- Advertisement -

Кешірім

124

- Advertisement -

(Қаз-қалпында) 

Өмірдің жолы ұзақ. Тұрлауы жоқ дүниенің соқпағында сан түрлі жағдайлар орын алатыны бар. Бұл күнде жігіт ағасы болған Нұртайдың да басынан талай жағдайлар өтті. Қиын сәттер де, қызықты күндер де көңілінде сайрап тұр. Соның ішінде ең ауыры бар. Ол жағдай – асқар тау әкесін өкпелеткені. Анасы болса, қос өкпесін қолына алып әке мен баланы татуластыру қамында жүр.

Әкелі-балалы жандардың арасынан қара мысық өткеніне он жылға жуықтаған. Әкесі Таласбайдың да мінезі қатал. Иіле қоюы қиын. Дәті берік. Осынша жыл бойы арасы суып кеткен баласы жайлы ойлағанымен, кешіре қоймаған. Бала-шағаны ақсақалмен бірге өсіру жольнда шашы ағарған қайран Гүлдана анаға да оңай емес. Кыңыр мінезді әке мен баланы қайтсем икемге келтіремін, қайтсем араларын жақындатамын деп әлек.

Нұртай — ойсыз жігіт емес. Әcipecе, сонғы кездері дөңбекшіп жата алмайтын болды. Кезінде асқар тау әкесімен болмашы нәрсеге айқайласып, қайта келетін есігін қатты жауып кеткеніне өкінеді. Ойлап отырса, жанжалдары түкке тұрмайды.

«Әке, мен қиналып жүрмін. Қолдау көрсетіп жіберіңізші» деген. Әкесі «Жалғыз өзінбісің сен. Басқа бауырларың өсіп келеді. Неге алақан жая бересің?» деген.

Бұл болса: «Әке! Басқа балаңды менен артық жақсы көресің. Мен саған өгеймін бе?» деген.

Мінезі кыңыр әке күйіп кетіп: «Кет, үйден! Енді келме үйге. Әкеңе не деп тұрсың?» деп айкайлаған.

Баласы да ашу үстінде: «Келмесем келмеймін. Бәрібір бұл үйде маған жылу жоқ. Сағынып тұрған мен де жоқ. Енді бет бұра қоймаспын. Отыр осылай. Мені іздеме» деп есікті тарс жауып шығып кеткен.

Ашу ғой. Кейіннен қатты өкінді. Бірак, әкесінің иілмейтінін біледі. Сөйтіп жүргенде арада он жылға жуық уақыт өте шыққан.

Әкесінен 100 шақырым алыс жерде ғұмыр кешіп жатты. Бірақ, ата-анасына барған емес. Өзінің перзенттері де өсіп қалды.

Ұл-қыздары: «Әке, біздің ата-апамыз бар екен. Сол үлкен кісілерге неге бармаймыз?» дейтін болған. Келіншегі Жайдарлы да «Нұртай, ата мен апаға барайық. Кешірім сұрайық», деген.

Бұл тірлікке алданып тағы да біраз жүріп қалды. Сол кезде жадырап Наурыз айы келді. Наурыз мерекесін бүкіл ел-жұрт дүрілдетіп тойлап жатты. Нұртайға ұнағаны — Наурызда өкпелескен адамдар бір-бірінен кешірім сұрайды екен. Бірден әкесі мен анасы есіне түсті.

Сол күні еш ойланған жок, келіншегі Жайдарлыға: «Жинал, балаларды киіндір. Әкем мен анама барамыз», деді.

Осылай Наурыздың нұр шашқан шуақты күнінде бұлар қашықтағы ауылда тұратын ата-анасының ауласына келіп тоқтады. Бұрынғы өз үйі, балалығы өткен шаңырақ.

Үйден әуелі анасы шықты. Баласымен де, келінімен де жылап көрісті. Баласы Нұртай: «Анашым, мені кешір, ақымақ болдым», деп, анасын құшақтап егіле берді. Анасы: «Болды, болды. Әкең ауырып жүр. Сені де көп айта береді. Бұрынғыдай емес, көңілі бос болып кетті. Іште төсекте жатыр» деді. Баласы мен келіні ішке кірген. Таныс бәрі. Тек әкесі жатқан бөлмеге кіргенде сәл кідірді. Әкесі нардай, толық денелі кісі еді. Азып кетіпті. Жұдырықтай ғана жіңішке қарт болған. Нұртай «Ассалаумагалейкум» деп дауыстап кіріп, әкесін бас салып құшақтады. Көзінен жас ағылды. «Әкетай, мені кешіріңіз. Мен ақымақ болыпнын. Үлкен қателік жасаппын. Кешіре алсаңыз, кешіріңіз», дей берді.

Әкесі де баласын құшағына ұзақ қысып, көз жасы тарам-тарам болды. «Кешірдім балам. Бұл ай— Наурыз айы. Кешірім айы. Араздасқандар татуласатын ай. Кешірдім» деді. Онан соң әкесі көп уакыт үнсіз калды.

Содан кейін: «Балам, сен тұңғышымсың. Сен — бәрінен үлкенсің. Менің ауруымның беті жаман. Картайдым. Бауырларыңа бас-көз бол. Саған сендім» деді. Нұртай асқар тау әкесін құшақтап: «Әке, олай демеңіз. Сіз жазылып кетесіз. Әлі барлық балаларыңыз бірге осы шаңырақта алаңсыз күліп-ойнап отырамыз. Сіз мыктысыз. Барлық қиындықты жеңесіз. Мені тағы да кешіріңіз» деп егіле берді, егіле берді…

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support