Елбасын екі ұлықтаудың куәсі болған
Елбасын екі ұлықтаудың куәсі болған
1991 жылдың соңғы айларында КСРО атты алып империяда қат-қабат оқиғалар тез алмасып, саяси өмір ширығып тұрды. Тамыздағы «ГКЧП» оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірген болатын. Кеңес үкіметінің тынысы күннен-күнге тарылып келе жатты. Бірқатар республикалар одақтан бөлініп, өз тізгінін өзі алып та үлгерді. Қазақстанда 1 желтоқсанға Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Президентінің сайлауы белгіленген. 28 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев Таразға келді. Облыстық драма театрында үміткердің облыс сайлаушыларымен кездесуі өтті. Жамбылдықтардың Нұрекеңе ілтипатында шек жоқ еді. Екі күннен кейінгі сайлау да жоғары белсенділікпен өтті. 10 желтоқсанға тұңғыш Президенттің ант беру рәсімі белгіленді.
Республика астанасы – Алматы, коммунистік партия әлі де болса билік басында, бұрынғы атаулар бәз-баяғы қалпындағы кез. Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Өмірбек Байгелді Қордай ауданының басшыларына ерекше ұсыныс айтты. Осыған дейін өзі он жылдай басқарған ауданның жайын Өмекең жақсы білетін. Нұрсұлтан Әбішұлының нағашы жұрты саналатын осы өңірден бір топ адамның Елбасын ұлықтау рәсімі өтер сәтте Республика сарайы маңында ақсарбас атап шалып, аузы дуалы қария бата берсе несі айып. Ұсыныс бірден құп алынды. Сондағы оқиғалардың куәсі бүгінде зейнеткер, «Құрмет» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы Төле Сүгірбай былай еске алады: – Ол кезде аупарткомның бірінші хатшысы А. Шупта, мен – аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болатынмын. Өмекеңнің ұсынысын жамбылдықтардың Елбасыға деген ерекше құрметін, бүкіл халықтың ақ тілеулі ниетін білдіретін шара деп қабылдадық. Оны ойдағыдай атқаруға құлшына кірістік. Қызық болғанда, бата беруге сақалы белуарға түскен қария, ақсарбасқа бойында қылаудай бөтен дағы жоқ, ірі денелі қой табу біраз әбігерге салды. Бүкіл ауданнан екі күн іздетіп жатып, ондай қойды ақыры Сортөбеден таптық. Оны жуып-шайып, тазалаттық. Бата беруге Алмалы ауылының имамы, сол кезде жасы тоқсанға таяған Молдахмет қария таңдалды. Онымен бірге соғыс ардагерлері Рахманбай Әлімбаев, Молдарахым Әлімбаев тәрізді үлкен ақсақалдар, аудан имамы Мұқаметжан Сәменқұлов баратын болып, олардың ас-суын, көлігін әзірлеп, басы-қасында жүру «Береке» өндірістік кооператив төрағасы Орынхан Уәлихановқа тапсырылды... Сонымен, қордайлықтар бір «Газельге» адамдарын мінгізіп, бөлек мәшинемен қойын, оны сойып, жайғайтын саймандарын алып, ұлықтау рәсімі өтетін күні ертелеп Алматыға жүріп кетті. Облыс басшысының алдын ала нұсқауымен Республика сарайының алдына келіп, Абай ескерткішінің маңындағы бір үлкен ағашқа қойды байлап, қасына төсеніштерін жайып, қариялар алқа-қотан жайғасып отырады. Ұлықтау рәсімі өтетінінен хабардар жұрт бұл маңға көптеп жиналып жатқан кез. Олардың ағаш түбінде қой байлап отырған бұларға келіп, мұны не істейтіндерін сұрап қызықтап жатқандары аз емес еді. Балалар жағы болса тайыншадай дәу қойға таңырқай қарап, кейбірі қолдарымен абайлап сипап та қояды. Әрине, Президенттің ант беру рәсімі өтетін сарайдың ішіне арнайы шақырылғандар ғана кіреді, ал былайғы жұртқа іштегі салтанатты көруге сыртта үлкен теледидар қойылған екен. Қой алып келген қордайлықтардың міндеті – әлгі үлкен экраннан ант беріліп, жұрт ду қол шапалақтап жатқан сәтте ақсарбас қойды бауыздап, Елбасыға ақ тілек айтып, бата беру болатын. – Мен ұлықтауға арнайы шақырылғандар қатарында ішке еніп, тиісті орныма отырсам да, бір ойым сыртта, ондағы шаруамыз қалай өтер екен деп алаңдаумен болдым, – дейді Төле Аманжолұлы сол күнгі оқиғаларды еске алып. – Елбасы сахна төрінде жеке үстел басында отырды. Ту сыртында флагштокқа Қазақ КСР-ның Туы қойылған, екі жағында екі құрметті қарауыл тұрды. Салтанат аса тебіреністі жағдайда өтті. Ант беру рәсімін Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Серікболсын Әбділдин жүргізді. Нұрсұлтан Әбішұлы мінберге шығып, Конституцияға оң қолын қойып тұрып Қазақстан халқының болашағына адал қызмет етуге ант берді. Тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов батасын жаудырды.