- Advertisement -

Хат жазып тұрсаң қайтеді?

111

- Advertisement -

Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған коуч, психолог, мотиваторлардың айтып жүргендері бір-біріне ұқсас. «Жаз» дейді. Ішіңдегіні, біреуге өкпеңді, қуанышыңды, жоспарыңды, тіпті, шүкіршілігіңді жиі жазып отыруың керек. Олар дұрыс айтады. Бар болғаны қазақ үшін ұмыт бола бастаған дүниені қайтарып отыр. Осының бәрі кезінде өзіміз төгілтіп тұрып жазатын хатымызда тұр еді ғой. Амандасудан басталып, ортасында сырымызды ақтарып, өкпелеп жүрсек оны айтып, сағынсақ білдіріп, ақыр соңында сыйлық күтетінімізді де естіртіп үлгеретін едік. Келмеске кеткен әдет десек артық болар, дегенмен, ұмытылудың сәл-ақ алдында тұрған дәстүрдің қалай болса да жанданғаны керек-ақ. Мұны мамандар нақты дәлелдермен келтіріп отыр. Түрлі дертке дауа болатын хат жазудың артықшылығына біз де тоқтала кетуді жөн санадық.

Қоғам дамыған сайын адамдардың арасындағы мәміле жоғалып барады деп дабыл қаққалы қашан. Көп дүниеге бейжай қарау, елемеу белең алып барады. Мұны шешудің бірден-бір әдісі – ойыңды бөлісу, сезіміңді айту, тілдесу. Сезімді сөзбен білдіру арқылы жай-күйіңіздің жақсаратынын білесіз бе? Білуіңіз керек. Өйткені, осы әдісті талай рет қолданып көргеніңіз анық. Әлемде күн сайын жүргізілетін сан зерттеудің бірінде осы тәсіл талқыға салынған екен. Нәтижесінде хаттың ми мен санаға жағымды әсері бары белгілі болған. Жазу арқылы жақсы психологиялық өзгерістерге қол жеткізе аласыз. Айталық, көңіл-күйді көтеріп, күйзеліс деңгейін төмендетіп, оның кей белгілерін жоятын күшке ие. Физикалық өзгерістерін санамалайтын болсақ, қан қысымын төмендетіп, өкпе мен бауыр жұмысын жақсартады.

Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің психологтары жүргізген зерттеу қорытындысына сәйкес, адам ойы мен сезімін жазбаша немесе ауызша жеткізу арқылы мидың эмоцианал орталығының белсенділігін азайтатыны белгілі болды. Яғни, ашу болмаса, өкпе- реніш деңгейі төмендейді.

Осыған ұқсас тағы бір зерттеу жайлы айтайық. Эмоцияны хат арқылы білдіру адамдарға жағымды психологиялық және физикалық әсер сыйлайды. Яғни, иммундық жүйенің қызметін жақсартады. Көптеген тестілеу нәтижесінде хат физикалық денсаулық пен психологиялық саулық көрсеткішін көтерген. Мичиган университетінің сарапшылары созылмалы мазасыздығы бар науқастарға тапсырма орындар алдында сезімін хатқа түсіруге кеңес берген. Соның арқасында олар ойдағыдан да жақсы орындап шыққан көрінеді. Ми азырақ белсенді болып, көп ресурстың шығындалуын қажет етпеген екен.

Енді мынадай қызық тәжірибеге назар салыңыз. Жазбаша сезім білдірудің, тіпті, қайғылы оқиғадан кейінгі ахуалды реттеуге күші жетеді екен. Сонымен бірге физикалық жарақаттарды да емдеуге қауқарлы. Экспериментке қатысушыларға күнделік жүргізу тапсырылған. Енді бір бөлігі ештеңе жазбаған екен. Алғашқы топ соңғысына қарағанда тезірек емделіп, жағдайы түзелген. «Your Brain on Ink» кітабында авторлар хат арқылы мидың ойланатын бөлігін қостырып, парасипатиялық жүйке жүйесін тыныштандырудың әдістерін бөліседі. Ойға келген дүниені қарындаш не қаламмен қағазға түсіру – сол ақпараттың жадыңызда жаңғырып тұруы үшін оң әсер етеді екен.

Көп нәрсенің дәмі де, мәні де кете бастаған қоғамда дем беретін дүниелердің болғаны да жақсы. Қолға қалам алып, ойды түртіп алудың еш қиындығы жоқ. Өміріңізде тәртіптің орнауына да хаттың пайдасы орасан. Айталық, не істеріңізді білмей, ішіңіз пысып отыр. Кем дегенде ойыңызды хатқа түсіріңізші, жеңілдеп қаласыз. Одан қалса, әйтеуір бірдеңе тындырғандай боласыз. Сонымен бірге бір адамға бетпе-бет айтуға батпаған талай сырды еркін көсіліп жазуға болады. Яғни, хат дегеніміз – дертке дауа, қорқынышты сейілтетін ем. Қол жеткізген жетістіктерді тізбелеп, оң өзгерістерді бақылап жүруге таптырмас құрал.

Пошта қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде хат жазып, алмасатындар – зейнеткерлер ғана. «Жастар мұның орнына ұялы байланыс немесе ғаламтор желісін пайдаланады. Сәт сайын дамитын техника хаттың орнын баса алмайды ғой. Қазір ұялы телефон мен әлеуметтік желілер арқылы туған-туыс, дос-жаранға жылдам әрі оңай хат жазуға болады. Бірақ, кейде сол жылдамдық пен оңайлық жүрек сырыңды толықтай жеткізуге мүмкіндік бере бермейді. Ары кетсе, 3-4 сөйлеммен ғана шектелесің. Жағдай сұрайсың, амандығыңды жеткізесің», дейді пошта маманы Жандос Айтбаев.

Расында да, қолға қаламсап ұстап, қағазға жазу өткен ғасырдың әрекеті ретінде артта қалып барады. Сандық түбіндегі сарғайған хаттарды қолға алып, жастықтың жалынды күндерін сағынышпен еске алушылардың қатары өте көп. Сазгер Әуезхан Салабектің де «Хат жазып тұр» әні осы сағыныштан туса керек. «Хат деген қазір ұмытылып кетті және бұл өкінішті нәрсе. Хатқа адам бойындағы бар қасиетін, сезімін сыйғыза алатын еді. Бұл СМС-ке сыймайды. Оның үстіне қолмен жазылған мәліметтер, хабарламалар жадыда жақсы сақталады. Қолмен жазу жас балаларға саусақ моторикасын дамытуға және жылдам сөйлеуге көмектеседі екен. Адамның хатын қарау арқылы дәрігерлер оның бойында қандай аурулар бар екенін болжай алады. Мысалы, сөзді дұрыс айтпау және сөзде қате жіберу – Альцгеймер ауруының белгісі болуы мүмкін. Паркинсонның алғашқы белгілерін де дәрігерлер адам қолжазбасына қарап біледі. Бірақ біздің қоғам қазір оны біліп отырған жоқ. Сондықтан, анда-санда қолға қалам алып, бірауық қағаз бетіне жазу жазып тұрған дұрыс-ау», – дейді ол.

…Біз қазір жазуды қойдық. Жып-жылы дүниені жазып, жансарайды жылытуды ұмытсақ та, жан-жағымызды жазғыратын арыз жазуды ұмытпағанымыз тағы бар…

 

Гүлжан РАХМАН

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support