Экономика

Бюджетке өзгерістер енгізілді

Бюджетке өзгерістер енгізілді

Апта аралығында бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХII сессиясы өтті. Оны сессия төрағасы, Тараз қаласындағы № 9 сайлау округінен депутат Мұқаш Ескендіров ашып, жүргізіп отырды. Сессия жұмысына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен орынбасарлары, Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері, облыс әкімдігі басқармаларының басшылары, Тараз қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары қатысты. Сессияда облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов «2014 - 2016 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Жамбыл облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 18 желтоқсандағы №20-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» баяндама жасады. Ол халық қалаулыларының назарына 2014-2016 жылдарға арналған нақтыланған бюджет параметрлерін ұсынып, даму трансферттері бойынша денсаулық нысандарын дамытуға қосымша 1 миллиард 160 миллион теңге, соның ішінде Тараз қаласындағы 300 төсектік көпбейінді қалалық аурухананың құрылысына 560 миллион, 200 төсектік перинаталдық орталықтың құрылысына 500 миллион, Талас ауданының Қаратау қаласындағы және Меркі ауданының Меркі ауылындағы әрқайсысы ауысымына 250 келушіні қабылдауға арналған аудандық емханалардың құрылысын бастауға жалпы мөлшері 100 миллион теңге қаржы қарастырылғанын, жаңадан іске қосылатын әлеуметтік қамсыздандыру нысанын ұстауға 37 миллион 387 мың теңге қаражат бөлініп отырғандығын жеткізді. Мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі мәселені бір ауыздан қолдап дауыс берді. Бұдан кейін сессия облыс әкімдігінің ұсынысы бойынша «Жамбыл облыстық мәслихатының 2013 жылғы 18 желтоқсандағы «Жамбыл облысында кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссияның құрамын бекіту туралы» №20-18 шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».