Таласта да той басталды
Таласта да той басталды
Талас жерінде де халқымызға тән осы күнді асыға күтетіндер аз емес. Бұған Қаратау қаласындағы «Жеңіс» алаңында өткен мереке нақты дәлел. Орталық алаңда ұйымдастырылған әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күні жоғары деңгейде өтті. Тігілген шатырлар, жайылған дастарқан, таратылған дәм мерекенің шырайын келтірді. Көпшілік үшін арнайы әзірленген шараға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қатысып, ізгі тілегін білдірді. – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің аясын кеңейту мақсатында төл мейрамды күн мен түн теңелерден 10 күн бұрын бастау дәстүрге айналып келеді. Оны мазмұнды ету аясында Көрісу күні ресми шаралардың қатарына қосылып, бүгінде ел көлемінде аталатын айтулы күнге айналды. Көрісу немесе Амал мерекесінің негізгі шарты – үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мұқтажға қайырымдылық таныту болып саналады. Сіздерді айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын, – деген аудан әкімі жайылған дастарқаннан дәм татып, ұйымдастырылған спорттық ойындарды көрді. Бұл күні алаңдағы мерекеге келген қалың қауым наурыз көже мен бауырсақтан ауыз тиіп, арқан тарту, үстел теннисі, дойбы, кір тасын көтеру сынды спорттық ойындармен қатар, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламаларын тамашалады.
Нарбол ҚАШАҒАН,
журналист.
Талас ауданы