Нағашы
Нағашы
Әлжан апаның бауыры Бөлегеннің көзін көргендер Нұрсұлтан Назарбаевты нағашысына ұқсатқан екен. Ел аузында қалған сөз ғой, Бөлеген – қалың қасты, кербез кісі болыпты. Топ алдына шығып сөз бастайтын шешен, небір қиын іске бел буып кірісетін өр мінезі де бар көрінеді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» емес пе, ашаршылықтан еңсе көтере алмай қалған ауылдастарын ұйыстырып, еңбекке жұмылдырады. Содан болар Қасық ауылының қариялары әлі күнге оның есімін ерекше қастерлейді. Жоқшылықты еңбекпен ғана жеңетініне көзі жеткен жұртшылық осы азаматтың көрсеткен жолынан тайған емес.
«Әкем Айдапкелдің көкірегі шерлі еді. Бауыры Бөлегенді «халық жауы» деп ұстап әкетті. Содан кейін оны көрген-білген жан болмапты. Қарындасы Әлжаннан көз жазып қалғаны тағы бар. Әпкемізбен 20 жылдан кейін табыстық қой. Ұмытпасам, 1955 жылы. Бөлеген ағамыздың еңбекқорлығы дарыған шығар, колхоздағы озат сауыншымын.Осыны ескеріп, басшылар 1954 жылы Мәскеуге жіберген. Құт кірсе, осылай қос-қостап келеді. Араға жыл салып, әкем қарындасымен қайта қауышты. Бұл оқиға отбасымыз үшін үлкен қуаныш болды. Нұрсұлтан сонда 15-16 жаста. Ол кез соғыстан кейінгі елдің тұрмысы оңалып кете қоймаған шақ қой. Бірақ, сол уақыттың өзінде біздің Қасық осы өңірдегі ең шаруасы күйлі колхоз екен», – деп еске алады сол шақты Президенттің нағашы әпкесі Қалбүбі апа. Қалбүбі апа Қордай ауданындағы Қасық ауылында тұрады. Ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере сүйген ардақты әже. Апамыз жиенінің бойында кісілік қасиеті көп екенін айтады. «Нұрсұлтан қара шаңырақты қатты қадір тұтады. Әкемнің қара орманын жаңғыртып беру арқылы соны көрсетті. Қазақ үшін қара шаңырақтан қасиетті нәрсе бар ма?!» - дейді ол. Иә, Елбасы нағашысы Айдапкелдің қара шаңырағын жаңғыртып, зәулім үй салғызып беріпті. Бүгінде бұл үйде оның жалғыз ұлы Иванның балалары тұрады екен. Ал із-түзсіз кеткен Бөлеген нағашысының дерегін біршама уақыт іздетіп, сұрастырғанмен, еш нәтиже болмапты. Бауырмалдық, мейірбандық, еңбекқорлық, төзімділік... Осынау ізгі қасиеттер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа әкеден де беріліп, ана сүтімен де дарыған. Жұрттың Президентті нағашыларына ұқсатуы да сондықтан.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Қордай ауданы.