- Advertisement -

Жас шахматшылар жарысқа түсті

159

- Advertisement -

Тараз қаласында оқушылар арасында шахматтан турнир ұйымдастырылды. KMF микроқаржы ұйымы мен «KMF-Демеу» қорының демеушілігімен өткен жас шахматшылардың жарысына 6-14 жас аралығындағы 400-ден аса оқушы қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында қатысушыларға сәттілік тілеген ұйымдастырушылар жеңімпаздар жас ерекшеліктеріне қарай 8 санат бойынша марапатталатынын айтты.

– Спорттың қай түрі де адамдардың салауатты өмір салтын сақтап, денсаулығын нығайтып, сапалы өмір сүруіне пайдалы екені белгілі. Ал, спорттың ішінде шахмат адамның ойлау қабілетін жақсартады. Әсіресе, бүгінгідей жаңашыл заманда жасөспірім балаларымыздың ойлау қабілетінің озық болғаны еліміздің болашағы үшін маңызды. Міне, сондықтан KMF микроқаржы ұйымы мен «KMF-Демеу» қоры балалар мен жасөспірімдердің игілігіне негізделген іс-шараларға, әлеуметтік жобаларға демеушілік жасап отырады. Өткен жылы Жаңатас, Қаратау қалаларында жастар арасында футболдан турнир өткізгенбіз. Әрине, мұнымен тоқтамаймыз, еліміздің ертеңі үшін өскелең балаларымыздың жан-жақты дамыған тұлға болып өсуіне қажетті істерді қолдауды жалғастыра беретін боламыз. Сәуір айында ауыл шаруашылығымен айналысатын өз клиенттеріміздің арасында үлкен агрофорум ұйымдастырғалы отырмыз. Бүгінгі турнирдің жеңімпаздарын ұлдарды 4 санат, қыздарды 4 санат бойынша марапаттап, спорт дүкенінен қалағанын алуға қаржылай сертификат сыйламақпыз,–деді KMF микроқаржы ұйымы Жамбыл облыстық филиалының директоры Құрманбек Бекмұрзаев.

КMF микроқаржы ұйымы – еліміздегі микроқаржы ұйымдары нарығының көшбасшысы, нарықта 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Республиканың ірі қалаларында филиалдары және 117 бөлімшесі бар. Олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан, 250 мыңнан аса клиенті бар.

– «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді халқымыздың даналық сөзінде. Баласының бойынан өнер- білімге деген қабілетін байқап, талантын ашып, дамыту үшін түрлі үйірмелерге жетектеп апарып, сол жолда шыңдалу үшін осындай жарыстарға қатыстырып жүрген ата-аналарға рақмет айтамыз. Сонымен қатар, шәкіртіне өнер үйретуде аянбай еңбектенетін ұстаздардың, жаттықтырушылардың еңбегі ерен. Үлкендердің үмітін ақтау үшін барын сала еңбектеніп, ізденіп, талантын толықтыра түсуге жаттығатын талапты балаларымызды қолдаудан біз де тыс қалмаймыз. Балалар – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңгі иелері. Бүгінгі турнир де баянды болашаққа бағытталған қадамның бірі. Жарысқа қатысушы барлық балаларға қызықты ойын, табысты еңбек тілеймін. Осы турнирге демеушілік көрсетіп отырған «KMF-Демеу» корпоративтік қоры бизнесті, әйелдер кәсіпкерлігі мен жастарды дамытуды, халықта кәсіпкерлік ой қалыптастыруды қолдау үшін қаржылық сауаттылық бойынша әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады, – деді «KMF-Демеу» корпоративтік қорының өкілі Мөлдір Мұратқызы.

Төрт жүзден аса талантты балалар қатысқан тартысты турнирге немересін алып келген Рысбала Сейдалиеваның да тілегі – балалардың озық ойлы болып өсуі, мемлекетіміздің өркендеуі.

– Немерем Әділет Жәмшид кішкене күнінен шахмат ойынына қызығады. Өзі «А статус» мектебінде 3-сыныпта оқиды. Мектепке бармай тұрып-ақ үйде шахмат ойнайтын. Арнайы үйірмеге әлі бере қойған жоқпыз. Дегенмен, осыған дейін қатысқан жарыстардан құр қол қайтқан емес, олжалаған жүлделері баршылық. Бүгінгі турнир де немерем үшін табысты болатынына сенемін. Жасыратыны жоқ, қазір балалардың бәрі ұялы телефонға, ғаламторға қатты беріліп кеткен. Телефонға шұқшиып, көзін де, денсаулығын да зақымдайды. Содан сақтандыру үшін сабағынан бос уақытында өзі қызығатын шахматпен шұғылдануына көңіл бөлеміз. Шахмат баланың ми жұмысын жақсартып, жылдам ойлана білуге жетелейді. Сонысымен де пайдалы, – дейді Рысбала әжей.

Ес білгелі шахмат ойнаумен айналысып келе жатқан балалардың  бірі Ернұр Мәліктай Тараз қаласындағы «Star 1» шахмат академиясында қосымша білім алады.

–Шахмат ойынына деген қызығушылығым біраз жетістіктерге қол жеткізді. Мектептегі сабағыма қосымша шахмат академиясына келгеніме де біраз жыл болды. Ойынның ұтымды тәсілдерін үйретіп, жарыстарға қатыстырып жүрген ұстазым Нұргүл Нұғымашқызына және осындай турнирлерді біз үшін ұйымдастырып жүрген демеушілерге және бүгінгі тартысты ойынымызға қолдау көрсеткен KMF микроқаржы ұйымы мен «KMF-Демеу» қорына барлық шахматсүйер оқушылардың атынан зор алғысымды айтамын. Шахмат тек үстелде отырып ойнайтын жай ғана ойын емес, ол мидың жаттыға отырып, дамуына үлкен септігін тигізеді. Осы ойынның шым-шытырық жолдарын үйренудің арқасында кез келген жағдайда тұйықтан тура жол табуға, қиындықтармен күресе білуге, жылдам ойланып, дұрыс шешім шығара білуге бейімделдім дей аламын. Яғни, шахмат шапшаң әрі нәтижелі ойлана білу қабілетімді жақсартуға жол ашты. Негізі, бұл ойынның адамға берер пайдасы көп, – дейді Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Ернұр Мәліктай.

Айта кетейік, 14 наурызда басталған шахмат турнирі 17 наурызға дейін жалғасады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support