- Advertisement -

Өткен күнде белгі бар

277

- Advertisement -

Өңіріміздің белді басылымдарында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан еңбекқор журналистер аз емес. Олардың қатарында облыстық «Aq jol» газетінде отыз жылдан астам өнімді еңбек еткен белгілі журналист Әділбек Баққараұлы да бар. Жақында Әділбек Баққараұлының «Өткен күнде белгі бар» атты жаңа кітабы Алматыдағы «Тоғанай Т» баспасынан 500 данамен жарық көрді. Мұнда автордың әр жылдары жазған публицистикалық сараптамалары және өзекті мәселені көтерген мақалалары топтастырылған. Журналист – өмір шежіресі. Қоғамның тынысы, елдің басынан өтіп жатқан сан қилы оқиғалар мәртебелі мамандық иелерінің жүрегін тербеп, ойын қозғайды.

Кітап қызықты деректерге толы. Мәселен, автордың «Асығыстық сапасыздыққа соқтырмас па екен?» атты мақаласы «100 орындық бұрынғы балабақша үйінде 800-ден астам оқушы оқып жатқан Шөлдала орта мектебіндей білім ошағы облысты былай қойғанда республика көлемінде жалғыз болар», деп басталады. Ал, «Өрде» деген очеркі «Табиғаттың жомарттығына шек келтіруге болмайды. Әсіресе, жер жәннаты – Жетісу, оның ішінде Ұзынағаш жері жылдың қай маусымында болмасын, ғажап қой шіркін! Тап-таза тау ауасы , қозы-лақтың жонын жасырар көк шалғын, тұлымшағы желбіреген топ қыз бала күнұзақ бүлдірген, қарақат теріп, қас қарая сілелері қата шаршап, үйлеріне оралатын», деп бастайды.

Осы аз ғана сөйлемдерде қаншама теңеу, суреттеу, көркем баяндау жатыр десеңізші! Дәл осы очеркті Әділбек Баққараұлы бар болғаны 24 жасында жазған екен. Аталған жинақтағы «Үш биден ұят болды-ау», «Жүдеу ауыл, жұпыны мектеп», «Шаң басқан 8200 кітап», «Қала вокзалы қараусыз қалған», «Кіндік кесіп, кір жуған қайран ауыл» тақырыптарынан-ақ жазбада көтерілген мәселелердің ауқымды екенін байқауға болады.

Әділбек Баққараұлының «Өткен күнде белгі бар» кітабының тұсауын қоғам қайраткері Әміржан Қосанов пен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қордай ауданының Құрметті азаматы Асқарбек Сейілхан кесті. Іс-шарада облыс әкімінің Алғыс хатын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әбиірхан Жанқұлов оқып берсе, автордың курстастары Серік Абас-Шах, Болатбек Қожанов, Қарлығаш Исина, Абай Иманбаев ағынан жарылып тілек айтты. Облыстық «Aq jol» газетіндегі әріптестері де Әділбектің қаламынан туған мәні терең жазбаларды жоғары бағалады.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support