- Advertisement -

Қасқа құлын қайта туа ма?

251

- Advertisement -

Кейде маған Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» шығармасындағы «…Мүмкін кейінгі биелерден ондай қара қасқа құлын қайтып тумайтын шығар…» деген күдігі расқа шыққандай көрінеді. Әр шығармасы өмірден алынған жазушымен келіскіміз-ақ кеп тұрады. Расында, қазаққа жасалған қастандық жылқыға бірге жасалды. Оның сыртында айылын ұстатпайтын жаһанданудың жаңғырығы тағы бар. Тұлпар темірге айналған заманда «Жылқыны жоқтайтын жағдайға қалай жеттік?» деген сұрақтың өзі қисынсыз. Бірақ, біз бәрібір осы сауалға жауап іздеуден жаңылмауымыз, жалықпауымыз керек. Өйткені, жылқы – біздікі. Белгілі тарихшы, этнограф Ахмет Тоқтабай ағамыз «Aq jol»-ға берген сұхбатында осы тақырыптағы тұшымды пікірлерімен бөлісті.

«Лошадь» сөзі «Алаш» және «ат» деген сөзден шыққан

Жылқы – қазақ жерінен шыққан. Көкшетау облысындағы Ботай қонысынан табылып жатқан жылқы сүйектері осыған дәлел. Дәл осылай бір қоныстан жүз мыңдаған жылқының сүйегінің табылуы – әлемдік археология тарихында болмаған. Бүгінде бұл жылқылардың қазақтың жабысынан айнымайтыны белгілі болып отыр. Еуропаға үш мың жыл бұрын арилер, екі мың жыл бұрын ғұндар, одан кейін мың жарым жыл бұрын түркілер мен қыпшақтар көшіп, шетінен жаулап алып отырды. Батысқа жылқыларды осы тайпалар алып барды.

Орыс ғалымдарының өзі «лошадь» сөзінің түп- тамырын анықтау үшін көп бас қатырды. Ақыры, Турбачев деген ғалым бұл сөзді «Алаш» және «ат» деген сөздердің бірігуінен туды деген қорытындыға келген. Оның айтуынша, шамамен 800 жыл бұрын көшпенді Алаш тайпалары орыс князьдықтарына барып сауда жасайды. Сонда орыстар Алаштан жылқы алдық деп жүріп, бұл жануарды «лошадь» деп атап кетеді. Бұл сонда «алаш ат» деген мағына беріп тұр. Біздің табиғатымыз, мінез-құлқымыз қазақ деген ұғымға лайық. Біз ешқашан басымыздан сөз асырмаған, кеудемізді жауға бастырмаған халықпыз. Қазақты жылқы мінезді халық дер едім. Өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу – тек қазаққа ғана тән қасиет. Жылқы дүбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы жоқ шығар, сірә. Қазақтың ең кедейінің астында кем дегенде бір «көкшолағы» болған. Ат-көліктің арқасында Алаштың ұлы Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жағады. Жылқының қазысын жеп, қымызын ішеміз. Әркім өзінің ішкен асына тартады, тұтынған тағамының қасиетін сіңіреді. Кейбір халықтың шошқа мінезді, ит қылықты болып келетіні де соның әсерінен деп ойлаймын.

Жылқылар да репрессияға ұшырады

Қазақ жылқысының дені 1930 жылдардағы ашаршылықта құрып кетті. 1928 жылы санақтағы 4,5 миллион жылқыдан 1938 жылғы санақта 300-ақ мың жылқы қалды. Міне, дәл осы кезде асыл текті жануарларымыздан айырылдық.

Ағылшын ғалымдары қазақ жеріндегі тайпалар ең алғаш 6-7 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткенін дәлелдеді. Орыс ғалымы Александр Вилькинс: «Қазақ жылқысы арқылы біз, орыстар жылқыға қолымыз жетті» десе, орыс әскерінің генералы Иван Бабков «Қазақтар казактарға қарағанда тамаша шабандоз, жақсы жауынгерлер болуы үшін оларға тек қару жетпейді. Егер қарулары болса, олар біздің емес, біз олардың айтқанымен жүріп, айдағанына көнер едік» деп мойындады. ХІХ ғасырдың аяғында Зайсан казак-орыстарының атаманы болған Рябушкиннің өзі «Бұл халықты мүлдем атсыз қалдыру керек» деп байбалам салған ғой.

