- Advertisement -

Рамазан — ізгілікке жетелейтін ай

209

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының облыс бойынша өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев БАҚ өкілдерімен «Ізгіліктің бастауы – қасиетті Рамазан айы» тақырыбында мәслихат өткізді.

Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады. Жиында алғаш сөз алған өңірдің бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы: «Рамазан – ізгілік пен мейірімділіктің, жақсылықтың айы. Қасиетті Құранда: «Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді», деген аят бар. Ораза ұстау деген – күндізгі ішіп-жемнен ғана тыйылу емес, бүкіл жандүниеңді ізгі қасиеттерге дайындау. Бұл айда біреу дөрекі сөз айтып тұрса да, сабыр етіп: «Мен оразамын» деп, жанжалдан аулақ болған ләзім.

Биыл оразаның уақыты 29 күн. Бұйырса, 21 сәуір – ораза айтының алғашқы күні. Пітір садақа екі килограмм ұнның бағасымен жан басына 535 теңгеден белгіленді. Бұл айда мешітке көп келіп, құлшылықты арттырғанның, Құран әріптерін үйренгеннің, өзгеге жақсылық, жәрдем жасаудың сауабы мол.

Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының Үндеуіне сәйкес біз өңірдегі сауда нүктелерінің, дүкендердің қожайындарынан осы қасиетті айда азық-түлік бағасын қымбаттатпауды, мүмкін болса ішімдік сатпауды сұранамыз. Әлбетте оның қайыры болады», деді.

Мұнан соң БАҚ өкілдері тарапынан «Пітір садақаны міндетті түрде мешітке беру қажет пе, әлде жағдайы төмен отбасыларға жинап беруге бола ма?», «Күні бойы ауыз бекітіп, түнде темекі шегу қаншалықты дұрыс» деген сауалдар қойылды. Осы орайда Бейбіт Мырзагелдиев: «Пітір – жан садақасы. Оны міндетті түрде мешітке беріңіздер деген ереже жоқ. Бірақ, біз облыстық орталық мешіт болғандықтан, жыл сайын бірнеше жүздеген мұқтаж кісілерге, жағдайы төмен отбасыларға пітір садақа есебінен де қолдау көрсетеміз. Өзге мешіттердің де мұқтаждарға қайырымы мол. Мешітке бергендеріңіз де сауапты іс. Ал, өз айналаңыздағы шын жағдайы жоқ отбасыны көріп, танитын болсаңыздар, ол отбасыға берсеңіз де болады. Енді оразаны кешке дейін әрең шыдап ұстап, аузын аша сала, темекі шегуге ұмтылуды дұрыс деп айта алмаймын. Шариғат темекіні харамға жақын деген іске жатқызады. Мүфтият жанындағы пәтуа бөлімі де темекіні харамға жақын деп пәтуа шығарған. Жылына бір келетін Рамазанды таза көңіл, ізгі ниетпен, талабымен ұстап, бойымыздағы жақсы қасиеттерімізді көбейткеніміз абзал», деп жауап қайырып, БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support