Тарихи таңдау тағылымы
Тарихи таңдау тағылымы
Облыс әкімі Кәрім КөкІрекбаевтың 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен облыс тұрғындарын құттықтауы
Құрметті жамбылдықтар! Сіздерді 1 желтоқсан –Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз тарихи бетбұрыс тұсында, ел тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тапсырып, егемен еліміздің тұңғыш Президентін сайладық. Таңдауымыздың тағдырлы болғанын ұлы төреші уақыттың өзі дәлелдеді. Сара сеніміміз бен үкілі үмітіміз ақталды. Әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тарихи да жасампаз жаңа дәуірге қадам басқанына биыл 23 жыл толады. Осынау сындарлы кезеңде, тар жол тайғақ кешуден аман-есен алып шыққан Елбасымыз аз ғана уақыттың ішінде мемлекетіміздің қарыштап дамуына, тәуелсіздік тұғырының нығаюына, халықтың әл-ауқатының артуына сіңірген еңбегі зор. Тәуелсіз мемлекетімізде ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар нәтижелі жүзеге асырылды. Еліміз қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі жаһандық және өңірлік халықаралық ұйымдардың жұмысына белсене қатысып, дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы елдермен үйлесімді стратегиялық әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Астана «ЕХРО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу құқын жеңіп алды. Көпұлтты Қазақстан достық пен ынтымақтың, татулық пен бірліктің мекеніне айналды. Бүгінде Қазақстанның шаңырағы берік, мерейі үстем, беделі асқақ. Әлемнің белгілі саясаткерлері Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы және бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық, өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде таниды. Бүгінгі күні Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті, ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды межелеп отыр. Облыс тұрғындарының әл-ауқаты жыл санап артып келеді. Индустриалды-инновациялық бағдарламалар іске асырылуда. Шағын және орта бизнес қанат жая бастады. Тұрғын үй салу мәселесі тиянақты шешілуде. Әлеуметтік салалар қарқынды дами түсуде. Жаңадан білім, денсаулық және спорт ошақтары бой көтеруде. Халық игілігі үшін қолға алынған бастамалар мен жарқын істеріміз алдағы кезде де жалғасатын болады. Қадірлі жерлестер! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілей отырып, еліміздің өркендеу жолындағы еңбектеріңіз бен бағалы бастамаларыңызға сәтті болсын деймін. Еліміз еңселі, тұғырымыз биік болсын!