Кемел келешек бағыты
Кемел келешек бағыты
партия филиалының жаңа құрамы сайланды
Кеше облыстық драма театрында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХIV есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Форумға партияның он бір аумақтық филиалынан сайланған делегаттар, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық деңгейдегі мекемелердің басшылары, облыстық мәслихаттың депутаттары, өңірдегі саяси партиялар филиалдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты. Конференция жұмысын облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаев ашып, жүргізіп отырды. Конференцияға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлы қатысып отырды.
Есеп беру-сайлау конференциясында облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаев күн тәртібіндегі бірінші мәселе — «Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы» және екінші мәселе — «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің 2012 жылдың қарашасы мен 2014 жылдың қарашасы аралығында атқарған жұмысы туралы есебі» жайында баяндама жасады. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ағымдағы жылғы қараша айының 11-і күні партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысынан кейін Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келесі жылдан бастап дағдарыстың алдын алу мақсатында көптеген салаларға бюджеттен, Ұлттық қордан, шетелдік инвестициялардан экономиканы дамытуға қомақты қаржы бөлуге Үкіметтің алдына нақтылы міндеттер қойғандығына тоқталды. Республика Президентінің жыл сайынғы Жолдауларында партияның сайлауалды тұғырнамасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мақсаты атап көрсетілетіндігін, оны орындау үшін партияның облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының қаулысымен 147 іс-шараны іске асыру және 53 көрсеткішке қол жеткізу міндет етіп белгіленгендігін және осынау ауқымды істің облыстың 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасында айшықты көрініс тапқандығын және ойдағыдай орындалып келе жатқандығын жеткізді.Мысалы, 2011 жылы өңірлік жалпы ішкі өнімнің мөлшері 634,3 миллиард теңгені құраса, 2013 жылы оның деңгейі 880,7 миллиард теңгеге жеткен, ал биыл 940 миллиард теңге болады деп күтілуде. Баяндамашы облыста Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстың жүргізілгендігіне, химия өнеркәсібі саласында ірі инвестициялық мегажобалардың қолға алынғандығына, аумақтағы тұрғын үй проблемасын шешу үшін «Қолжетімді баспана» бағдарламасын жүзеге асыруға басымдық беріліп отырғандығына, Елбасы Жолдауында «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы проблемасын шешу міндетінің алға қойылғандығына, білім беру және денсаулық сақтау салаларына айрықша мән берілгендігіне, өткен мерзім аралығында өңірдегі инфрақұрылымдық кешенді жаңғырту мәселесінде де айтарлықтай игі істердің атқарылғандығына тоқталып өтті. Облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаев Елбасы Жолдауындағы Жаңа Экономикалық Саясаттың ең басты өзегі — 7 бағыт бойынша инфрақұрылымдық дамудың мән-жайын таратып айтты. Соның ішінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде республикамызда құрылысы жүріп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің облыс аумағы арқылы өтетін бөлігінде 8 сервистік кешеннің құрылысы үшін жер телімдерінің бөлінгендігіне, оған 2,4 миллиард теңге мөлшерінде инвестиция тартылады деп діттелініп отырғандығына да тоқталып өтті. Кәрім Нәсбекұлы Мемлекет басшысының Жолдауында қамтылынған мәселелерді іске асыру облыс тұрғындарына, соның санатында «Нұр Отан» партиясының әр мүшесіне де үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін атап көрсете келе, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің есепті кезеңде атқарған жұмысын баяндамасына арқау етті. Форумға қатысушылардың назарын партияның облыстық филиалының ішкіпартиялық, идеологиялық жұмыстарын жандандыру, партияның сайлауалды тұғырнамасы, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен партияның ХV съезі алға қойған міндеттерді іске асыру мәселелері партияның облыстық филиалының кезектен тыс 2 конференциясында, Саяси кеңестің 4 және Саяси кеңес бюросының 11 отырысында талқыланып, қабылданған шешімдердің үнемі филиал аппаратының тұрақты бақылауында болып