- Advertisement -

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған…

284

- Advertisement -

Ежелгі замандардан бері дана халқымыз отбасын Отан тәрізді ұлы құндылықпен қатар қойып, әлеуметтік ұйысу мен ұрпақ жалғастырудың ұлағатты ұясына балаған. Сол себептен халқымыз үшін шаңырақ қай кезде де киелі ұғым, қастерлі түсінік саналған. Бүгінде әлемдік деңгейде отбасының әлеуметтік-мәдени феномен ретіндегі мәнінің басқаша сипат ала бастауы, Қазақстандық отбасының дүниетанымдық таңдауларының өзгеріске ұшырауы біздің қоғамды да алаңдататын құбылыстар.

Өйткені, отбасы – өз халқыңа, оның мәдениеті мен тұрмысына деген сүйіспеншіліктің сарқылмас қайнар көзі.

Отбасы – ата-аналар, балалар мен немерелер бақытының призмасы арқылы өтетін патриотизм мен Отанның өркендеуіне деген мәңгілік қамқорлықтың қайнар көзі, ұрпақтардың ғасырлық өзара байланысы. Жоғарыдағы мәселелерді ескере отырып, орталық халықтың жекелеген осал топтары мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық тәуелсіздігін нығайту және азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуға деген жеке ынтасын арттыруды көздейді. Қиын жағдайға тап болған әрбір отбасыға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек, сонымен қатар, отбасы институтының дамуына жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Сол себептен ұлтымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын олардың бойына сіңіріп өсіру, мейірімділікке, сый-құрмет көрсетуге тәрбиелеу, ұлтқа тән жақсы қасиеттерді қалыптастыру – басты мақсатымыз.

2021 жылдың 11 қазан күні ашылған «Анаға тағзым» коммуналдық мемлекеттік мекемесі әйел- аналарға, қыз балаларына рухани-адамгершілік тәрбие беру, отбасылық құндылықтар мен міндеттерге үйрету, қазақ әйелінің озық образын қалыптастыру үшін 17 бағыт бойынша қызмет көрсетіп келеді. 2022 жылы орталықта рухани- адамгершілік тәрбие беру және әлеуметтік дағдыларды дамыту мақсатында 200-ге жуық іс-шара өткізіліп, осы іс-шараларға қатысқан адам саны 7000-нан асты.

Өткізілген іс-шаралар 2022 жылға арналған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасын жүзеге асыру бойынша жол картасының бағыттарына сәйкес отбасы институтының және отбасы құндылықтарының маңыздылығын, сондай-ақ жастар мен болашақ ұрпақты рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиелеуде ата-ананың, әйелдер мен аналардың қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында іске асты.

Жаңа 2023 жылдың басы да орталық үшін жағымды жаңалығымен басталды. «Мәдениетті ұлт – мәдениетті ана» жобасының өңірлерде жүзеге асырылуын саралап жүрген ҚХА жанындағы Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, Президент жанындағы әйелдері ісі және отбасылық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Нәзипа Шанаи Жамбыл облысына іссапары барысында орталық жұмысымен танысты. «Мирас» ата-дәстүр экспозициялық залында ұлттық қолөнер бұйымдарынан ұйымдастырылған көрмені тамашалап, қазақы нақыштағы қуыршақтар жасау бойынша қолөнершілер Р.Иманали мен Г.Абдуллаеваның «Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиясының қатысушыларына өткізген шеберлік сағатына қатысты.

«Береке» аспаздық студиясында бастау алған «Ана көрген» бейнежобасының тұсаукесеріне куә болды. Одан соң, «Шолпы» сұлулық студиясында «Тырнақ әрлеу шебері» мен «Бет әрлеу» курсының қатысушыларымен сұхбаттасқан төрайым әйел-аналардың ұсыныстарын тыңдады. Курс қатысушысы Гүлбарам Эгембердиева осы орталықта оқып, өзін жан-жақты дамытып жатқанын естіген алыс ауылдардағы құрбыларының аудандарда да орталық филиалдарының ашылғанын қалайтындықтарын айтты.

Сондай-ақ, Нәзипа Шанаи басқа да үйірме жұмыстарының бағыт- бағдарымен танысып, үйірме жетекшілері мен қатысушыларының ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. «Жан дауа» психология кабинеті мен «Сырғалым» сырласу клубының жұмысын көрді.

Сонымен қатар, Нәзипа Шанаи «Алқа» мәжіліс залында бақытты отбасының тұтқасы болған әйел-аналармен кездесу өткізді. Орталық өнерпаздарының дайындаған өнерлерін тамашалап, рухани олқылықтардың орнын толтыратын нақ осындай орталықтардың керек екенін тілге тиек етті. Нәзипа Ыдырысқызының: «Анаға тағзым» орталығының ашылу сәтіне куә болған кездегі жоспарланған мақсат-міндеттерді артығымен орындап жатқандарыңызды көріп, қуанып тұрмын. Жүрген жерімде сіздердің жұмыстарыңызды айта жүретін боламын», – деген пікірі орталық жұмысына берілген үлкен баға болды.

