Экономика

Кадр тапшылығын жою үшін

Кадр тапшылығын жою үшін

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалық етуімен облыстық әкімдіктің мәжіліс залында алқа отырысы болып өтті. Басқосу барысында күн тәртібіне 21 мәселе қойылып, рет-ретімен шешім қабылданды. Мәжіліс барысында алдымен облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев мінберге көтеріліп, ағымдағы жылы өзі басқаратын салада атқарылған жұмыстардың жайын баян етті. Баяндамашы өз сөзінде: «Соңғы жылдарымен биыл мәдениет саласын қаржыландыру көлемі 5 млрд. 433,8 млн. теңгені құрап, 16,8 пайызға артты. Сол себепті, облыстағы мәдениет ошақтарының жағдайы кейінгі жылдары біршама жақсарды. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 2012 жылы 240,4 млн. теңгеге 15 нысан, 2013 жылы 249 млн. теңгеге 9 нысан жөндеуден өтсе, 2014 жылы 26 мәдениет нысанына 723,5 млн. теңге бөлініп, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге 23 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды. Алайда, Т.Рысқұлов ауданынан Құмарық ауылдық мәдениет үйі, Қордай ауданынан Ауқатты ауылдық мәдениет үйі, Шу ауданынан Бірлік ауылдық мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарының мерзімі аяқталғанына қарамастан, тапсыру жұмыстары кешеуілдеуде. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 28 мәдениет нысандарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қараша айында қосымша 274,6 млн. теңге бөлінді. Ал, 2015 жылға аудандардан 29 нысанның жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Жыл аяғына дейін тағы да жобалар ұсынылады деп күтілуде. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен басқармаға қарасты мекемелеріне 122,4 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұлттық тарихты зерделеу мақсатында «Ежелгі Тараз» қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру үшін биылғы жылы бюджеттен 176 млн. теңге бөлініп, қалашықтың бірқатар нысандарында (қорғаныс жүйесі, цитадель, шахристан, рабад) қазба жұмыстарын 4 мердігер компания жүргізуде. «Ежелгі Тараз» қалашығы орнында «Көне Тараз – Мәңгілік елдің бесігі» атты «Археологиялық саябақтың» бизнес-жоспары жасалуда. Аталған тақырыптағы бизнес-жоспар негізінде Ежелгі Тараз қалашығын ашық аспан асты мұражайына айналдырып, туристік кластерді дамыту жұмыстары жүргізіледі. Археологиялық зерттеу жұмыстарын тереңдетіп, ғылыми зерттеулерге жол ашу мақсатында үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі және Қытай Халық Республикасының «Ұлы Жібек Жолы» бойының экономикалық белдеуі институтымен екі жақты меморандумдарға қол қойылды. Алдағы сол елден шыққан керуен біздің өңірге келетін болады» деп мәселенің мән-жайын түсіндірді. Сонымен қатар басқарма басшысы театр, кітапхана, музей, филармония, мұрағаттар саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Алматы облысымен мәдени байланыстың, «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» халықаралық өнер фестивалінің, «Қаратау сарыны» мега-жобасының және өзге көптеген шаралардың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Облыстық кино орталығының «Алтын қорында» 1218 дана кең көлемді форматтағы көркем фильм, 1644 дана деректі фильм, 25 дана мультипликациялық фильм бар екенін де атап өтті. Келесі жылы тойланатын қазақ хандығының 550 жылдығын ойдағыдай өткізуге жұмыстар жасалатынын да сөз етті. Мұрағат мәселесіне де назар аударған басқарма басшысы аудандардағы мұрағат мекемелерінің басым бөлігі оңтайландырылғанын, қоймаларының құжат қабылдауға мүмкіндігі тапшы екенін, оларға типтік ғимарат керектігін алға тартты. Аудандардың өзара мәдени байланысы да сөз болды. Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Қордай, Меркі аудандарында кітапханалық жиһаздар алуға қаржы көздері қаралмағаны да ойландырады. Мәдениет саласының, әсіресе ауылдық мәдениет ошақтарының жағдайы осыдан 5-6 жыл бұрынғыдан көш ілгері болса да, әлі шешімін табуды қажет ететін мәселелер барлық аудандарда жеткілікті. Атап айтсақ, 41 клуб (20,6 %) ыңғайластырылған, 24 клуб ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары қажет етеді. Жеке меншіктегі ғимараттарды қайтару мәселесі аудан әкімдерінің назарынан тыс қалуда. Олар, Байзақ ауданында – 1, Жуалы – 1, Қордайда – 4, Меркіде – 2, Таласта – 2, Т.Рысқұловта – 1. Қордай ауданында 2010 жылдан бері ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жабылған 11 ауылдық клубтың 5-еуі ашылғанмен, 6-ауы жабық тұр. Олар: Үлкен Сұлутөр, Степное, Бетқайнар, Ноғайбай, Сарыбұлақ, Қарасай ауылдық клубтары. Сондай-ақ, Мойынқұм ауданы бойынша 18 клубтың 9-ы (яғни 50 %-ы) ыңғайластырылған. Мәдениет ошақтары музыкалық аппаратура, ұлттық аспаптар, сахна киімдері, оргтехникамен қамтылмаған.

Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы мәдени тұжырымдама аясында жоспар жасау қажеттігін, қазба жұмыстары шеңберінде табылған жәдігерлерді зерделеу керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар: «Қытай елінен шығатын керуен қашан біздің өңірге келетінін анықтаңыз. Соған сай іс-шаралар дайындалсын. Бұдан бөлек қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай атқарылатын жұмыстарды нақтылау керек. Осы мәселелерді жедел үйлестіруді тапсырамын» деді. Одан бөлек өңірімізде мәдениет саласында жұмыс атқарып жатқан қызметкерлердің 45 пайызы ғана сала мамандары екені анықталды. Бұл мәселені оңды шешу үшін мәдениет және өнер колледжі керектігі мәлім. ТарМПИ жанынан ашылған колледж жабылды екен деп қарап отырудың қажеті жоқ. Осы түйткіл де алқа отырысында сөз болды. Басқарма басшысы бұл орайда ғимарат табылса мәселе министрлік тарапынан тиісті қаулылар арқылы шешімін табатынын сөз етті. Кәрім Көкірекбаев өзекті мәселені орынбасары Ерқанат Манжуовқа табыстады. Мұнан соң Қордай ауданының әкімі Қайрат Досаев, Мойынқұм ауданының әкімі Болат Мәдікенов, Шу ауданының әкімі Бақытжан Нүркенов және өзгелер аудандарда атқарылған жұмыстарды баян етіп, кемшіліктерді жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Т. Рысқұлов ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов Көгершін ауылындағы мәдениет үйін мемлекет меншігіне алу үшін 40 миллион теңге керектігін, бұл сома өте қымбат түсетіндіктен оны сатып алу тиімсіз екеніне тоқталды. Алқа отырысындағы өзге де мәселелер бойынша қаулылар қабылданып, облыс әкімі өңір басшылары мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».