Әбіш Кекілбаев бастаған елге белгілі ірі тұлғалар кезекпен құттықтау сөздерін айтып жатты. Салтанатты рәсім аяқталып келе жатқандағы бір оқиға есімнен кетпейді. Кенет, Президенттің ту сыртындағы Ту артындағы ауыр шымылдықтың лебімен бе, бір жағына қарай қисайып бара жатты. Қапелімде соны байқап қалған Нұрсұлтан Әбішұлы сәл шалқайып барып, Туды сабынан бір қолымен шап беріп ұстап қалды. Ар жағынан әскери адамдар келіп Туды орнына қайтадан дұрыстап қойғанша құлатпай ұстап тұрды. Сол мезет талайлардың жүрегін суылдатқан бұл жайды артынша: «Туымыз жығылмайды екен, дербестігін жаңа алған еліміздің туын Назарбаев қайтадан көтереді екен, лайым солай болғай» деп жақсылыққа ырымдап жаттық. Енді арада ширек ғасырға таяу уақыт өткенде сол ниетіміздің қапысыз орындалғанын көріп, тәубе етіп отырған жай бар... Қордайлықтардың апарған ақсарбасына келсек, рәсім ойлағандай ретпен атқарылған. Ұлықтаудан соң облыс әкімі Өмірбек Байгелді бастап, Алматы, Шымкент, Қызылорда облыстарының бірінші хатшылары және басқа көрнекті тұлғалар құрбан шалынған жерге келіп көріп: – Дұрыс жасаған екенсіздер, ниеттеріңіз қабыл болсын! – деп алғыстарын білдіріпті. Ал ақ тілекпен бауыздалып, сол жерге қаны ағызылған қойдың етін ауылға алып келіп, ертесіне аудандық мешітке көп адамды жинап, Құдайы тамақ таратқан болатын. Сол тұста саяси оқиғалар тез алмасып, күн құрғатпай жаңалық болып жатқан кез. Елбасын ұлықтау рәсімінен екі күн бұрын ғана Ресей, Белоруссия және Украина қол қойған Беловеждік келісіммен КСРО таратылып, оның орнына Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылған болатын. Ұлықтау рәсімі өткен бойда Президент алғашқы Жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауын Қазақстан Республикасы деп өзгертті. Арада апта өтпей – 16 желтоқсанда еліміздің Тәуелсіздігін жариялады. Біздің кейіпкеріміз Төле Сүгірбай Қазақстан Президентінің 2011 жылғы 8 сәуірдегі төртінші ұлықтау салтанатына да арнайы шақырумен қатысқан болатын. Соның алдында ғана аудандық мәслихаттың хатшылығынан ақысыз демалысқа шығып, «Нұр Отан» ХДП-ның Президент сайлауы жөніндегі аудандық штабының бастығы қоғамдық қызметін атқарған-ды. Қордайлықтар бұл жолы да үлкен белсенділік танытып, 3 сәуірдегі сайлауда сайлаушылардың 98 пайызға жуығы Нұрсұлтан Әбішұлын жақтап дауыс берген. Сол үшін сайлау штабының бастығы Елбасының Алғыс хатымен де марапатталған. – Мен өзім куәсі болған Елбасын алғашқы және кейінгі ұлықтаулардың өзгешеліктері жер мен көктей, – дейді ол. – Алғашқысы күні өткен империяның шіріген арқаулары бырт-бырт үзіліп жатқан алмағайып кезеңде, Алматыдағы бұрынғы Ленин атындағы сарайда өтсе, соңғысы еліміздің араға жиырма жыл салып барлық тұрғыда мемлекеттігі нығая түскен, тәуелсіздік жылдары пайда болған жаңа елордамыз – Астана қаласындағы ғажайып ғимараттардың бірі – Тәуелсіздік сарайында өтті. Оның ішіне және қарсы алдындағы Қазақ елі алаңына қырық мыңнан астам халық жиылды. Шетелдерден қаншама мәртебелі қонақтар келді. Жамбылдық делегация сән-салтанаты жарасқан «Абай» қонақүйіне орналасты. Орталық концерт залында Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағынан бастап өмірі туралы «Балалық шағымның аспаны» фильмін Елбасымен бірге отырып тамашаладық. Ұлықтау салтанаты тікелей эфирде бүкіл әлемге көрсетілді. Осынау жиырма жылда тұңғыш Президентіміздің бастауымен еліміздің қандай асуларды бағындырғанын төрткүл дүние жұрты көріп тамсанды. Ұлықтаулардан бөлек, «Нұр Отанның» съездерінде, басқа да алқалы жиындарда Елбасының сөздерін өз аузынан жақыннан тыңдаудың реті талай рет келді. Әсіресе, оның болашақты болжаудағы көрегендігі ғажап дер едім. Бір ғана мысал. Кезінде ел байлығын бүкіл халыққа теңдей етіп бөліп берейік дегендер шықты. Ал Президент оны Ұлттық қорда сақтауды ұсынды. Соның дұрыстығын енді көріп отыр емеспіз бе?! Осымен екінші мәрте бүкіләлемдік дағдарыс қыспағынан Ұлттық қор қаржысына сүйенгелі отырмыз. Мемлекет басшысы таяудағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында осыны ескерте келе, қандай қиындықтарға да қарамастан халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеу, индустриялық, көліктік инфрақұрылымдарды дамыту, баршаға делдалсыз қолжетімді баспана тұрғызу тәрізді ең өзекті мәселелерді алға тартты. Елбасының алғашқы ұлықтау кезінде қапелімде қисайып бара жатқан Туды құлатпай ұстап қалғанын қалай жақсылыққа жорыған болсақ, солай еліміздің көгілдір Туы биікте желбіреумен келеді.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, «Ақ жол».
Қордай ауданы.