Әженің ертегісі – қазақ халқында ежелден келе жатқан дәстүр. Дәстүр сабақтастығын жалғастыру мақсатында 2022 жылдың аяғында «Анаға тағзым» орталығының бастамасымен облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Аналар алқасының» қолдауымен жүзеге асырылған «Әжемнің ертегісі» жобасы жалғасын тауып, облыстың барлық елді мекендерінде сәтті жүзеге асырылуда. Балаларды рухани құндылықтарға, қазақы дәстүрге, отансүйгіштікке, адалдыққа, ұқыптылыққа, тәртіпке, жалпы жақсы қасиеттерге баулу мақсатында Байзақ аудандық Аналар алқасының мүшелері Шәмшия Жұмабаева, Шырын Жанұзақова, Шырын Қапарова және Айкенже Жүгінісқызы аудандағы Бәйтерек, Базарбай, Сарыкемер ауылындағы балабақша бүлдіршіндеріне ертегі айтып, аңыз әңгімелер оқып берді. Тараз қаласы ардагерлер кеңесінің жанындағы Аналар алқасының мүшесі Нұржамал Пірәлиева қаладағы «Ер Төстік» балабақшасына барып, балақайларды қазақ ертегілері мен аңыз- әңгімелерімен таныстырды.

Жуалы ауданы, Қарасаз ауылының ардақты аналары «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында А.Пушкин атындағы мектептің «мектепалды даярлық» тобына барып, бүлдіршіндерге ертегі айтып берді. Мойынқұм аудандық Аналар қауымдастығының мүшесі Меруерт Сұлтанова «Құлыншақ» балабақшасына барып, «Астана» тобының бүлдіршіндеріне «Ұсқынсыз үйрек» ертегісін оқып, «Құлпынай» тобындағы балақайларға «Кішкентай маймыл» ертегісін айтып берді. Ал, «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушілеріне «Қошқар мен теке» ертегісін айтып, артынан бәрі бірге осы ертегілердің желісімен түсірілген мультфильмді көрді. Байзақ ауданы, Түймекент ауылы «Орынкүл» балабақшасында Күміскүл, Әсемкүл, Әлимә әжелеріміз бүлдіршіндерге ертегі айтып қайтты.

«Әжемнің ертегісі» жобасын Жуалы ауданы, Ақтөбе ауылының ардақты аналары да жалғады. Ауылдық клуб мамандары мен клуб жанынан құрылған «Ақ әжелер» әуесқой клубының ұйымдастыруымен бір топ әжелер қауымы «Балбөбек» балабақшасына барып, «Патша мен сарғалдақ» және тағы басқа көптеген ертегілер айтып берді. «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында Т.Рысқұлов ауданы, Қызыларық ауылының ардақты аналары балабақшаға барып, бүлдіршіндерге «Жеті лақ» ертегісін айтып берді. Қордай ауданының ардақты аналары да «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне барып, балдырғандарды ертегімен сусындатып жүр. Маржан әжей «Алтын сақа» балабақшасына барып, ертегі айтып қайтты. Әжейдің айтқан өсиеттері мен оқыған ертегілерін балақайлар ұйып тыңдады. Ертегі айту үрдісі ауданда жалғаса бермек.

Ата-аналардың көбінің баламен бірге отыруға және кітап оқуға мүмкіндіктері бола бермейді. «Әжемнің ертегісі» жобасы – осы олқылықтардың орнын толтыруда. Жоба жалғасын таба бермек, аналар қауымы әлі көптеген балабақшаларға баруды жоспарлап отыр.

Орталық 2023 жылы «Береке» аспаздық студиясында айына бір рет түсірілетін «Ана көрген» жобасын қолға алды. Жоба аясында анасы мен қызы бірге ас әзірлей отырып, отбасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Жобаның алғашқы қонағы – көпбалалы ана, журналист Қымбат Қаржауқызы болды. Қымбат ханым бүгінде 5 қызды үкілеп өсіріп отырған аяулы ана. Аяулы анамыз жобаға ересек 4 қызымен қатысып, үйірме қатысушыларына қамыр илеп, жаюды көрсетті. Ал, қыздары аналарынан үйренген «Чизкейк» және «Панкейк» тәттілерін пісірді.

