- Advertisement -

Жүректерді тербеген әнші

114

- Advertisement -

Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, мәдениет саласының үздігі Мадина Сағынбекованы жалпы көпшілік Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл!» әнімен танып жатады. Қай концертке барса да, осы әнді және Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Табылды Досымның «Ұнатамын мен сені» әнін орындатпай жібермейді. Осы орайда жүрек тербетер бір деректі айта кетсек. «Сайра, бұлбұл!» әнін Мадинаға алғашқы үйретуші – марқұм әкесі Жақсылық екен.

Ол кісі мұғалім болған. Мектептен қолы босай қалғанда осы «Сайра, бұлбұлды» домбырамен әуелетіп айтып отырады екен. Содан бұл әуен әнге бейім қызының санасында сақталып, құлағына сіңіп қалыпты. Сондықтан, әкесін ән әлеміндегі алғашқы ұстазы санайды. Анасы Бегімкүл алғашқы концертіне дайындалып жүрген кезінде «Қызым, осы сен әкең үйреткен «Сайра, бұлбұлды» неге айтпайсың?» депті.

Содан бері бұл әнді ән қоржынынан тастамай жүр. Негізі бұл әнді кең көлемде үйреткен ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсенбек Өмірәлиев. «Ұнатамын мен сені» әні де Мадинаға жарасатын, бағын ашқан ән. Ол да әншінің мерейі.

– Әндер тынымсыз жазылып жатыр. Жазамын деп жоспарлап жүрген әндерім де бар. Ән жаздырмас бұрын композиторлармен және ақындармен жүздесіп, бағыт-бағдарды ақылдасып алатын әдетім бар. Әннің өзіне де, сөзіне де талғаммен қараймын. Байзақтың тумасы Есжан Әміров деген композитор жаңа әнін маған айтуға ұсынды. Олжас Отардың әні «Бауырларым» да елдің сұранысына ие болып отыр. Сәрсенбек Бәкірдің ертеректе жазылған «Анашым» атты әнін жаздыруға ниеттеніп отырмын. Жеке концерт беру оңай шаруа емес. Оның уақыты келеді. Уақыты келген кезде айналамдағы әріптестердің өзі «Сенің концерт берер сәтің келді» деп шулап кетеді. Филармонияның жас әншісі Мерей Әбуовадан барлық тәжірибем мен көмегімді аямай беріп келемін. Жас айтыскер Алина Айдаралыға домбыра тарту, дауыс қою бойынша бағыт бердім. Бұл оларға ұстаздық жасап жүрмін деген сөз емес, тек қолдау көрсету, – дейді М.Сағынбекова жоспарларын бөлісіп.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support