- Advertisement -

Бауыржанның «Қара машинасы»…

109

- Advertisement -

1988 жылдың шілдесінде Мойынқұм ауданының «Тұлпарсаз» жазығында Халық шығармашылығының бүкілодақтық ІІІ фестивалі аясында облыстық ән-жыр мерекесі өтеді. Отыз бес жыл бұрын өткен өнер мерекесі туралы жақында Сүндетулла ағамыздың үйінде қонақта болғанда «Тараз» триосының күміс көмей әншісі Асылхан Шүңіреков пен белгілі журналист Қуаныш Иембердиев тамсана еске алды. Бұл туралы «Еңбек туы» (бүгінгі «Aq jol») газетінің 1988 жылғы 7 шілде күнгі нөмірінде Рахметілда Құдабаевтың «Тұлпарсаз төріндегі думан» атты репортажы жарияланғанын да айтты. Белгілі әншілер З.Қаймақова, Ә.Мұқашева, А.Шүңіреков, А.Баялиев шырқаған әуезді әндері кең даланың аспанында қалықтаған. Киров атындағы орта мектептің мұғалімі В.Матросова Мариям Жагорқызының «Дударайын» шырқайды.

Бүгінде сахна жұлдызына айналған Мейрамбек Беспаевтің шәкірті мойынқұмдық 4-сынып оқушысы Ғани Шүңіреков Алтынбек Қоразбаевтың «Туған жерін» орындағанда шапалақ үнінен кең дала жаңғырып кеткендей болыпты. Әрине, Мойынқұм даласын әнмен тербеген жамбылдық әншілердің барлығын бірдей тізіп шығу мақсат емес.

Өнер мерекесінде қазақтың арқасын қоздыратын айтыс өтіп, ақындар «Тұлпарсазда» иін тірескен жұрттың айызын қандырған. Базарбай Асқаров пен ол кезде Свердлов (қазіргі Байзақ) аталатын ауданнан келген 9-сынып оқушысы Алтынкүл Қасымбековаға көрермен қауым ерекше ілтипат көрсетіп, «ең мәдениетті айтыс» деп бағалапты.

Ән-жыр мерекесінің бағдарламасына бірінші рет жазба ақындарының өлеңдерін оқу енгізілуімен де ерекшеленген. Ақын, әнші әрі композитор Бауыржан Үсеновті алғаш рет көргендер жапа-тармағай қолтаңба алып, ақынмен бірге суретке түсіп, пікірлесіп қалғысы келгендердің қарасы тіпті көп болса керек.

– Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы әдеби кеңесшісі, қазылар алқасының төрағасы Кәрім Баялиев ағамыз: «Бауыржан айналайын, тек қана «Қара машинаңды» оқымашы, – деп қайта-қайта ескертіп жатты. Түсіне қойдым. Қазақтың үш арысы Сәкен, Бейімбет, Ілияс туралы жазылған осы отты жыры үшін «үш әріптің» тарапынан қуған-сүргін көрген. Оның үстіне, Желтоқсан көтерілісінің ызғары басылмаған кез. Жарықтық, Кәрекең осыдан сескеніп тұр. Бауыржан «мақұл, көке» деп сахнаға қарай көтеріле берді. Жалын жырларын бірінен кейін бірін оқыды. Бір кезде «Қара машина» деп саңқ етті. Жүрегім зу ете түсті. Кәрекең жаққа қарасам, жүзі құп-қу болып кетіпті. Арқаланып алған Бауыржан ештемені елең қылар емес.

Жұрт дүркірете қол соқты. Бауыржан қасқайып сахнадан түсіп, бізге беттеді. Қолын алып, ризашылығымызды білдіріп жатырмыз. Бірақ, көңілімізде күдік. «Бауке- ау…» деп сол күдігімді айта бастап едім, иығымнан қапсыра құшақтап: «Ештеме етпейді. Ондай құқайдың талайын көргенбіз» десін азамат, – дейді Қуаныш Иембердиев.

Қалың елді дүр сілкіндіріп сахнадан түскен Бауыржан ақынмен белгілі ақын Шорабек Айдаров, журналист әріптесіміз Жолдыбай Дәметов және Асылхан Шүңіреков алдарына балғын әншілер Мейрамбек пен Ғаниді алып, суретке түседі. Ол кезде аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің тілшісі болып жүрген Қуаныш әріптес те студенттік думанды шақты бірге өткізген Бауыржан ақынмен «Қара машина» оқылған Мойынқұм даласынан естелік болсын деп суретке түсті. Ақын отызыншы жылдардың ойранын қалың елдің алдында жайып салғандықтан, оның есімі газет репортажында жазылған жоқ.

Соңында байланған «қоңырауы» бар қазақтың талантты ақынын сақтандырып, отызыншы жылдардың ойранында «халық жауы» болып атылып кеткен үш арысқа арналған әйгілі өлеңін «оқымашы» деп шыр-пыр болған белгілі жазушы Кәрім Баялиев пен репортаж авторы, әріптес ағамыз Рахметілда Құдабаев бірі ерте, бірі кейінірек өмірден өтіп кетті. Үш жылдан соң, тәуелсіздігімізді жариялаған 1991 жылдың жазында Бауыржан Үсенов жалған дүниеден баз кешіп кете барды…

 

 Амангелді ӘБІЛ

Мойынқұм ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support