Жаңалықтар

Мемлекет басшысының атына Наурыз мейрамына орай құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр

Мемлекет басшысының атына Наурыз мейрамына орай құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына  Наурыз мейрамына орай шет мемлекеттердің  басшыларынан құттықтаулар келіп түсіп жатыр. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиëев құттықтау жеделхатында ежелден бастау алатын Наурыз мейрамының философиялық мән-мазмұнында қазақ пен өзбек халықтарына ортақ әдет-ғұрыптар мен құндылықтар көрініс тапқанын атап өтіп, екі халық та бұл мерекені зор үмітпен қарсы алатынын айтқан.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өзінің жеделхатында жыл басы саналатын әрі ынтымақ-бірлікке шақыратын Наурыз мейрамында бауырлас қазақ халқына бақ-береке тіледі.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон өз құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбіт өмір мен игілік тіледі.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев өзінің құттықтау жеделхатында Наурыз халықтарымыздың әлемдік мәдениетке қосқан құнды үлесі деп атап өтті.

Сонымен қатар Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Грузия Президенті Саломе Зурабишвили және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев құттықтау жеделхаттарын жолдады. Құттықтау хаттары әлі де келіп түсіп жатыр. Akorda.kz