Спорт және туризм

Нұрберген - сұрмерген

Нұрберген - сұрмерген

Үстел теннисі әуелгіде үйде, шағын алаңқайларда уақыт өткізу үшін ойлап табылыпты. Қызығушылардың қатары артқаннан кейін кәсіби спорт түріне айналған. Қазіргі таңда танымалдыққа ие бұл спорт түрі мамандардың айтуынша, көп энергияны талап етеді. Мәселен, бір партияның өзінде әрбір ойыншы жеті шақырым жаяу жүргендей күш сарқиды. Одан бөлек, әуесқойлардың өзі минутына жүздеген соққы жасап үлгереді екен. Ал пайдасына келер болсақ, үстел теннисі адамның көру қабілетін дамытып, ептілігі мен шыдамдылығын шыңдайды. Шу ауданында үздік үштікті түйіндейтін үстел теннисі маңына мықтыларды топтастырған теннис жаттықтырушысы Нұрберген Әбіштің жетістігі бір төбе.

Төле би ауылындағы С.Шәкіров атындағы орта мектепте оқушыларға дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп, үстел теннисі үйірмесіне жетекшілік жасап жүрген Нұрберген өз ісінің нағыз жанашыры. Оны бізбен әңгімелесуіндегі сөзінен байқадық. Оның айтуынша, қазіргі таңда ата-аналар өз балаларын гаджеттерден ажырата алмай әлек. Соның салдарынан көп баланың көру қабілеті нашарлап, денсаулықтарына зиян келуде. Ал, дәл осы спорт түрі жасөспірімдерді қырағылыққа тәрбиелеп, олардың қимыл-қозғалысын арттырады. Соңғы бес жылдың бедерінде Нұрберген балаларды ықшамдалған акт залында жаттықтырып жүр. Себебі, С.Шәкіров мектебінің спорт залы апатты жағдайда деп танылған. Сондықтан, спорт зал салу мәселесін жеделдету керек сыңайлы. Өйткені, мемлекеттік деңгейде үстел теннисіне қолдау көрсетіліп, еліміздің ірі қалаларында арнайы орт а лықт ар ашылып жатқанын көріп жүрміз. Солардың ішінде киіз үйдің пішінінде салынған Шымкент қаласындағы үстел теннисі орталығының сұлу келбеті шәкірттерді менмұндалап өзіне шақыратыны сөзсіз. Одан бөлек, Алматы, Астана, Орал, Өскемен, Қарағанды, Павлодар сынды қалаларда салынған спорт кешендерінің халықаралық жарыстарды өткізуге әлеуеті жетеді. Әңгімемізге арқау болған Нұрберген Нұрланұлы аудандық, облыстық жарыстарға шәкірт тәрбиелеумен қатар, өзі де оларға қатысып, өнеге көрсетіп жүр. Тіпті, үйірмеге қатысушыларды шыңдау үшін жарыстар да ұйымдастырып келеді. Осы айдың басында Оқушылар сарайында Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған 2008- 2015 жылы туған жасөспірімдер арасындағы жарыс айтылған сөздің айғағы болмақ. Жаттықтырушының айтуынша, аталмыш жарыста аудан бойынша 13 мектептен 97 оқушы бақ сынап, өзара мықтыны анықтаған. 2008-2009 жылғы ұлдар арасында Бердәулет Мұхтарұлы, Сұлтан Омаржан бірінші және екінші орын а лс а, Нұрасыл Қалдыбай мен Ерсін Серіктер үшінші орынды өзара бөліскен. Ал, қыздардан Ирина Золотухина бірінші, Айым Әсетқызы екінші, Амина Ашимбекова мен Ұлжан Таңатар үшінші орынды еншілеген. 2010-2011 жылғы жігіттерден Нұрлыхан Әбжан, Саламат Амангелді, Нұрқанат Бақытбай, Жалын Еркіндер ерекшеленсе, бұрымдылардан Аяна Марат, Балауса Бақытбай, Нұрай Көпжан мен Аянат Жорабектер басым болды. 2012-2013 жылғы ұлдардан Рауан Әбдібай, Данияр Рысқұл, Дарын Таңатар мен Сержан Серікұлы дараланса, Мадияр Дүйсенғали, Алдияр Көпжан, Бекзат Әділхан мен Дарын Иманқұл жүлделі орындарды иемденді. Сол секілді 2014-2015 жылғы қыздардан Әсел Мақсұтхан, Айзере Ержан, Аяулым Мұсабек пен Аяла Әшімбектердің мерейі үстем болған. Қатысушылардың барлығы марапатталып, «Үздік», «Алғыр», «Ең жас ойыншы» номинациялары тапсырылған. Жаттығу залы жоқ деп жабырқамаған жас жаттықтырушы жарысты Оқушылар сарайында өткізген. – Жалпы еліміз бойынша үстел теннисіне тиісті қолдау көрсетілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев федерацияны басқарған екі жылдың ішінде үстел теннисі айтарлықтай алға жылжыды. Еліміздің әр қалаларынан заманауи орталықтар ашылып, қызығушылардың қатары артты. Үстел теннисі ауданда футбол мен волейболдан кейінгі орында дамып келе жатқан үшінші спорт түрі. Биылдың өзінде 6 жарыс өткізілді. Оған шамамен бір мыңға жуық спортшы қатысып, қол мергендігін сынаған. Солардың барлығында біздің үйірменің қатысушылары бақ сынауда. Балалардың жеткен жетістіктері жоқ емес. Олар облыстық сындардан сүрінбей өтіп, республикалық жарыстарға шығып жүр. Ауыз толтырып айтатын жүлделері де жетерлік, – дейді Нұрберген Әбіш. Ауданда үстел теннисінің дамуына жастар ресурстық орталығының қосқан үлесі бар. Мәселен, жыл басында қалалық жастар ресурстық орталық «Дені саудың – жаны сау» ұранымен аудан жастарын жарыс алаңында жүздестірсе, дәл осы ұстаныммен аудандық Жаст ар ре сурстық орталығының қыз-жігіттері қалақ ұстағандарды Шоқпар ауылында шоғырландырған. Сол секілді бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы да бірнеше жарыс ұйымдастырса, аудандық білім бөліміне қарасты Абай атындағы орта мектеп бір сайыс өткізген. Мұндай шараны білім саласындағы аудандық кәсіподақ ұйымы да мақұлдап, мұғалімдердің арасында жарыс ұйымдастырды. Тынымсыз еңбек пен төзімді ту еткен Нұрбергеннің жеңіске деген құштарлығы мен шәкірттерін қамшылауы алдағы талай додалардың шыңына жетелей бермек. Біз де жас маманға жеңіс тілейміз.  

Байжан ЕМБЕРДІ,

журналист.