Жобаның келесі қонағы – кондитер Гүлімхан Қолхаева 15 жасар қызы Әйгерім екеуі қатысып, үйірме қатысушыларына шырынды бәліштің (сочник) дайындалу жолын үйретіп, шеберлік сағатын өткізді. Сонымен қатар, үйірме қатысушыларына түрлі тәтті-дәмділердің пісіру техникасынан бөлек, қыз баласының өміріне қажетті тазалық, ұқыптылық жөнінде де кеңестермен бөлісті. Ас әзірлеу барысында бірінші кезекте ескеру керек дүниелерді де айтты.

Сонымен қатар, орталық жұмыссыз қыз- келіншектер мен көпбалалы аналарды қолдау мақсатында тігін, аспаздық, кондитер, бет әрлеу және тырнақ әрлеу бойынша тегін курстарды да ұйымдастырады. Курс жекелеген санаттағы әйел-аналар Қазақстан халқының мәдени дәстүрі мен қолөнерін жаңғыртуға және әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 47 әйел-ана осы курстарды бітіріп, сертификат алды, атап айтсақ: тігін курсына қатысқан 7 қыз-келіншек, «Тырнақ әрлеу шебері» қысқа мерзімді оқыту курсының 5 кезеңін аяқтаған 10 қыз-келіншек, «Бет әрлеу шебері» курсын бітірген 10 бітіруші, 10 қыз-келіншек қысқа мерзімді кондитерлік курсын тәмамдап, құжаттарын қолдарына алса, аспаздық курсын бітірген 10 ана сертификаттарын иеленді.

Аталмыш курстарды бітірген және курс барысында үйренгендерін іс жүзінде жүзеге асыруға ниеттенген бітірушілер қазірдің өзінде үйлерінен тапсырыстар қабылдап, өз істерін дөңгелетіп отыр. Баян-Сұлу есімді бітіруші «Тәтті Баян» атауымен кондитерлік өнімдерді нарыққа шығаруды, Әйгерім Омарова кәсібінің атауын «Береке» деп алып, жаңа іс бастағалы отыр, енді бірі кафетерий, өз сұлулық салондарын ашқысы келеді екен.

«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай биыл екінші рет «Анаға сәлем» мәнерлеп оқу байқауы өткізілді. Жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың нығаюына үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған байқауға жалпы саны 28 қатысушы өтінім білдірді. Байқау онлайн форматта жүзеге асып, 18 бен 29 жас аралығындағы жастар өзара бақ сынасты. Байқауға қатысушылар ана туралы өлең оқып, жолдаған бейнероликтері «Анаға тағзым» орталығының Instagram және Facebook парақшаларында жарияланды.

Әділқазылар алқасының шешімімен, «Анаға сәлем» мәнерлеп оқу байқауының жеңімпазы және І-дәрежелі дипломды Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Ерасыл Жетпісбаев иеленді. ІІ-дәрежелі дипломмен «Jambyl» телеарнасының редакторы Ардақ Сапибулла мен «Taraz 24» телеарнасының тілшісі Нұрғиса Зұлпықаров марапатталды. ІІІ-дәрежелі диплом ТарӨУ-нің студенті Жасмин Камал, Қордай аудандық «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Хурлиман Қосыбаева және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Әкімжан Қуанышбекұлына бұйырды.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов «Анаға тағзым» орталығында түрлі салада өңірдің дамуына үлес қосып жүрген нәзікжандылармен кездесті және орталық жұмысымен танысты. Жиынға қатысушылар ұлттық салт-дәстүрдің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі, білім мен денсаулық сақтау саласын дамыту, ұрпақтар сабақтастығы, неке және отбасы институтын қорғау мен нығайту мәселелеріне тоқталды.

Бүгінгі күні орталық әйелдер мен аналардың қоғамдағы рөлін арттыру, отбасы институтының және отбасы құндылықтарының маңыздылығын, сондай-ақ жастар мен болашақ ұрпақты рухани- адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу және аналардың дүниетанымын кеңейту мақсатында «Іскер әйелдер қауымдастығы», «Жер ана» фермерлер одағы» корпоративтік қорымен, «Қазақстан халқы ассамблеясы Жамбыл облыстық Аналар кеңесі», «Облыстық ардагерлер кеңесінің Аналар алқасы», Жамбыл облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Абай атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі», «Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы», «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге әлеуметтік көмек көрсету орталығы», «Қазақ аналары: дәстүрге жол» ҚБ, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі облыстық филиалдарымен өзара әлеуметтік серіктестік меморандум аясында бірлесіп жұмыс атқарып келеді.

«Отбасы – шағын мемлекет» дейміз. Ынтымағы жарасқан, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ – мемлекетіміздің құт берекесі. Әлемнің жарығын сыйлаушы әйел-ана отбасы жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі, болашақ азаматтарды тәрбиелеуші. Әрбір үйде мейірім мен мерейдің, достық пен туыстықтың туын тіккен аналарымыз барлық сый-құрметке лайық!

 

Эльмира МЫРЗА-ҒАЛИ,

«Анаға тағзым» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support