келгендігіне аударды. Филиал төрағасының айтуынша бүгінде өңірдегі 399 бастауыш партия ұйымына қарасты 1693 партиялық топ маңайына 62488 партия мүшесін топтастырып отырған көрінеді. Есепті кезеңде «партия қатарына азаматтарды тартуда сан қуудың қажеті жоқ, сапалық жағына мән берілуі керек» деген ұстаным негізінде партия қатары 2601 жаңа мүшемен толығып, сапалық құрамы жақсара түсіпті. «Электрондық партия» жобасы аясында, партияның Тараз қалалық және аудандық филиалдарында партия мүшелерінің есебі жаңаланып, есепте тұратын 62488 партия мүшесінің мәліметтері толығымен электрондық дерекқорға енгізілген. Партия мүшелерінің мәліметтерін жаңалау, оларды электронды жүйеге енгізу барысында партия жарғысының талаптарын сақтамаған және партиядан қол үзген 14320 адам бастауыш партия ұйымдарының шешімімен партия қатарынан шығарылған. Баяндамашы бұдан өзге партия кадрлары қатарын білікті де білімді, іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азаматтармен толықтыру, ішкіпартиялық менеджмент пен партияны ұйымдық жағынан нығайту, партияның 12 жобасы бойынша облыстық және аумақтық филиалдардың атқарып жатқан жүйелі жұмысы, партия жобаларының орындалу барысын ақпараттандыру, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракция мүшелерінің белсенді іс-әрекеті және басқа да өзекті жайларға кеңінен тоқталды. Баяндамада жемқорлыққа қарсы күштерді «Нұр Отан» партиясының маңына топтастыру, қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында әрқилы форматта іс-шаралар ұйымдастыру және сыбайлас жемқорлық дертінің алдын алу ісінде мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалану мақсатында бақылау-қадағалау, құқық қорғау органдары, бұқаралық ақпарат құралдары және бірқатар қоғамдық бірлестіктермен өзара ықпалдастық туралы меморандумдарға қол қою мәселелері және оның нәтижелері туралы да кеңінен қамтылды. Сондай-ақ, партияның облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаев Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХV съезінде жұртшылық проблемасын шешудің тиімді жүйесін жасау және барлық жерде партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмысын күшейту жөніндегі берген тапсырмасына орай облыстық филиал тарапынан жүзеге асырылған іс-шаралар ауқымы туралы да жан-жақты тілге тиек етті. Баяндамашы сөзінің соңында партияның облыстық филиалының осы есеп беру-сайлау конференциясында жаңадан сайланатын Саяси кеңесінің жаңа құрамы партия жүктеп отырған міндет үдесінен шығатындығына және тың идеялармен партиялық жұмысты одан әрі жандандыратындығына сенетіндігін жеткізді. Партияның облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясында филиалдың бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Мырзақасым Байбеков есепті кезеңдегі комиссияның жұмысы туралы есеп берді. Осыдан кейін басталған жарыссөзге партияның Жамбыл аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Рүстем Дәулет, «Талас инвестмент компани» ЖШС-ның бас директоры, партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі Бақтияр Алдашов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ Жамбыл темір жол бөлімшесінің директоры Дәулетбай Есімбеков, «Казфосфат» ЖШС Жамбыл филиалының бас директоры, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Мұқаш Ескендіров, «Асар» мүгедектер қоғамдық одағы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Руслан Төлегенов, Жуалы ауданындағы «Қоңыртөбе» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Д.Пахомов атындағы орта мектеп директорының орынбасары Тарас Леоненко өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Форум күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылдады. Есеп беру-сайлау конференциясында ұйымдастыру мәселелері қаралып, партияның облыстық филиалының төрағалығына бірауыздан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қайта сайланды. Конференция делегаттары партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің жаңа құрамын сайлады. Форум делегаттары конференцияның кейбір өкілеттіктерін облыстық филиалдың Саяси кеңесіне беру жөнінде шешім қабылдады. Соңынан партияның облыстық филиалының Саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда Саяси кеңес бюросының жаңа құрамы сайланды.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».