- Advertisement -

Шынайы шығарма шындығы

101

- Advertisement -

Халқымыздың нақышты мерекелерінің бірі – Наурыз. Аталған мейрамның әр сәті маңызды. Наурыз мерекесінің әр қадамында тағылым мен ізгілік, асыл қасиеттер жатыр. Таусылмас тарихы бар. Мереке қарсаңында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында драматург Сәнтөре Пірманның «Төрткүл ханзадасы» тарихи аңыз-ертегісінің премьерасы өтті.

Бұл қойылымның тарихы қандай? Әуелі осы жағына назар аудара кетсек. Біздің Әулиеата өңірі тарихи құндылықтарға өте бай. Тарихи орындарымыз да жеткілікті. Олардың бәрі жайлы аңыздар да жетерлік. Аталған театрдың директоры, Мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпековті осы мәселелер толғандырып, өзінің тарихи аңыздар негізінде ертегі жазу, жастар мен балалардың танымына жақын қойылым әзірлеу жөніндегі идеяларын бірқатар авторларға ұсынып жүріпті.

«Ақыртасты Ханның қызына салынып жатқан сарай екен деген де аңыз бар. Төрткүл жайлы да сондай тарихи деректер айтылады. Осы болжам-әпсаналар негізінде бір туынды жазылатын уақыт жетті», дегенін де талай естідік. Міне, сол авторлардың арасынан Сәнтөре Пірман алғашқы болып қалам тербеп, аталған шығарманы жазып шықты.

Ертегінің оқиғасында Әулиеата жерінің ежелгі тарихи мекені Төрткүл керуен сарайына Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі қарсаңында ежелгі Жібек жолы ізімен келген үлкен керуен жайы шежіре, аңыз негізінде суреттеліп, көрсетіледі. Қоюшы-режиссері Анар Сағымбекова, қоюшы-суретші Әйгерім Амангелді, музыкамен көркемдеуші Ғани Біржан екенін айта кеткеніміз артық болмас.

Қойылымда негізінен театрдың жас актерлеріне мүмкіндік берілді. Басты кейіпкер Ханзада рөлінде артист Әнуар Уәлиханұлы, ханшайым Айсұлу рөлінде – актриса Аяна Өмірбек. Басты кейіпкерлерді екеуі де сәтті алып шықты деуге болады.

Сондай-ақ, Қара батыр рөлінде – артист Нұрсұлтан Маханов, Қыдыр ата (Жыл иесі) рөлінде – артист Абзал Дәулетбақов, Ұмай ана (құт иесі) рөлінде – актриса Жадыра Құлтаева. Ал, көктем хабаршысы (Наурызек) рөлінде актриса Ақнұр Елемесова, Күннің рөлін Индира Мұстафаева, Түннің рөлін Ризат Қылышбаева, Ақпан-Тоқпан рөлін Жандар Қырықбаев жоғары деңгейде орындап шықты.

Қойылымда Ханзада ел басқарудағы тапқырлық, ақыл-парасатымен ерекшеленсе, Айсұлу ханшайымның да ақылына көркі сай. Екеуінің бір-бірін табуы, махаббаттың тұтануы, бақытты өмірлерін бірге жалғауы нанымды шықты, сенімді баяндалды. Ертегіде Ұлы Жібек жолының ізімен жүрген ерте замандағы саяхатшы, саудагерлер, сол кездегі қағанның қағидалары, салт- дәстүрлер де сенімді суреттеледі. Қыдыр ата мен Ұмай ана даналықтың үлгісі ретінде жақсы әсер қалдырса, Күн мен Түннің тілдесуі де, Ақпан-Тоқпанның әрекеттері де ел назарын аударды. Жақсылықтың жаршысы Наурызектің аппақ пейілі де көпшіліктің көңілінен шықты.

Бұл қойылымның мақсаты – жастардың санасында тарихты жаңғырту, қазақы қасиетке толы мереке Наурыздың құндылықтарын таныту. Біз қойылымнан осындай ой түйдік. «Бұл ертегі көрермен жастар мен бүлдіршіндерді туған елді, Отанды, жерді сүюге тәрбиелейді. Оның ішінде әдет-ғұрып, дәстүрге деген жанашырлық та бар. Асқар Тоқпанов атындағы театр актерлері қойылымды сәтті алып шықты. Аталған театрдың басшылығына және актерлеріне шынайы алғысымды білдіремін», деді автор Сәнтөре Пірман.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support