Әлеумет

Ауылға алаңдаушылық басым

Ауылға алаңдаушылық басым

Облыс орталығынан шалғай орналасқан Мойынқұм ауданына іссапармен барғанымызда жастарды көп кездестірмедік. Тіпті, көшеде кездескен жоғары сынып оқушыларынан сыр тартқанымызда «Ауданымызда жастардың бос уақытын өткізетін ойын-сауық орындары жоқ. Жастарға арналған орындар ашылса екен...» дегенді айтқан еді. Ал, үлкендер жағы ауданда газдың жоқтығы да жас отбасыларының мұнда тұрақтамауына себеп болып жататынын жеткізді. Қазіргі уақытта аудан халқының саны 28650 болса, жастардың үлесі 29,4 пайызды құрайды, яғни 8444 жас бар.

Қазір елімізге өнерімен танылған, Мойынқұмнан шыққан белгілі актриса Дариға Бадықова облысқа келгендегі бір кездесуінде балалық шағын еске алып: – Мен туып-өскен Мойынқұм ауылына жетуде жолдың қандай қиын болғаны бәріңізге белгілі. Дегенмен, өнер байқауларынан қалмай, облыстық додаларға келіп тұратынмын. Мойынқұмнан Таразға жету ол кезде қиын еді. Жол шығындарын ешкімге салмақ салмай, өзім табу үшін ауылда жеке концерттерімді беріп, тапқан тиын- тебеніммен облыс орталығындағы байқауларға келетінмін. Мектепті тәмамдағаннан соң қайтсем де Алматыға кетемін деп шештім де, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсудің жолын қарастырдым. Үйде ата-анам болмаған кезді пайдаланып, газ плитасын сатып, Алматыға кетіп қалдым, – деген болатын. Әрине, бойында дарыны бар жастың шағын ауылда қалмасы анық. Әйткенмен, Мойынқұмда тек өнер саласы емес, басқа салаларда да жас мамандардың жетіспеушілігі туындап отыр. Аудан әкімінің орынбасары Сәбит Төлегеновтің айтуынша, қазір ауылға жастарды тарту мақсатында бірқатар жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. – Аудан облыс орталығынан алыс орналасқандықтан, көп жастарымыз ауылда қалмай, қалаға барғысы келеді. Соның салдарынан маман тапшылығы туындағаны рас. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көбейді. Соның арқасында қазір ауылда туып-өскен, жоғары білім алған балаларымыз мемлекеттік қызметке жұмысқа орна ласып жатыр. Соңғы екі жылдағы бізді қуантқан жаңалығымыз осы болды. Себебі, ауылдарда оқу бітірген жастарды жұмыспен қамти алмаушы едік. Табылған жұмыстың айлығы аз деп, жеке іспен айналысып, құрылыс жұмыстарына барып, Алматы, Тараз, қалаларына кетіп қалатын. Ауданымызда жастардың тұрақтамауы газ жоқтықтан емес, жалақысы көңілге қонымды жұмыс болса, жастар ауылда қалар еді. Ауылдарға жас мамандарды тартуға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауданымызға өткен жылы 78 маман келіп, соған бөлінген 24 миллион теңге толық игерілді. Ал, биыл 100 жас маман келеді деп жоспарланып отыр. Негізінен ауданға қажетті мамандар денс аулық с ақт ау және білім беру салаларында туындауда. Атап айтқанда, жалпы тәжірибелі дәрігер, кардиолог, дерматолог, офтальмолог, хирург, онколог дәрігерлер және шалғай жатқан ауылдардағы мектептерге математика, физика пәндерінің мамандары шақырылып жатыр. Жастардың игілігі үшін ауылдардан спорт кешендерін салу да қолға алынуда. Жақында Бірлік ауылынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аштық. Шеткеріде жатқан Шығанақ ауылына да салынды. Биыл Айдарлы ауылында сондай кешен тұрғызылады, – деді Сәбит Орынбетұлы. Жастарды қызықтыратын орындардың бірі – ойын-сауық орталықтары, кинотеатр екені белгілі. Алайда, бұл ауданда әзірге ондай орындарды ашатын кәсіпкерлер жоқ көрінеді. Тіпті, ауданның кейбір ауылдарында қарапайым клуб та жоқ екен. – Кеңес одағы ыдырағаннан кейін біраз ауылдарда ғимараттар бұзылды, қа лғандары қайт а жөнделіп, жұмысын жалғастырды. Мүлдем клубы жоқ ауылдарға жобалық құжаттарын жасап, ұсынғанмен, халық санының жеткіліксіздігінен ондай мәдени ошақтарды салу туралы ұсыныс қолдау таппай отыр, – дейді аудан әкімінің орынбасары Сәбит Төлегенов. Әрине, ауданда халық санын арттыру жастардың тұрақтауына тікелей байланысты екені белгілі. Алыс ауылдарға жастарды тартудың тағы бір тәсілі ретінде енді аудандық көлемді іс-шараларды шалғай елді мекендерде ұйымдастыру қолға алынбақшы. – Ауданымыз облыс аумағының 43 пайыз жерін алып жатыр, яғни ауылдардың арасы алыс. Сондықтан, ауылдардағы іс-шараларға жастарды тасымалдау үшін «Бұқаралық спорт орталығы» мекемесіне микроавтобус алып жатырмыз. Бұрын жастарға арналған іс-шараларды тек аудан орталығында өткізетінбіз, енді ауылдарда да ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Мысалы, өндірістік аймақтағы Шығанақ ауылында үлкен мәдени, спорттық іс-шаралар өткізсек деген ойымыз бар, – дейді Сәбит Орынбетұлы. Ауылда туып-өсіп, қалада жоғары білім а лған Телжан Мұсахан аудандағы ж а с мамандардың бірі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көрген ол қазір Мойынқұм ауылдық әкімшілігінде бас маман қызметін атқарады. – Мемлекеттік қызметтегі жұмысты экономика бөлімінен бастағанмын. «дипломмен ауылға» бағдарламасы оқу орнын енді тәмамдаған жас маманға да, ауылдық аймақтарға да өте тиімді. Өз басым мұндай қолдау болмаса да туған ауылыма оралар едім. 2019 жылы Халықаралық Тараз инновациялық институтын «Есеп және аудит» мамандығы бойынша аяқтап, бірден ауылға келгенмін. Дәл ол уақытта аталған бағдарламаға қатысатын жас мамандардың тізімінде мемлекеттік қызмет жоқ еді. Мойынқұм өзімнің кіндік қаным тамған, топырағында аунап өскен ауылым болғандықтан, оның өркендеуіне үлес қосуды міндетім деп санаймын, – дейді Телжан Салаватұлы. Әрине, «Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық». Қайда жүрсе де өскен өлке өз перзентін бәрібір тартып тұратыны рас. Бұрын қоныстанушыларға қарағанда көшіп кетушілер саны көп болған Мойынқұм ауданы бүгінде ілгерілеген уақытпен бірге дамып келеді. Бұл өңірдің өсіп-өркендеуіне мойынқұмдық жастардың да қосар үлесі мол болатынына сенгіміз келеді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Мойынқұм ауданы