- Advertisement -

Көктеммен бірге көркейген ауыл

139

- Advertisement -

Наурыз мерекесінде тал-дарақ отырғызу Көкбастау ауылдық округінде ежелден қалыптасқан дәстүр. Бұған дейін округ тұрғындары қазіргі таңда қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан «Баркуаб» қала жұрты іргесіндегі алаңқайды, одан кейін Теріс ауылындағы өзен жағалауын және Бақалы, Теріс ауылдарының аралығындағы жалпы алаңы 2-3 гектар алқапты жасыл желекке айналдырған болатын. Одан кейін ауыл тұрғындары бейіт маңайындағы сай-салаға қарағаш отырғызып, ол маңайды да жасыл белдеуге бөлеген еді. Енді міне, мешіт айналасында көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстарын қолға алған. Былтыр ауыл тұрғындары мешіт маңайындағы 2,5 гектар алқапқа 670 түп алма көшеттерін отырғызса, оның барлығы бүгінгі таңда тамыр алған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткені баршаға аян. Сондай-ақ, Президенттің бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы өңірде кезең- кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Президенттің осы тапсырмасына Көкбастау ауылдық округінің тұрғындары да өз үлестерін қосып келеді. Бүгінге дейін округ аумағында 10 гектарға жуық алқапқа тал-дарақ отырғызылып, бірнеше бақ бой көтерді, – дейді Көкбастау ауылдық округінің әкімі Мәлік Сейтаев.

Ауыл әкімінің айтуынша, тал-дарақ отырғызудан бөлек ауыл тұрғындары бүгінгі таңда округте орналасқан қос мешіттің айналасын абаттандыруға да айрықша көңіл бөліп келеді. Атап айтсақ, Қосбөлтек және Көкбастау ауылының тұрғындары Қосбөлтек мешіті жанындағы 0,5 гектар алаңқайға 400 түп жеміс ағашын отырғызған.

Одан бөлек, 15 түп алмұрт, 5 түп өрік және 15 түп қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызып отыр. Биыл оның көлемін үлкейтіп, тағы да осы
көлемде ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлауда.

Ал Бақалы мен Теріс ауылдарының ортасында өткен жылы ашылған «Мырзахмет ата» мешітінің іргесіндегі 2,5 гектар алқапқа 670 түп алма ағашының көшеті отырғызылған.

Бұдан бөлек, 200 түп терек, 50 түп алмұрт, 30 түп қайың ағаштарының көшеттері орналастырылған. Барлығы тамыр алып, бүгінде бүршік жарғалы тұр. Айналасы темір тормен қоршалған.

Ағаш көшеттерін алуға демеушілік жасаған да ауылдан шыққан белді кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары.

– Көктемнің келгенінен хабар беретін ұлық мереке бұл – Наурыз. Ата-бабамыз бұл мерекеге ерекше мән берген. Әжелеріміз Наурыз көже дайындаса, аталарымыз ауыл маңайындағы тоғайға тал-дарақ, бау- бақшаға жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызатын. Сол үрдістің қаймағы бүгін де бұзылмай, әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқаны қуантады. Міне, былтыр басталған шаруаны ауыл тұрғындары биыл да жалғастыруда. Биыл мешіт аумағынан тағы бір гектарға жуық жер қаралып, оған 500 түп алма көшеті мен 200 түп терек шыбығын шаншығалы отырмыз, – дейді сексеннің бесіне шыққан ауыл ақсақалы Болатбек Қайыпбеков.

Наурыз мерекесі қарсаңында «Мырзахмет ата» мешіті айналасына 40 түп туя мен арша отырғызылды. Бұл сәндік ағаштарды алуға белгілі кәсіпкер, Бақалы ауылының тумасы Гүлнәр Әбдірахманованың жұбайы Ержан Аманұлы демеушілік көрсетті.

– Ержан Аманұлына көп рақмет! Отбасымен ауылымыздың көркейіп, көріктенуіне, көгеріштенуіне өз үлестерін қосып келеді. Мешіт салды, айналасын көріктендіруге, көгеріштендіруге биыл да үлестерін алғашқылардың бірі ретінде қосып отыр. Міне, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне деп 40 түп арша мен туя көшеттерін әкелген екен, ауыл жігіттері жиналып, күннің салқынына қарамастан отырғызып тастадық, – дейді ауыл тұрғыны Темірғали Есіркепов.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support