Міне, басқаларға осындай үрей тудырған тұлпарымыз қазақтың басына түскен нәубетті бірге көтерді. Жылқының отаны қазақ жері болғандықтан, Алаш жерімен бірге олар да репрессияға ұшырады.

Қуаныштысы сол, қазақтың барлық шекарасы жылқы тұяғымен қорғалған. Тарихымызды жылқының тұяғымен жазылған шежіре десек те болады. Қасиетті жануар алып территориямызды қорғауға көмектесті. Жылқы сол заманда атом қаруы сияқты болды. Оның мыңдаған километрді бағындыратын күші бізге үлкен көмекке келді. Жылқысы көбейіп кеткен ата-бабамыз жайылым іздеп, басқалардың жерін жайлап тартып алып, шекараны кеңейтіп отырған ғой. Ал, кейін осы иелік еткен жерлерін жылқымен қорғап отырған.

Бәйгенің басын ағылшын аттары алып жүр

Сол заманның өзінде де асыл текті жылқыларымызды бай, шонжар, сұлтандар өсірді. Қазір де жеке шаруашылықтар күшейіп келеді. Алайда, олардың дені ағылшын, араб жылқыларын әкеліп, сонымен айналысып жүр. Тұлпардың дүбіріне атойлаған жүректердің дүрсілін қосатын қазақ өзінің төл жануарының жеңісіне қуанып жүрген жоқ. Өйткені, бәйгенің басын осы шетелден әкелінген ағылшын мен парсының таза қанды, түркіменнің ақалтекесі бермей жүр. Қазақ жылқылары халықаралық, республикалық аламаннан көрінбей кетті. Себебі, біздің қалталы азаматтарымыздың өзі оңай олжаға батқысы келеді. Әйтпесе, бізде жылқының сан мың түрі бар. Арғымақ, қазанат, қазмойын жылқы, жағалбайлы жылқысы, найман жылқысы, шекті жылқысы, адай жылқысы, алтай жылқысы… болып кете береді. Міне, осылай, қазақ ата-текке бөлінсе, жылқылар да дәл солай руға бөлінген. Енді оларды сол елден шыққан қалталы азаматтар қалпына келтіруі керек қой. Олардан басқа кімнің жаны ашиды?

Ат 100 шақырымда шабуы керек

Бізге бәйге жолды ұзарту керек. 30- 50 шақырым деген не, тәйірі?! Ара-тұра ғана ұзақ шақырымға шауып жүрміз. Ал, біздің нағыз жылқыларымыз кемі 100 шақырымда сыналған. Егер біз өз жылқыларымыздың қадіріне жетіп, осындай бәйгеге қосар болсақ, онда тек солар ғана мәреге бірінші келген болар еді. Мына жүрген өзге пародаларыңның ешқайсысы 100 шақырымға жете алмайды. Шетелдің аттары түкке жарамай қалады. Тағы бір айтарым, ат шабыстардың дәмін кетіре бермей, арасын сирек етіп өткізу керек. Бірақ, енді оны аталарына, бабаларына арнап жеке адамдар өткізіп жүр ғой бүгінде. Ал енді олимпиада ойындары сияқты ат шабыс ойындарын төрт жылда бір өткізу қажет. Сонда олар кәдімгідей дайындалып, бабында келеді.

Жылқымызды қайтаруға 20 жыл керек

Революциядан кейін бізде 5 миллион жылқы болған. Ал, қазір 1,5 миллион болып тұр. Ол біз үшін өте аз. Қаншама жер, дала бос жатыр. Бізде кемінде 3 миллион жылқы болу керек.

