Саясат

Анкара саммиті: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Анкара саммиті: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

16 наурызда Түркия астанасы Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттер басшыларының кезектен тыс саммиті ұйымдастырылған болатын. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. Айта кетсек, Түркияда биыл ақпан айының басында болған жойқын жер сілкінісінен 49 мыңнан аса адам қаза тапты. Соңғы мәліметтерге сәйкес, табиғи апат шығыны 80 миллиард долларды құраған. Түркі мемлекеттері аумағындағы табиғи апаттардың жиілеп кетуіне байланысты биылғы Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс отырысы да осы тақырыпқа арналды. Жиында апат пен төтенше жағдайлар менеджменті және гуманитарлық көмек саласындағы қызметтің басым бағыттары, соның ішінде табиғи апаттарға қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастықты үйлестіруге және нығайтуға қатысты мәселелер талқыланды. ТМҰ-ның кезектен тыс саммитіне қатысу үшін Анкараға жұмыс сапарымен келген Қазақстан басшысын Түркия Президенті «Кулие» резиденциясында қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу барысында құрметпен қарсы алғаны үшін Режеп Тайип Ердоғанға ризашылығын білдіріп, ең алдымен жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия халқына көңіл айтты. Қауіп-қатерге қашан да дайын болу керек екенін атап өтіп, төтенше жағдайлар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталып өтті. Осы орайда «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» тақырыбында өтіп жатқан саммитті өте қажетті іс-шара деп есептейтінін жеткізді. «Табиғи апат кезінде мемлекеттердің бір-біріне көмек көрсетуі аса маңызды. Бұған осы жолы тағы да көзіміз жетті. Бауырлас ел қиындыққа тап болғанда түркі жұрты ауызбіршілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетті. Қазақстан да түрік бауырларға бірден қол ұшын созды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оған қоса ол Түркия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті. «Түркия Қазақстанның басты бес сауда серіктесінің қатарына кіреді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 33 пайызға өсіп, 6,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қазақстанның тауарларын Түркия нарығына көптеп шығаруға мүмкіндік бар», – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев түрік инвесторларының Қазақстандағы жобаларын қолдауға дайын екенін атап өтті. Сондай- ақ, кездесу барысында «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты аса маңызды рөл атқаратыны сөз болды. Қазақстан тарапы әлеуеті мол осы көлік-логистикалық бағдарды дамыту үшін ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған кейінгі жылдардағы екіжақты сапарлар нәтижесінде барлық салада өсім бар екенін, жыл соңына дейін тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізу қажеттігін айтты. Түркия басшысы көлік саласында «Орта дәліз» әлеуетін толық пайдалану керегін де атап өтті. Қазақстан Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитінде сөз сөйледі. «Біз бауырлас Түркияға үлкен ауыртпалық әкелген аса жойқын жер сілкінісіне байланысты жиналдық. Мыңдаған бауырымыз қаза тапты. Марқұмдардың туған- туыстарына және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтамын. Алапат зілзаланың зардабын тартқан Түрік елінің қайғысы – барша түркі жұртының қасіреті деп білемін. Қазақта «Қайғыны бөліссең – азаяды» деген сөз бар. Ағайынның басына күн туғанда біздің халқымыз ешқашан қол қусырып отырмайды. Қазақстан халқы бірден түрік бауырларға қол ұшын созды. Құтқарушыларымыз және дәрігерлеріміз дереу көмекке аттанды. Қажетті құралдармен жабдықталған ең тәжірибелі білікті мамандарымыз құтқару жұмысына атсалысты. Бауырлас елге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетілді», – деді Мемлекет басшысы. Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде Қасым- Жомарт Тоқаев, ең алдымен, саммитті өткізуді ұсынған Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке және қонақжайлылықпен қарсы алған Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтты. «Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бейжай қалдырмады. Біздің халқымыз бауырларымыздың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты. Қазақта «Асар» деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Осы мақсатта Қазақстаннан Анадолы еліне көптеген ерікті келіп, аянбай еңбек етті. Олар – ел басына ауыртпалық түскенде алғы шепте болатын шынайы патриот азаматтар, жаны таза адамдар. Еріктілерді ортақ іске жұмылдыру аса маңызды. Сондықтан, мен Ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Біз бауырлас Түркияға одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы орайда, апат аймағында әлеуметтік нысан салып беруге дайын екенімізді айтқым келеді. Бұл бауырлас Түрік халқына шынайы ілтипатымыздың көрінісі болатынына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның пікірінше, жер жүзінде табиғи және техногендік апаттар көбейіп жатыр. Бұл жағдай өте өзекті халықаралық мәселенің біріне айналып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай күрделі кезеңде түркі елдері төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет ете білуі керек екеніне назар аударды. Сондай-ақ, Ұйым хатшылығыменмүшемемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайта түсу үшін бірқатар ұсыныс айтты. «Біз табиғи апаттың алдын алу үшін күшімізді жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп- қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан, ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады. Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке Ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, құтқарушылардың біліктілігін арттыру және оқу- жаттығу курстары өткізіледі», – деді Президент. Мемлекет басшысы екінші ұсыныс ретінде іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейту қажеттігін атады. Осы мақсатта Президент елдеріміздегі Төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал- жабдықтарының тізімін әзірлеуді ұсынды. Бұл шара қиын-қыстау сәтте шұғыл әрекет етіп, апаттың салдарын жоюға бағытталған іс- әрекеттерді үйлестіруге мүмкіндік бермек. Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайдың алдын алу үшін ақпарат бөлісіп, құтқарушылардың тәжірибе алмасуы өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, биыл күзде Қазақстанда «Қазқұтқару» халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтетінін еске салды. Президент Ұйымға мүше елдердің құтқару қызметтерін аталған іс-шараға қатысуға шақырып, сол кезде осы салаға жауапты мекеме басшыларының алғашқы басқосуын өткізуге болатынын айтты. Қазақстан Президенті қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделі кезеңінде Түркі әлемінің өзара ынтымақтастығы нығая түскенін өте дұрыс қадам деп санайды. «Біздің ұйым сол арқылы халықаралық деңгейде өзіндік орны бар екенін көрсетті. Елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруі қажет. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттарының бірі», – деген Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды биыл күзде Қазақстанда өтетін Ұйымның оныншы мерейтойлық саммитіне шақырды. «Биыл қазан айында киелі Түркістанда Ұйымның оныншы мерейтойлық саммиті өтеді. Сіздерді осы алқалы жиынға қатысуға шақырамын. Бұдан бөлек, күзде ұйымға төрағалық ету міндеті Қазақстанға жүктеледі. Сол кезде бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылатын болады», – деді Қ.Тоқаев. Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды: Түркі мемлекеттері ұйымы кезектен тыс саммитінің Анкара декларациясы; Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау механизмін құру туралы шешім; Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім. Айта кетейік, жиынға Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстанның Милли Генгеші Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан және Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Қубанычбек Өмірәлиев қатысты.  

Дайындаған Жүрсінгүл НҰРТАЙҚЫЗЫ.