыңайтқыш» деген алпауыт компания бар. Оларға газ керек, сондықтан осы шаруаның төңірегіне жұмыс жасап жатырмыз. Егер біз Сарысу ауданын газдандыруды 2015-2016 жылдары шешетін болсақ, сонда бір-ақ Мойынқұм ауданы қалады. 2012 жылы Қордайдан Шуға дейін 4,2 миллиард теңгеге газ тарттық. Газ халықтың игілігіне айналады, экономикамыздың артуына да пайдасы көп,-деді Кәрім Нәсбекұлы. «Амангелді газ» ЖШC-ның бас директоры Қалдыбай Төлекешовтың әріптестерге берген жауабына қарағанда газдың құрамының 85 пайызы метан екен. Сондықтан өте бағалы әрі тиімді отын дейді. «ҚазТрансГаз» АҚ біздің ұжымның алдына үлкен міндеттер қойып отыр. 2014-2015 жылдары біздің алдымызда барлау, іздестіру, ұңғыларды іске қосу сынды ауқымды жұмыстарға 8 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылды» деді. Талас ауданы.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.