- Advertisement -

Анамның көжесін сағынамын

145

- Advertisement -

Шуақты көктемнің келуімен дүние оянып, тіршілік жаңарады. Бұл кез келген шығыс елдері үшін Жаңа жыл – жыл басы. Бұл уақытта бүкілхалықтық мереке – Наурыз тойы кеңінен тойланады.

Осынау мереке ел-жұртты қуанышқа бөлеп, өткеннің ауыртпалығын бір сәт ұмыттыратындай. Бала күнімізде біз өскен аядай ғана ауылда ұлттық мереке жоғары деңгейде тойланатын. Ол уақытта күні бұрын есік алдын тазалап, үйімізді ақтап, кірімізді жуып, мейрамға тас-түйін дайындалушы едік.

Әкелеріміздің төс қағыстырып, қос қолдап амандасуы, аналарымыздың көпті көрген қарияларға сәлем беруі, жас келіндердің түрлі тағам дайындау үшін зыр жүгіріп жүруі, бәрі-бәрі жарасым табатын. Ал, қазір Наурыз мерекесі қатардағы жай мейрамның бірі сияқты өтетіні көңіл көншітпейді. Жұлдыздар өнер көрсететін эстрадалық концертіңіз де аңғал ауыл адамдары орындаған сол кездің ән-күйлері секілді жанымды байыта алмайды. Өйткені, бала кезімде көргенім, естігенім бүгінгідей әлі есімде.

Ендеше, өткенге сәл шегініс жасап, сол бір аяулы шақтарды еске түсіріп, біз тойлайтын Наурыз туралы аз-кем сөз қозғайын деп қолыма қалам алдым.

Көне шаһардың батысындағы Күйік асуынан сәл асқан соң солтүстік батысқа көз салсаңыз, қос жотаны көзіңіз шалады. Дәл сол екі жотаның ортасында Қосбөлтек ауылы орналасқан.

Бұрынырақта бұл мекен Сталиннің жанында жүрген Кастальскийдін «құрметіне» Кастальевка деп аталатын. Тауелсіздіктен кейін тарихи атауына кол жеткізген елді мекенде ықылым заманнан екі-ақ көше мен екі жүзге жетер-жетпес отбасы күн кешуде. Міне, дәл осы ауылда балдан да тәтті балалық шағымыз өтті.

Жалпы, қазақи ортада өскен соң, Наурыз — ерекше жақсы көретін мерекелердің бірі әрі бірегейі ретінде санамда сақталып калған. Айналаға шуағын шашып, нұрға бөлеген осы мейрам төл мерекем іспетті.

Бұл күндері біздің үйдегілердің барлығы дерлік дастарқан басынан табылып, тойлайтынбыз. Сағынысып көріскен адамдардай бірге туған бауырлар бір-бірімізді құттықтап, мәре-сәре болатын едік. Нағыз думанды мерекенің өзі еді ғой. Жадымда жақсы сақталыпты.

Шын мәнінде, Наурыз мерекесі бір анадан тугандардың бірлігін бекемдей тупесе, aғa мен інінінң, әпке мен сіңлінің арасына алалық сала қоймасы хақ.

Жылдың басы саналатын мерекеде ауылдағы ағайын-туыс, көрші-қолан төрт түлік малын көкке жіберіп, көңілі жайланатын. Ойын балалары бір-бірімізбен қайта көріскенімізге шын қуанып, жазық далада асыр салып, тынысымыз кеңейіп қалушы еді. Ал, қылықты қыздардың киген киімі, жүріс-тұрысы көздің жауын алатын.

Бәлкім, осы шақта ең алғаш рет ғашық болған шығармыз. Бәлкім, сол кезде махаббат дейтін тылсым күштің құдіретін де ең алғаш рет сезінген болармыз. Әйтеуір, сол шақтың лебі ерекше, әсері ғаламат.

Аяулы анам дайындайтын наурыз көженің дәмі бүгінге дейін таңдайда қалып қойғандай. Өзгесін қайдам, ол кезеңде біздің аядай ғана ауыл тұрғындары наурызды бірге тойлайтын. Анам үйде көже әзірлейтін. Ауылдың тау беткейіндегі көше бойына ұзын- сонар дастарқан жайылып, қазан-ошақ қайнап жататын.

Әуелі ыстық бауырсақ пісіріліп, өлі-тіріге арнап жеті шелпек таратылатын. Түрлі тәттілер дайындалып, келесі көшедегі көршілер астан ауыз тиюге келетін. Содан соң, қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, көкпар тартылатын. Өткен шақта ауылдары рухтас ағайынның да бірлігі бекем, тірлігі көркем еді-ау, шіркін!

Үлкендер жағы шат-шадыман болып, әңгіме-дүкен құратын. Қазір ойлап отырсам, бұл мереке үлкендермен бірге мәнді, мағыналы екен гой.

Әрине, жыл сайын Наурызды атап өтемін. Бірақ, қаладағы хан сарайындай мейрамханалардағы көженің бірде-бірі анамның дайындайтын көжесіне жетпейді. Ержетіп, есейсем де анамның көжесін сағынамын. Бәлкім, анамды санынатын болармын. Бәрі де мүмкін…

 

Есен ӨТЕУЛІ

Жуалы ауданы 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support