- Advertisement -

Қыз еркем – кестесімен көркем

258

- Advertisement -

Айзада Қасаболатованың қолынан шыққан сырға, білезік, сақина құрбыларының бәрінде бар. Ол «сыйлық адамдардың жанын нұрға бөлеп, бір-біріне деген мейірімін оятады» деп біледі. Құрбыларының мінез-құлқына, қызығушылығына сәйкестендіріп әшекей бұйымдарын сыйға тартқанды жаны сүйеді. Өз қолымен жасап, сыйға тартқан әшекей бұйымдарды қыздардың ұнатып, тағып жүргенін көрсе, бойын ерекше қуаныш сезімі билейді. «Бұл бір қызық сезім. Қолым қалт ете қалса, моншақ тізіп, іс тігіп отырамын және ол бұйымдарды өзімнен гөрі, өзгеге жасағанды жаным сүйеді. Қолөнер менің жаныма жақын іс, хоббиім» дейді өнерлі қыз.

Айзаданы таныстары «Біздің патриот» атап кеткен. Қашан да қазақы ғұрыпты дәріптеп, әділеттілікті жақтайтын өжеттігімен құрбыларынан ерекшеленіп тұрады. Қолына алған кез келген істі қиындығына қарамастан аяғына дейін жеткізуге тырысып, әр мезет бетке айтатын батыл мінезі – қайтпас қайсарлықтың символы болған батыр Бауыржан Момышұлымен жерлес болғандығынан деп топшылайды өзі.

Әлдебір іске көшкенде кіндік қаны тамған туған жері – Жуалының қаһарлы қысындай қатал мінезі – қарапайым күндері өзі жасаған моншақтай жарқырап, жаздай жайдарыланып шыға келетіні сондықтан.

Ол ес білгелі анасы іс тігіп отыратын. Анасының қалыңмалымен келген тігін машинасы олардың үйіндегі ең баға жетпес қымбат дүние. Себебі, ол жоқтан бар жасап, жыртықты жамап-жасқап беретін киелі бұйым.

«Машинкамды алып кел. Ине-жіпті сабақтап бер» деген сөзді естіп өскен есті қыз анасының қасынан шықпай, иненің көзінен жіп өткізіп беру үшін ойнамай, күтіп отыратын. Сондай елгезектігінің арқасында өсе келе анасымен қатар іс тігіп үйренді. Балауса қыздың қолөнерге деген қызығушылығы 7-сыныпқа көшкен жылы оны «Өнер» мектебінің қолөнер үйірмесіне алып барды.

– Ұстазым Айгүл Жұпарбекқызы он саусағынан өнер тамған ісмер. Сол ұстазымның үйретуімен қалдық заттарды қоқысқа тастамай, оны өңдеп, бұйымға айналдырып, әжетімізге жаратуды әдетке айналдырдық. Бүгінде қағаз, пакет, целлофан кез келген заттарды әлдебір қажеттілігіме жаратуға тырысамын. Жуырда газеттен қазақы нақыштағы қос етек көйлек жасадым. Сәукелесі мен оюлы қамзолы да газеттен жасалды. Бұл қабаттандыру технологиясы арқылы іске асты. Ал, кеудесі яғни үстіңгі бөлігі бұрап-орау арқылы, яғни гармошка әдісімен орындалды. Қамзолын қызғылт түске бояп, алдымен қағазға оюлардың суретін салып, қырқып, жапсырдым. Біртүстендіріп қамзолын бояп шықтым. Ал, сәукелесі белгілі формаға келтіріліп, ол да қағаз жабыстыру арқылы
жасалды. Мен жасаған ұлттық киімдер ұстаз-әріптестерімнің арасында байқауларға жіберіліп, орын алып жатады. Әсіресе, қазақи нақыштағы әшекей бұйымдарына көп көңіл бөлемін. Ұлттық киім мен кез келген қазақи дүние менің бойымда мақтаныш сезімін оятады. Сондықтан, мен жасаған бұйымдардан қазақтың исі аңқып тұрады, – дейді Айзада.

Бүгінде Айзада түрлі оюлы әшекей бұйымдарымен қатар, моншақтан білезік, сырға, моншақты-тәж, шашбау, сақина, сөмке сынды бұйымдарды тапсырыспен де жасап жүр. Оның қолынан шыққан бұйымдардың ішіндегі сөмкелер мен білезіктер сұраныста.

Кез келген киімнің әдемі аксессуары болады. Ол алқа, басқа тағылатын тәж, білезік, сырға. Бұл көлемі жағынан кішкентай болса да қыздардың ажарын аша түсетін ең қажетті көркем дүниелер.

Айзада қолындағы сары жезге қызыл түсті моншақтарды өткізіп, құрбысының туған күніне орай моншақты жиынтық жасауға кірісті. Бұл әшекейге қызыл түсті таңдауының себебі, моншақ иесінің мінезі әсершіл көрінеді. Ол тез ашуланып, өртеніп кетердей күйіп- жанып жүретін құрбысының мінезін осы себепті қызыл түспен көрсеткенін жеткізді.

– Моншақтарды жезге өткізіп, тоқудың түрлі әдісі бар. Бірі – күрделі, енді бірі оңай тәсілдер. Бір
бұйымды бірнеше сағатта жасап шықсаң, енді біріне бірнеше күн кетеді. Бұл менің ойымша адамның мінез-құлқына байланысты. Қандай істі болмасын жасамас бұрын, оның мақсаты мен атқарар ролін біліп тұруың қажет. Әйтпесе, ол дүние болымсыз болып шығады. Сондықтан, мен өз бұйымдарымды жасар алдында сол адамның мінез- құлқына, қызметіне, жалпы өмір сүру дағдысына қатты мән беремін. Мәселен, үнемі спорттық киім үлгісінде жүретін құрбыңа кез келген әшекей үйлеспейді. Мұндай сәтте спортқа тән үлгілерді таңдайсың. Барлық нәрсені өз үйлесімі, яғни гармониясы бар. Математикадан сабақ бергендіктен, барлық нәрсені абайлап жасағанды жөн көремін,– дейді Айзада.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support