Жылқы көп болса, қазақтың денсаулығы күшейеді. Қымыз көп болады. Арзандайды. Жылқының көбеюі үлкен стратегиялық мәні бар мәселе. Жылқының сусынын ішіп, етін жеген адамның денсаулығы мықты болады. Рухы күшейеді. Алайда, жылқы тұқымын қалпына келтіру үшін кемінде 15-20 жыл уақыт қажет. Арнайы лабораториядан бастап, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу керек. Бірді-екілі ашқан мұндай орындарымыз аздық етеді. Осыған өзін «қазақпын» дейтін әр азамат атсалысуы керек деп ойлаймын. Өйткені, дәл осы бағытымызбен кете берсек, жылқымыздың тұқымы тұздай құритын болады. Әлгінде 300 мың асыл текті жылқы қалды дедім ғой. Солардың сарқыншағы еліміздің әр өңірінде жоқ емес, бар. Оларды баптап, санын көбейтіп, додаға түсіру – біздің міндетіміз. Бұған Үкімет бастап атсалысуы керек деп есептеймін. Мал шаруашылығын жылқы малын асылдандыру арқылы дамытамыз. Асыл тұқымды жылқының санын көбейтуді тек жекелеген фермалардың иығына іліп қойғанымыз жөн емес.

«Ат майдан» деген атау қайда?

Қазір ипподром деп жатамыз ғой. Осының өзі дұрыс емес. Мұны көне гректерден алып отыр. Қазақ оны ежелден «ат майдан» деген. Міне, бізге дәл қазір ат майдандар жетіспейді. Соны дамытып, жолға қою керек. Қытайдың Бөркөліне барғанымда бір керемет оқиғаға куә болғаным бар. Үлкен ат бәйгесі өтіп жатқан. Бір кішкентай бала жылай берді. Содан әкесі баласын жылқының үстіне отырғызып қойып еді, бала жылауын сап тия қойды. Жасы екіде ғана екен. Бұған қарап не түюге болады? Біздің бесіктен белі шықпаған баламызға дейін жылқыны жақсы көреді. Ауылдың баласын айтпағанның өзінде, қаланың кез келген баласын атпен қызықтыра аласың. Олардың барлығы атқа отыруды армандайды. Себебі, оның генінде бар. Табиғатымен келген дүние. Олардың бойындағы бұл қасиетті ешкім жоққа шығара алмайды. Осының өзі әр қаланың, әр ауылдың маңынан осындай ат майдандарды көбейтіп, ат спорты мектептерін көптеп ашуға сұранып тұр емес пе?! Бір жағынан қалада тынысы тарылып жүрген қандастарымды да, өзімді де аяймын…

P.S. Осындайда белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлының өлеңі еске түседі: «Сол уақыт өтті… 

Жылқы еті – үстелімізде,

Вагон-ресторандарда ішкенімізде,

Самолет қана көреміз түстерімізде!

Ертоқымдардың шаң басқан, бірақ, өрнегін,

Ипподромдарға қамалған

Құлагерлерім – Жылап тұр!..»

…Қасіреті сол, бұл жас ХХІ ғасырдың топырағына тамып жатыр, тамып жатыр…

Жылқы-дерек

  • Аттың көзінің радиусы – өте үлкен. Ол тіпті басын бұрмай, артында тұрған барлық нәрсені көре алады.
  • Жылқы күніне кемінде 25 литр су ішеді.
  • Олар адамның дауысындағы эмоцияларды байқай алады.
  • Аңыз бойынша Ескендір Зұлқарнайынды (Александр Македонский) Буцефал есімді аты 9 рет өлімнен аман алып қалған. Ал, шайқас кезінде қайтыс болған соң, оның есімімен қаланы атаған.
  • Жауға қарсы қолданатын ең күрделі әдісі – тұяқтың соққысы. Бұл соққы адамды өлімге әкелуі мүмкін.
  • Құлын туылғаннан кейін, бірнеше сағаттан соң жүгіре алады.
  • Аттың сүйектері адамнан 18 сүйекке артық.
  • Жылқылар аузымен дем ала алмайды, сондықтан мұрны жабық болса, олар тұншығып қалады.

 

Гүлжан РАХМАН

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support