- Advertisement -

Қазақ-қырғыз әндерін әуелеткен

124

- Advertisement -

Қазақ қашанда өнерді бағалаған халық. Жамбыл топырағында да таланттар жеткілікті. Солардың қатарында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншіcі, мәдениет саласының үздігі, мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Оңал Азаматованың шоқтығы биік.

Әншінің әкесі Бұқаралы ақын кісі болған екен. Анасы Науаткүл екеуі малшы болды. Өнерін алғаш таныған осы – асыл адамдар. Онан соң өнердегі ұстазы Әріпбай Мұсапановтың қолдауымен 14 жасында аудандық «Меркі әуендері» ансамблінің құрамына қабылданыпты.Өнерініңөрістеуіне Әріпбай ұстазының да еңбегі үлкен.

Оңал Бұқаралықызының өнерін бұл күнде бұқара тегіс мойындап, Әулиеата топырағы жоғары бағалайды. Тіпті, көршілес Қырғыз еліне де кеңінен танымал. Былтыр Қырғыз елінің бірнеше облыстарын аралап концерт беріп қайтты. Астана мен Алматыға кең ауқымдағы концерттерге шақырту алып тұратыны да – бағасының биіктігі.

Тараздағы «Баласағұн» сарайында алты рет жеке концерт беруімен де ерекшеленеді. Орындауындағы қырғыз әні «Сарой» мен «Бұлбұлым» – Оңалдың төлқұжаты іспетті. Көпшілік Оңал Азаматованы соңғы жылдары осы әндерімен танып жүр.

– Мен өзімнің даусыма лайықтап ән жаздырудан, өңдетуден жалықпайтын адаммын. Оның біразы кеңінен танымал болып жатыр. Елдің қуанышын көп бөлісіп жүретіндіктен, «50 жас», «60 жас» деген әндерді де жаздырдым. Осындай әндер де сұранысқа ие болып тұр. Сондай- ақ, қырғыз әндерін орындауды жалғастырып келемін. Қырғыздың «Жүрек сыры» деген әнін өзіме лайықтап жаздырып, жаңадан ән қоржыныма қостым. Келесі жылы менің өнерде жүргеніме 40 жыл толады. Филармонияда еңбек еткен соң, кейінгі жас толқындарға бағыт беру де – арнайы парызым. Осында дәстүрлі әншілердің жетекшісімін. Бес жетігенші қызды Наурыз мерекесінде арнау айтуға дайындау үстіндемін. Арнау дегенде өлеңіне жауапты емеспін, дауыс мәнеріне, сахналық шеберлігіне, сахналық киіміне қадағалау жасап, бағыт беріп отырмын. Осы филармонияның жас әншісі Мерей Әбуоваға бағыт беріп, білгенімді үйреткен сайын қуанамын, – дейді ол.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support