Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі

Құрметті қауым, ардақты ағайын! Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Бұл мейрамды халқымыз тұтас ел болып, бір ұлт болып түгел тойлайды. Наурыз кезінде бүкіл елге ортақ құндылықтар дәріптеледі. Яғни, Әз-Наурыз – нағыз халықтық мейрам. Бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық, отаншылдық сияқты қасиеттің бәрі осы Ұлық мерекеде көрініс тапқан. Біз – ата жолын жалғаған жұртпыз». Кеше ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қалыптасты. Тарихи сәт Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Азаматтарымыздың көзқарасы әртүрлі болғанымен, барлығының тілегі – бір. Бұл – елдің амандығы, мемлекеттің жарқын болашағы. Біз осы ортақ мақсат жолында жұмыламыз. Алда атқаратын жұмыс көп. Бірлігімізді бекемдеп, бір ел болып іске кіріссек, алынбайтын асу жоқ. Мен жасампаз халқымыздың келешегі жарқын болады деп сенемін. Мемлекеттің мүддесі – бәрінен биік. Біз жастарымызға қамқор болып, оларға барынша жағдай жасаймыз. Мен жастарға сенемін! Оларға зор үміт артамын! Ел болашағы – өскелең ұрпақтың қолында. Ендеше, туған елімізді бірге дамытайық, ағайын! Бірлік түбі – береке» дейді халқымыз.  Біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру.  Осы жолда бәріміз бір кісідей жұмылайық, ардақты ағайын! Биыл қасиетті Рамазан айы Ұлыстың ұлы күнімен қатар келді. Ораза ұстайтын жамағаттың ниеті қабыл болсын! Әр шаңыраққа қыдыр қонып, бақ дарысын! Жаңа жыл құт-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!  

Akorda.kz